Қоғамның әлеуметтік гүлденуіне ықпал ететін ғылыми-техникалық прогресс, өндіргіш күштердің бұрын-соңды болмаған ауқымда дамуы адамның табиғатқа араласуын күшейте түседі. Соңғы онжылдықтарда өндіріс пен ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына, қалалардың жедел бой көтеруіне байланысты табиғи кешендердің өзгеруі өсімдіктер мен жануарлар әлемінің азаюына, олардың өспей кеміп кетуіне әкеліп соқтыруда.

Жаңа елді мекендер мен қалалардың мұнай мен газ өткізу жолдарының, электр тасымалдау жолдарының, автомагистральдар мен теміржолдардың тез қарқынмен салынып, бой көтеруі, өзендер ағысын артық реттеу, тың және тыңайған жерлерді игеру табиғи шөптесін өңірдің азая түсуіне жол ашты. Осының барлығы ең соңында биологиялық түрлердің жоғалуына әкеледі. Сондықтан дәл қазір табиғатты қорғау қажеттілігі ерекше шиеленісе түседі.

Қазақстанның оңтүстік шекарасын солтүстіктен бөліп, 1800 шақырымға созылып жатқан аймағын орманды даланың, жазықтардың, шөл және шөлейт жерлердің алып жатқаны, Республикамыздың батысында Каспий теңізінің, шығысында Алтай жоталарының, оңтүстігінде Тянь-Шаньның биік шыңдарының орналасқаны мәлім. Қасиетті қазақтың осынау дарқан даласы мен орман, тоғайында 6 мыңнан астам өсімдік, 500 түрлі құс, 178 түрлі аң, 49 түрлі бауырымен жорғалаушылар, 12 түрлі қос мекенділер болса, өзендер мен көлдерде балықтың 114 түрі бар. 1

  1. Қазақстан флорасының әртүрлілігі.
  • Қазақстан өсімдіктері жамылғысының қалыптасуы.

Қазақстан өсімдіктері жамылғысының қалыптаса бастауы аумағының негізгі бөлігін су басып жатқан кезден, бор дәуірінің аяғы мен палеоген дәуірінің бас кезінен басталады. Палеогенде бүкіл Тұран ойпатын теңіз басып жатқан. Ол Торғай бұғазы арқылы Батыс Сібір теңізімен жалғасқан. Теңіз Қазақстанға қараған құрлықты екіге бөлген. Торғай бұғазынан шығыста Алтай, Сарыарқа аймақтарында, негізінен жалпақ жапырақтылары мен мәңгі жасыл қылқан жапырақты өсімдік түрлері тараған. Ал Торғай бұғазынан батысқа қарай (Мұғалжар, Жалпы Сырт, Жем үстірті) мәңгі жасыл субтропиктік түрлер дамыған. Теңіздің шегініп, құрлық көлемінің ұлғаюы арта бастаған кезден бастап, Иран арқылы Африка флорасы кірген. Олардың ішінде эфемерлі өсімдіктер, жоңышқа, қараған бұталары мен ағаштардың кейбір түрлері болған. Дәуірдің алғашқы жартысында жазық ойпаңдарды теңіз басып жатқан тұста, оның жағалауындағы қыраттар мен тауларға субтропиктік жалпақ жапырақты ормандар тараған. Палеоген дәуірінің екінші жартысында, теңіз суы тартылып, құрғап, орнына осы күнгі ірілі – ұсақты көлдер пайда болған.

Неоген дәуірінде климат суып, таулы аудандарды мұз басқан кезде жылу сүйгіш өсімдіктер жойылып кетіп, қазіргі орман типтері қалыптасқан, грек жаңғағы, өрік, алма сияқты өсімдіктер сақталып калған. Сібір жақтан ауысып, арктикалық, альпілік өсімдіктер тараған. Қазақстанның осы күнгі өсімдіктер жамылғысы осылай біртіндеп ұзақ кезеңді басынан өткізіп қалыптасқан. Қазіргі өсімдіктердің қалыптасуына жергілікті өсімдіктер мен қоса сырттан келген түрлер де едәуір әсер еткен.

Қазіргі Қазақстанның өсімдік жамылғысы 6000-дай өсімдік түрлерінен, 5000-ға жуық саңырауқұлақтар, 485 қыналар 2000 астам балдырлар, 500 жақын мүктәрізділерден  тұрады. Жоғары өсімдіктердің құрамында дәрілік, азықтық, техникалық, тағамдық, әсемдік, ағаштық-бұталық өсімдіктер бар.Басқа көрші елдермен (Ресей, Орта Азия, Кавказ) салыстырғанда бұл онша көп емес. Оған Қазақстан жерінде шөлді, шөлейтті аймақтардың көптігі, топырақ пен климат әсер етеді. Екіншіден, Қазақстанның едәуір бөлігі геологиялық тарихы жағынан жас. Каспий маңы ойпаты мен Тұран ойпаты теңіз астынан неоген дәуірінде ғана босаған. Үстірт пен Бетпакдаланың босауы одан сәл ғана ертерек. Сол себептен бұл өлкелердің өсімдік жамылғысы әлі толық қалыптасып үлгірмеген. 2

Қазақстан жерінде өсімдіктер мен жануарлардың таралуы, түрлер мен эндемиктердің топтасуы, табиғи аймақтар мен таулық белдеулерде әр түрлі. Республиканың осыншама бай түрлердің биологиялық, экологиялық, эволюциялық ерекшеліктеріне байланысты әр түрлі бірлестіктер мен қауымдастықтарда жүйеленген.

  • Таулы аймақ өсімдіктері

Өсімдігі жағынан бай өлке Қазақстанның таулы аймақтары болып саналады. Әсіресе, Батыс Тянь-Шаньда Орта Азия мен Жерорта теңізінің бай флорасы сақталған. Онда палеоген дәуірінен қалған грек жаңғағы, платан, бадам, түркістан үйеңкісі, алмұрт және т.б. түрлері кездеседі. Сырдария – Қаратау флорасы бұдан да бай. Онда 1000-нан асатын өсімдік түрі, оның 150 түрі тек осы ауданға ғана тән, басқа жерде ұшыраспайтын өсімдіктер. Тянь-Шаньның, Алтайдың, Жетісу Алатауының тау беткейлерінде қылқан жапырақты ормандар таралған. Оларда шыршалардан май қарағай, бал қарағай, самырсын түрлері өседі. Биік таулы белдеу шымды-шалғынды, бұталы шалғынды болып келеді. Тау алды мен аласа таулы белдеулерде дала зонасына тән өсімдіктер өседі. Алтайдың таулы даласында долана, бөріжидек бұталары мол. Жетісу Алатауы мен Тянь-Шань тау жүйесінің тау алды жазықтары шөлге ұқсайды. Оларда эфемерлер мен эфемер тәріздес өсімдіктер (қиякөлең, қоңырбас, көкнәр, қызғалдақ және т.б.) кең тараған. Аласа таулы белдеулер теректі, қайыңды, жабайы ағашты, алма, өрікті ормандардан тұрады. Ал Шығыс Қазақстанның таулы беткей флорасында бағалы дәрілік шөптер көп, эндемик-өсімдіктер шағын аумақтарда өседі және әлемнің басқа түпкірінде кездеспейді. Олардың көпшілігі Қызыл Кітапқа енгізілген.

Сиверс алмасы – раушангүлдер тұқымдасына жататын, саны қысқарып бара жатқан түр. Қазақстанның оңтүстігімен оңтүстік-шығысындағы тау сілемдерінде кездеседі. Жапырақты, сирек қылқан жапырақты ормандарда, тау өзені сайларында, тау баурайларында өседі. Жиі шағын, дерлік иін тірескен тұтас тоғайлар, көбіне жекелеген далалар мен жеке топтар болып кездеседі. Бағалы тағамдық ағаш, тау беткейлерін бекітуші, көптеген мәдени сорттың жабайы туысы. Жақсы бал жинаушы, тығыз өскен алма ағаштары 1 гектардан 25-40 кг бал береді. Түр пішінінің алуан түрлілігімен, әсіресе мөлшерімен, түсімен және жемістің дәмәмен ерекшеленеді. Соңғы жарты ғасырда ауыл шаруашылығы дақылдары мен саяжай құрылыстары әсерінен алма бақтарының көлемі қатты қысқарды. Түр малды шектен тыс жою мен өрттерден де зардап шегіп отыр. Популяцияның біразы Алматы, Ақсу-Жабағылы, Қаратау қорықтарында, Тянь-Шань мен Тарбағатайдың бірнеше қорықшыларында, сонымен қатар Іле-Алатау ұлттық паркінде қорғалады. 3

Сібір балқарағайы (Lárix sіbіrіca) – Оңтүстік Алтай мен Сауыр орманының негізін құраушы. Басқа қылқан жапырақтылардан айырмашылығы мәңгі жасыл емес және қылқаны түсіп қалады. Қыркүйек-қазанда пісіп, ашық күрең қоңыр және ашық сары түске өзгереді. Балқарағайдың тіршілік ету мүмкіндігі 500 жыл. Топырақ түріне, ауаның газбен ластануына, ыстануына аса мән бермейтіндіктен, қаланы көгалдандыруда өте жоғары бағаланады.

Жоңғар аюқұлағы Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы, Тарбағатай және Алтай тауларында өсетін екі жылдық өсімдік. Тегіс түктері ақшыл түс береді. Гүлдері 3-6-дан, бір-біріне жақын шоқтарға орныққан. Аюқұлақ мамыр-маусымда гүлдейді, ұсақ тұқымдары маусымның аяғынан тамызға дейін пісіп, жетіледі, гүлдері халық медицинасында жүрек, буын ауруларын емдеуге, жапырағынан алынатын шырыны мен ұнтағы жараны және ісікті емдеу үшін колданылады. Тамыры мен гүлдерінен жүнді бояу үшін түрлі бояулар алынады. Кейбір жерлерде зиянды жәндіктерді жою үшін пайдаланады. 4

  • Жайылымдық өсімдіктер

Ұлы дала алқабында алуан түрлі өсімдіктер кездеседі. Жайылымдық өсімдіктердің аттарын, табиғи қасиеттерін жете білу – мал шаруашылығында түрлі қызметтер атқаратын, ондағы игілік көздерін шығарумен шұғылданатын адамдар үшін аса қажет ұғым. Өйткені аграрлық сектор үшін өсімдік саласы шешуші дәрежеде қызмет атқарады. Өсімдіктердің қалыптасқан атаулары олардың шығатын мекенін, тұқым шашатын кезеңін, малазықтық қасиеті мен түр-түсін белгілейді. Бұл аймақ өсімдіктері еліміздің жер аумағының 28%-ын алып жатыр. Аумақ 110,2 млн. га, батыстан (Еділ-Жайық өзендері аралығынан) шығысқа қарай (Алтай-Тарбағатай тау бөктеріне дейін) 2500 км-ге созылып жатыр. Далалық флораның құрамында 2000-нан астам түр бар деп шамаланады. Оның 200 түрі – эндемиктер.

Жайылымдық аймақ өсімдіктері 3 белдемге бөлінеді:

  • қоңыржай-құрғақ және құрғақ дала; кәдімгі және оңт. қара топырақтағы алуан түрлі шөптесін – бозды белдем;
  • қоңыржай-құрғақ және жылы-құрғақ белдем–күңгірт қара-қоңыр және қара-қоңыр топырақтардағы бетегелі-бозды дала;
  • шөлейтқұрғақ, қоңыржай ыстық белдем – ашық қара қоңыр топырақтағы жусанды-бозды дала. 5

       Ақ селеу (Arіstіda pennata) – селеу туысына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанның барлық облысында кездеседі. Ақ селеу құмды жерлерде, орманды алқаптардағы қара топырақты аудандарда жақсы өседі. Мамыр – маусым айларында гүлдейді. Ақ сеуел масақтанғанға дейін жақсы мал азығы. Тамыры сапалы щетка жасауға пайдаланылады.

Қызғалдақ – лалагүлдер тұқымдасына жататын көпжылдық шөптесін пиязшықты өсімдік. Қазақстанның далалық аймақтарында жиі кездеседі, 32 түрі бар, оның 11 түрі – Қазақстанның эндемигі болып саналады. Қызғалдақтың өте сирек кездесетін 13 түрі (Альберт қызғалдағы, Борщов қызғалдағы, Грейг қызғалдағы, Кауфман қызғалдағы, Шренк қызғалдағы, т.б.) қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.

Қызғалдақ – пиязшықтардың ішіндегі табиғатта да кең таралған, көгалдандыруда да жиі пайдаланылатын өсімдік. Ерекше әсем көркімен дараланатын гүл болғандықтан, оны білмейтін адам кемде-кем. Осы себепті де Қазақстан – қызғалдақтың отаны болып саналады. 6

Қотыр қайын немесе Сүйелді қайын (лат. Bétula péndula) – қайың тұқымдасына жататын ағаш. Қайындар тұқымдасы Қазақстанның Тобыл, Есіл, Ертіс бойында, Ақмола, Ақтөбе облыстарында, Жем, Зайсан жерінде, Жетісу(Жоңғар), Іле Алатауларында 15 түрі өседі. Қайынның қолданылуы:

  • Қайыңның бүршігі мен жапырағында, гүлі мен діңінің қабығында және ағашы мен шырынында емдік қасиеттер бар. Оның бүршіктері мен жапырақтарының құрамында эфир майы, қара май, флавоноидтар, сапониндер мен С дәрумені бар.
  • Медицинада бүршігі мен жапырағын бүйрек ауруларына қарсы ем ретінде қолданады.
  • Қайың ағашының бұтағы мен діңі берік, әрі шымыр. Жанғыштық қасиеті жоғары болғандықтан, отын ретінде пайдаланады. Сүрегі құрылыста және жиһаз жасау үшін, жас жапырағы мен бүрі және оның діңінде өсетін қайың қара саңырауқұлағы (чага) медицинада және парфюмерияда пайдаланылады.
  • Қайың қабығын тіліп, одан ағатын шырынды ішуге болады. Қайың шырынында 20%-дайқант, кальций оксиді және хош иісті заттар бар. Оны несеп жүргізетін, ішек құртын түсіретін, қан тазартатын дәрі ретінде пайдаланады.
  • Сүйелді қайыңды егіс қорғайтын орман алқабы үшін отырғызады.

 

  • Шөл зонасында кездесетін өсімдіктер

Шөл зонасы Каспий теңізі жағалауынан Тарбағатай тауының етегіне дейін созылады. Шөл зонасының жалпы көлемі 120 млн га, республика аумағының 44%-ына жуығын алады. Бұл зонада негізінен құмды және сазды шөлдер кең тараған. Тасты шөлдер Қазақстанға тән емес, бұлар тек шағын үлескілерде кездеседі. Шөлдің климаты тым континентті және аса құрғақ. Қазақстан шөлдерінде аты айтып тұрғандай ыстыққа, құрғақшылыққа өте төзімді өсімдіктер өседі. Өзен аңғарларында өсетін ерекше өсімдіктер бар. Мұнда әр түрлі өсімдіктерден құралған қалың бұталар өседі. Оны тоғай деп атайды. Тоғай әсіресе Сырдария, Шу мен Іле және т.б. өзендердің аңғарларына тән. Суға жақын жердегі тоғайларда қамыс, қоға кездеседі. Өзен арнасынан қашығырақта биік бұталар – шеңгел, тал, тікенекті жиде, шырғанақ, арнаның құрғақ жерлерінде жыңғыл өседі. Жыңғылдың жапырақтары қызғылт, гүлі ақ болады. Жантақ және басқа тамыры ұзын, тереңге кететін өсімдіктер де бар. 7

Шөлді аймақ 5 белдемге ажыратылады:

  • Солтүстік далалы жердегі құрғақ, қоңыржай-ыстық шөлдер – аумағы 40 млн. га, немесе еліміздің жер аумағының 14,7%-ы. Өсімдікжамылғысы астық-тұқымдасты.
  • Орталық (солтүстік тұрандық) өте құрғақ, ыстық шөлдер – аумағы 51,2 млн. га, немесе республика жерінің 18,9%-ын алып жатыр. Бұл жерлерде жартылай бұталы (жусанды, бұйырғынды, изенді), сексеуілді, бұталы өсімдік жамылғысы дамыған;
  • Оңтүстіктегі өте құрғақ, ыстық шөлдер – аумағы 30,3 млн. га, немесе Қазақстанның 11,1%-ын алып жатыр. Бұл жерлерге эфемероидты – жартылай бұталы (сұр-жусанды, эфемерлі), бұталы-сексеуілді-эфемероидты (сексеуіл-қоянжын-жүзгінді) өсімдік жамылғылары тән;
  • Тауетегіндегі құрғақ, өте ыстық шөлдер – аумағы 3,2 млн. га немесе Қазақстанның 1,2%-ы. Негізінен эфемероидты ірі шөптесін-жартылай бұталы өсімдіктер өседі;
  • Тау етегіндегі өте құрғақ шөлдер – аумағы 11,6 млн. га, немесе республиканың 4,3%-ын алып жатыр. Эфермероидты-псаммофиттік бұталы өсімдік жамылғысы тән.

Ақ сексеуілдің ұшар басы ақшылдау болып келеді. Сексеуілдің ағашы өте мықты әрі ауыр болғандықтан, суға батып кетеді. Бұл таскөмір беретіндей жылу бөле алатын бағалы отын. Оның ұзын әрі кеңінен тармақталған тамырлары сусымалы құмды торлап алып, оның қозғалысын тежейді. Осы себепті сексеуіл құмды тоқтатуға таптырмайтын өсімдік болып табылады. Шөлге төзімді, жас өркендерін қыста қой, түйе жақсы жейді.

Адыраспан – өзіне тән өте күшті иісі бар көпжылдық өсімдік. Ақшыл сары немесе ақшыл түсті гүлі болады. Биіктігі 30-80 см аралығында, бірақ көбінде 30 см төңірегінде өседі. Тау беткейлерінде, жол бойында, жазық далаларда көктейді. Жаз-күз мезгілдерінде жемістейді. Қазақстанда оның үш түрі бар. Оңтүстік Еуропа, Батыс және Орталық Азия, Солтүстік Африка мен Мексикада 6 түрі кездеседі. Қазақстанның шөл-шөлейтті, сортаңды жерлерінде, әсіресе Шу, Іле, Сырдария, Сарысу өзендері бойындағы тақырланған жайылымдарда бір түрі – кәдімгі адыраспан өседі. Оның түтіні адамды тыныштандырады, денені босаңсытып, дезинфекциялайды. Мөлшеріне қарай адыраспан емдеп, уландыра алады. Уы сабы мен гүлінде. Өсімдік талай рет адам баласын обадан, жұқпалы аурулардан сақтап қалған. Мың жыл бұрын Ибн Сина өзінің Ережелерінде адыраспанның масайтатын қасиеті бар екенін жазған. Адыраспанның есірткіге тәуелділікке қарсы тұра алатын қабілеті бар. Сондықтан бұл өсімдік алкоголь мен никотинге тәуелділіктен емдеу үшін қолданылады. Мал-дәрігерлік тәжірибеде оның тұнбасымен малдың қышымасын емдейді.

  • Ормандар мен мәңгі жасыл өсімдіктер

Орманды далалық аймақ – республика жер аумағының 2,04%-ын алып жатыр, Көкшетау мен Петропавл қалаларының маңында орналасқан. Орман түзуші түрлер: жылауық қайың, талдың бірнеше түрлері, бұталардан: итмұрын, тобылғы, далалық шие, т.б. бар. Бұл аймақ 2 белдемге бөлінеді:

1) оңтүстік ылғалы аз қоңыржай жылы орманды дала белдемі – сұр ормандық топырақта қайыңды-теректі, теректі ормандар, ал қара топырақта шалғынды-далалық экожүйелер орналасқан;

2) қоңыржай құрғақ шоқталған орманды дала белдемі – қайыңды-теректі шоқ ормандар мен қара топырақтағы алуан-түрлі және астық тұқымдасты шөптесін өсімдікті далалық экожүйелер таралған.

Бұл аймақтағы өсімдік дүниесінің 303 түрі Қызыл кітапқа енген және оның сақталуына мемлекеттік қорықтар қамқорлық жасайды. Өйткені шөп қоры мал жайылымы есебінде бағалы, ал орман өндіріс үшін керекті материал болып саналады.
Қазақстан дүние жүзі бойынша орманы аз елдердің қатарына жатады. Бүкіл аумағының 11,4 млн гектар жерін (4,2%) ғана ормандар алып жатыр. Ол табиғатты тазартуда, топырақты эрозиядан сақтап, оның тамырын бекітуде, егіндік-шабындық жерлерді қорғау мен құм көшкіндерін бөгеуде аса маңызды рөл атқарады. Ауаны шаң-тозаңнан тазартып, аңызақ желден, құрғақшылықтан сақтауда да ормандар мен жасыл өсімдіктер пайдалы. 8

Далалық шие (лат. Prunus fruticosa) — раушангүлділер тұқымдас шие туысына жататын көп жылдық бұта. Қазақстанның орманды далалы аймақтары мен жалпақ жапырақты ағаш ормандарында, әсіресе, Тобыл, Есіл, Ертіс өзендерінің арнасы мен жағасында өседі. Сәуір-мамырда гүлдеп, шілдеде жемісі піседі. Жемісі жеуге жарамды, түрлі сусындар дайындауға пайдаланады. Бал арасы гүлінен бал жинайды.

Қарағай – еліміздің таулы аймақтарында бірнеше түрі кездесетін қылқанжапырақты мәңгіжасыл өсімдік. 500-600 жылға дейін өмір сүреді. Қылқанының түсі түріне қарай сары, көкшілдеу, жасыл және қою жасыл болады. Жер шарында жүзден аса түрі болса, оның жиырма шақты түрі көгалдандыруда қолданылады. Қазақстанда 2 түрі: кәдімгі қарағай және самырсын қарағайы бар. Бұлар республиканың солтүстік-шығыс, орталық бөліктеріндегі аралас ормандарда, басқа қылқан немесе жалпақ жапырақты ағаштар арасында өседі. Қарағайдың қылқанымен қоса, өте жиі орналасатын бүршіктері де өте әдемі. Осы бүршіктерін сәндік үшін теріп алып, қолөнер бұйымдарына қолданып жатады. Қарағайдың ағашы мықтылығымен және қаттылығымен ерекшеленеді. Оны кеме құрылысында, авиацияда, теміржолда және құрылыста кеңінен қолданады. Қарағайдың діңінде шайыр көп мөлшерде болады. Одан скипидар мен канифоль алынады. Канифольді сүргіт және лак дайындауда қолданады. Қарағайдың бүршіктері, эфир майы және шайыры бронхит, өкпе ауруларына қарсы пайдаланылады. Қылқанын С дәрумені жетіспегенде және алдын-алу үшін қолданады. Қарағайдың қара майын тері ауруларына жақпа май ретінде пайдаланады. 9

Итмұрын деп раушангүлдер тұқымдасына жататын жапырақ тастайтын бұта не шырмауық өсімдіктердің жемісін атайды.

Раушан туыстастарының жидегі жалған жеміс, құрылысы күрделі, күлте жапырақшаларының құмыра немесе бокал тәрізді болып, қабырғаларының ішкі жағында бекінген көптеген сарғыш жаңғақтар, қою да қаттылау түктермен бөлінген. Қазір жабайы раушандар сұрыптауда және мәдени раушандардың сапасын жақсартуда қолданады.

Итмүрынның ерекшелігі — бағалы дәрумендерге бай, жемісі және одан дайындалған дәрі-дәрмектер медицинада негізінен асқазанжәне бауыр ауруларын емдеуге қолданылады, гүлдерін шайдың орнына пайдалануға болады, күлтелерден дайындалған эфир майы — парфюмерия өндірісінде пайдаланылады.

Қорыта айтқанда, Қазақстанның табиғи флорасы – пайдалы өсімдіктердің қайнар көзі. Мұнда жем-шөптік өсімдіктердің 700-ден астам түрі, дәрілік өсімдіктердің 400-ге жуық, әсемдік-безендірушілік 700 – 800, эфир-майлық 450-ге жуық, улы-зиянды 250-ден астам өсімдіктер түрлері бар. Олардың адамзат тіршілігінде маңызын ата-бабаларымыз баяғы заманнан-ақ зерттеп, танып-біліп, оларға ат қойып, жеміс-жидектерін, дәндерін азыққа, жапырақ, сабақ, гүл, тамырларын дәрі-дәрмекке, тері илеуге, түрлі нәрселерді бояуға пайдаланған. Сондықтан айналадағы   ортаны   қорғау   мәселесі   мен экологиялық таза өнім алуды шешуге мүмкіндік беру жағын қамтамасыз етуіміз жөн. 10

  1. Қазақстан фаунасының әртүрлілігі
  • Қазақстан жануарлар дүниесінің дамуы

Жануарлар дүниесінің дамуы жағынан Қазақстан палеоарктикалық-зоогеографиялық облысқа кіреді. Ондағы жануарлар дүниесінің пайда болуы мен қалыптасуы өсімдік жамылғысының даму тарихымен ұқсас. Палеоген дәуірінде Қазақстанды тропиктік және субтропиктік жануарлар мекендеген. Олар Үндістан және Африка жануарларының түрлерімен ұқсас болған. Ал мұз басу дәуірінде жылы климатқа бейім жануарлардың кей түрлері қырылып, біразы жылы жаққа қоныс аударған. Олардың кейбір түрлері Қазақстанның оңтүстік-шығысындағы таулы аймақта (Жетісу Алатауы, Іле Алатауы, Ұзынқара (Кетпен) жотасы) сақталып қалып, мұз басу дәуірінен кейін қайтадан дамып өскен. Қарақұйрық, жолбарыс, қабан, марал, бұғы, аққұтан, қызылқұтан сияқты жануарлар түрлері осы топқа жатады.

Мұз басу дәуірінде Қазақстанға материктің солтүстігінен суыққа төзімді жануарлар ауысқан. Олардың кейбір түрлері таулы аудандарда әлі де сақталған. Оларға тундра кекілігі, жапалақ, т.б. жатады. Мұз дәуірінен кейін Қазақстанға Орталық Азияжануарлары мен құстары өткен. Оларға құр, тоқылдақ, самыр- құс, ор қоян жатады. Кейін олар дала және шөл зоналарына ауысқан.

Қазақстанның жануарлар дүниесі казір сүтқоректілердің 178, кұстардың 489, балықтың 104 және омыртқасыздардың 50 мыңнан астам түрлерінен тұрады. Таралуы жағынан олардың мекендері бірнеше зоогеографиялық аудандарға бөлінеді. Оларға дала және орманды дала (Солтүстік Қазақстан, Ертіс өзені бойы), шөлейт және шөл (Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалары, Жайық бойы, Торғай, Қызылкұм, Балқаш пен Зайсан көлінің жағасы, Бетпақдала, Сарысу, Сырдария жағалауы, Үстірт), таулы аудандар (Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань, Қаратау, Ұлытау, Қалба, Сарыарқа) жатады.11

  • Дала жануарлары

Қазақстанның солтүстігіндегi орманды дала белдемiнде бұлан, ақ қоян, сұр тышқан, су егеуқұйрығы, орман тышқаны, бұлдырық, ақ кекiлiк, көл айдындарын су құстары — аққу, қаз, үйрек, шағала, тарғақ, қасқалдақ мекендеген. Бұл жануарлары табиғаттың ерекшеліктеріне икемделіп, түсі де дала бояуына қарай өзгере дамыған. Ондай қасиеттер тышқандар мен сарышұнақтардың көптеген түрлеріне тән. Киік жиі ұшырасады. Дала құстарынан дуадақ, тырна, торғайдың әр түрі (қараторғай, бозторғай, шымшық) кездеседі. Едәуiр бөлiгiн Жайық өз-нiң аңғарындағы далалық белдемнiң батыс бөлiгiн бұлан, елiк жайлаған, мұнда еуропалық қара күзен, жұпартышқан, орман сусары да кездеседi. Бұдан 200 жыл бұрын түгелдей жойылуға жақын қалған құндыз қайта пайда бола бастады. Қосмекендiлерден Жайық өзен аңғарында тарбақа, орман бақасы, т.б. кездеседi. Мұнда бұлдырық, сұр кекiлiк, тырна, бозторғай көп. Өсiмдiк жамылғысы әркелкi шөлейт белдемде саршұнақтар мен қосаяқтың, құм тышқаны мен қоянның бiрнеше түрi кездеседi. Мұнда ақ бөкен де, сондай-ақ 20 ғ-дың 40 — 50 жылдарында қарақұйрық та көптеп кездесетiн.

Ақбөкен (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отрядының бөкендер туысына жататын, тұлғасы ірі, қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. Ақбөкеннің қазба қалдықтары плейстоцен қабатынан Батыс Англиядан Шығыс Аляскаға дейінгі аралықтан табылған. Ақбөкендер Моңғолияда, Қалмақ даласы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда Ақбөкендердің бір-бірінен жеке дара бөлінген Бетпақдала – Арыс, Үстірт және Еділ – Жайық деген топтары мекендейді. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олар өсімдіктердің 80-нен астам түрімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқыр, ал жас төлдеріне бүркіт, дала қыраны мен қарақұстар да шабуыл жасайды. Ақбөкен аусыл, пастереллез ауруларымен ауырады. Ақбөкен – дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін ауланатын кәсіптік маңызы бар жануар. Қазақстанда 1921 ж. Ақбөкенді аулауға тыйым салынған. 1957 – 58 ж. олардың жалпы саны 2 млн-нан асқаннан кейін, кәсіптік жолмен аулауға рұқсат берілді. Оның мүйізінен пантокрин дәрісі алынады, тұяғын күйдіріп, одан алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, сусамыр ауруына шалдыққандарды емдеу үшін пайдаланады. Ақбөкенді қазақ киелі жануар деп есептейді. Ел арасында оларды атқан адам бақытсыздыққа ұшырайды деген сенім бар. Ақбөкендердің басына қаншама зобалаң заман туғанмен, миллиондаған жылдар бойы тұқымын сақтап қала алды. Осының өзі ақбөкендердің өмірге өте бейімділігін, өсімталдығын аңғартады. Егер ақбөкендердің басқа түз тағыларынан ерекшеліктері болмаса, ежелгі мамонттармен бірге құрып кетер еді. 12

Дала қыраны (лат. Aquila nipalensis) – сұңқартәрізділер отрядының қырғилар тұқымдасына жататын жыртқыш құс. Қыранқараның негізгі қорегі – кемірушілер, саршұнақ, қоян, кейде құс балапаны, бауырымен жорғалаушылар. Қазақстанның Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында, Мұғалжарда, Шу-Іле тауында кездеседі. Қыранқара зиянды кемірушілерді жеп, өлекселерді жойып, пайда келтіреді. Саятшылар Қыранды баптап, аңға салады. Саны азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Жыртқыштармен күресу кампаниясынан кейін (50-60 жылдар) саны азайып кетті, екінші себеп – жоғарғы кернеулі электр таратү жүйелерінің сымдарында өлім-жітімге ұшырауы. Бұл қырандардың жердегі ұялары өте жеңіл бұзылады. Қыранды және олардың ұяларын қорғауды насихаттау, сонымен қатар электр жүйесін жеткізетін тіректерді тиімды қорғанышпен жабдықтау қажет.

  • Орманды дала жануарлары

Орманды даланың сүтқоректілері қатарына қоян, ақкіс, елік кіреді. Қасқыр мен түлкі мұнда да жиі кездеседі. Құстардан құр, шіл кең тараған, қайыңды ормандарды бөктергі, ителгі сияқты жыртқыш кұстар мекендейді. Ашық алаңдарда қарғаның түрлері, былдырықбар. Орман ішінде жылан аз кездеседі, кесірткенің біраз түрлері ұшырасады.

       Ителгі (лат. Falco cherrug) –  сұңқартәрізділер отрядына жататын ірі жыртқыш құс.  Әсіресе, Маңғыстау мен Сарыарқаның аласа таулы өңірлерінде көп ұшырасады. Баянауланың, Ерейментаудың, Қызыларайдың, Қарқаралының, Көкшетаудың қия тасты, қалың қарағайлы таулары ителгінің негізгі мекені болып табылады. Қазақстанда ителгінің 5 түр тармағы кездеседі. Олардың реңі таралған аймағына қарай әр түрлі болып келеді. Бәріне ортақ белгі – сырт жоны қоңырқай сұрғылт, бауыры – сарғылт теңбілді болады. Негізгі қорегі – құмтышқан, сарышұнақ, кіші құстар (торғай, кептер, түркептер, кекілік), сондай-ақ бауырымен жорғалаушыларды, ірі қоңыздарды, тіпті көкқасқа шегірткелерді де жей береді. Тамыз – қыркүйекте жылы жаққа ұша бастайды. Жергілікті құстар республиканың оңтүстігінде, ал көпшілігі Таяу және Орта Шығыс Азияда қыстайды. ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін Қазақстанда 2 – 3 мың бас ителгінің ұялағаны белгілі. Бірақ 1992 жылдан бастап, бұл құсты шет елге (әсіресе, араб елдеріне) сату науқанының кең етек алуына байланысты, саны күрт төмендеді. Алматыдағы “Сұңқар” біріккен кәсіпорнының құс питомнигі мен Алматы хайуанаттар саябағында қолда өсіріліп, 100-ден аса ителгі табиғатқа жіберілді (1990 – 1995). Қазақстанда ителгі Ақсу – Жабағылы, Наурызым, Үстірт қорықтары мен “Алтынемел” ұлттық табиғи саябағында қорғалады. ителгілердің жылдан жылға санының азаюына байланысты, қорғауға алынып, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген (1996). 13

  • Шөл даланың жануарлары

Шөл даланың жануарлары ыстыққа, шөлге шыдамды болуға бейімделген. Олардың біразы күндіз терең қазылған інде жатып, түнде жемін аулауға шығады. Шөл хайуандары жүйрік келеді, алыс жерлерден су ішіп қайтады, құстары да қонбай, алысқа самғап ұша алады. Көктемде, жаздың басында жерде ылғал бар кезде өмір сүріп, жазғы ыстықта ұйықтайтын да жануарлар бар. Сарышұнақ осылай тіршілік етеді. Олар маусым айынан бастап жазғы ұйқыға кетеді. Дала тасбақасы ұйқыны одан да ертерек бастайды.

Шөлдің де түрлері көп. Олар құмды, ұсақ тасты, тақырлы-сорлы болып келеді. Жануарлар да сол жерлердің табиғи ерекшеліктеріне қарай бейімделе дамыған. Құмды шөл далаларда әр түрлі бұталы өсімдіктердің, сексеуілдің, ақ гүлді қарағанның өсуіне байланысты, соларды қорек ететін хайуандар мекендейді. Ала жертесер, сарышұнақтың, құм тышқандарының кей түрлері, кірпі, құм қояны, кұстардан сексеуіл жорға торғайы кездеседі. Жылан, кесіртке сиякты жорғалаушылар шөлді далаларда көп. Құстар сексеуіл бұтақтарына ұя салады.
Сазды және қиыршық тасты шөл дала жануарларынан Қазақстаннан басқа жерде кездеспейтін ерекше тұқымдас өкілі – жалманды атап өткен жөн. Ол тек Бетпақдалада, Балқаш көлінің солтүстік жағалауындағы кейбір аудандарда, Алакөл және Зайсан қазаншұңқырында ғана бар. Түгі қалың, арқа жүні ақшыл сарғыш. Ін қазбайды, басқа кемірушілердің тастап кеткен інін пайдаланады. Негізінен ұсақ жәндіктермен (әсіресе шегірткемен), кейде өсімдікпен де қоректенеді. Жалман табиғатта өте сирек кездеседі. Оны алғаш тауып, сипаттаған В.А. Селевин (1938). Қазір Жалманның тек 40-тай дарабасы белгілі. Жалманның биологиясы жөнді толық зерттелмеген, санының жылдан-жылға азаюына байланысты қорғауға алынып, Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

Солүстік Балқаш маңындағы бірнеше жерден ғана тіршілік ететін бес башайлы ергежейлі қосаяқ та ерекше жануар. Мұнда құстан шіл, қылқұйрық, тырна, дуадақ кездеседі. Оңтүстік Балқаш құмында осы араға ғана тән сексеуіл жорға торғайы, шөл дала жапалағы тіршілік етеді. Құмайтты шөлде бірқатар кесіртке (жұмырбас, ешкіемер), жылан (оқ жылан, айдаһар, қара шұбар жылан, т.б.) түрлері, дала тасбақасы тараған. Республиканың қиыр оңтүстігіндегі кейбір жерлерде келес сақталып қалған. Өзен-көл аңғарларындағы орман-тоғайларда елік, жабайы шошқа, құм қояны, қырғауыл, т.б. кездеседі. Балқаш, Сасықкөл, т.б. көлдердің жағалауындағы қалың қамыс арасында бірқазан, жалбағай, ақ құтан, көк құтан, қарақаз, шағала бар. Алакөл айдынын өте сирек кездесетін, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген реликт шағала қоныстайды. Қазақстанның шығысы мен оңтүстігін қоршап жатқан таулардың жануарлар дүниесі де сан алуан. Қылқан жапырақты Алтай ормандарында бұлан, марал, құдыр, сібір таутекесі, арқар, алтай көртышқаны, қоңыр аю, бұлғын, құну, күзен, барыс, тиін, борша тышқан, алтай суыры, құр, шіл, т.б. кездеседі. 14

  • Таулы аймақ жануарлары

Қазақстанның таулы аймақтарының да өзіне тән жануарлары бар. Мұндай аймақтар қатарына Алтай, Жетісу Алатауы, Тянь-Шань және Сарыарқаның аласа таулары жатады. Оларды мекендейтін жануарлар типі де біркелкі емес. Негізінен, оларда солтүстіктен және оңтүстіктен, Жерорта теңізінен, Қытайдан ауып келген аңдар көбірек кездеседі. Таулы аудандардың жалпақ жапырақты, қылқан жапырақты ағаштарынан қорек алатын, грек жаңғағын шағатын, пісте, бадам жемістерін жейтін аңдар (тиін, орман тышқаны, саңырау құр, қарабауыр шіл, үкі, қаршыға, тоқылдақтың кей түрлері, т.б.) мол. Бұлардан басқа Алтайда қоңыр аю, тундра құры, may ұлары кездеседі. Жерорта теңізінен ауысып, Алтайға жетпей, Тянь-Шань, Тарбағатай (Барқытбел) шекарасынан өтпей қалған құстар қатарына гималай ұларын, байғызды атауға болады. Жетісу Алатауы, Күнгей Алатауы бойын бұғы, сілеусін, шиқылдақ торғай, шақылдақ тышқан, шымшық, Батыс Тянь-Шаньды ұзын құйрық тышқан, жайра, көк қарға, суықторғай, шыбыншы торғай, ақтамақ бұлбұл мекендейді. Бұлардан басқа Орталық Тянь-Шаньда алтай суыры, имектұмсық балықшы, қызыл мойын бұлбұл ұшырасады. Іле Алатауының төменгі шөлмен ұласып жатқан зонасынан бастап, суармалы егістігі бойында, одан жоғарғы альпі шалғынында, мәңгі қар жататын тау басында өсіп-өнген жануарлар түрінің де өзіндік ерекшеліктері бар. Алма, өрік, долана, шетен және т.б. бұталы жемістер алқабында кеміргіштер мен кұстардың ірі түрлері қоныстанған. Шыршалы ормандабұғы, сілеусін, елік, альпі шалғынында таутеке, барыс, арқар кездеседі. Құстардың да әр түрі ұшырасады.

Зайсан қазаншұңқырынан оңтүстікке қарай созылып жатқан тауларда (Сауыр, Тарбағатай, Жетісу (Жоңғар) Алатауы) марал, елік, арқар, сібір таутекесі, қоңыр аю, сілеусін, барыс, ұзынқұйрық саршұнақ мекендейді. Жетісу (Жоңғар), Іле Алатауы мен Талас Алатауында көкшіл суырдың орнына қызыл суыр және өте сирек кездесетін Мензбир суыры жерсіндіріле бастады. Қазақстанның оңтүстік-шығыс тауларында жыртқыш құстардан қозықұмай, тазқара, бүркіт тіршілік етеді.

Барыс (лат. Uncia) – Орталық Азиядағы тауларда, Солтүстік Үндістан, Пәкістан, Байкал, Тибет өңірлерін мекендейтін мысық. Тянь-Шань, Тарбағатай, Сауыр мен Алтайдың биік жоталарында таралған; таулардың альпі және субальпі белдеулерінде құзды, жартасты жерлерді мекендейді. Қазақстанда жалпы саны – 200 бастан аспайды; санының кемуінің негізгі себептері – қасақылық және негізгі қоректік объектілер (таутеке, арқар, елік) санының азаюы. 1976 және 1985 жылдары барыстар Алматы хайуанаттар бағында өсіп-өнген. Ақсу-Жабағылы, Алматы және Марқакөл қорықтарында және үш қорықшаларда қорғалады. Жоңғар қорығын ұйымдастырып, қазіргі бар қорықшаларда қорғау жұмыстарын жақсарту қажет. Көп түркі және көшпенді елдер үшін, барыс ұлттық таңба. Аулауға тыйым салынған, санының азайып кетуіне байланысты халықаралық және ұлттық «Қызыл кітапқа» (1996) енгізілген. 15

Қазақстанның жануарлар дүниесін қорғау, олардың адам өміріне, халық шаруашылығына келтіретін зиянына қарсы күресу – мемлекеттік шара болып табылады. Жануарлардың сирек және құрып кетуге таяу аз түрі «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға омыртқалылардың 125 түрі, омыртқасыздардың 96 түрі алынған. Олардың ішінде сүткоректілерден (қарақұйрық, арқар, қабылан, қар барысы, тянъ-шанъ қоңыр аюы, шағыл мысығы, күзен және т.б), кұстардан (қоқиқаз, бура және қызғылт бірқазан, қара және ақләйлек, тоқылдақ аққу, дала бүркіті, дуадақ, қырғауыл, ұлар және т.б.), жорғалаушылар, қосмекенділер мен балықтың бірнеше түрлері бар. Елімізде бұрын көп болған кұлан, қарақұйрық, ақбөкен сияқты аңдардың санын қалпына келтіру, сырттан әкелінген жануарларды жерсіндіру бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Өзен бойларында ондатр, Алтай тауларында қара күзен мен балғын, Каспий жағалауында ит тәріздес жанат өсіру қолға алынған. Өзендер мен көлдерге балықтың жаңа тұқымдары жіберілуде.

  1. Биоресурстардың экологилық проблемалары

Адамның шаруашылық әрекеті табиғаттың өзгеруіне әсер ететін ерекше фактор. Адам еңбек пен ақыл ойдың арқасында қоршаған ортаға бейімделумен қатар, оны өзгертеді. Сондықтан табиғатты өзгерту барысында адамзат оның кейінгі зардаптарын да ескеруі қажет. Табиғат кешендеріне кері әсер ететін озық ғылыми-техниканың тікелей қатысы жоқ. Ол өзгерістерге кінәлы прогресс емес, техникалық жобаларда адамның шаруашылық әрекетінің әсері есепке алынбаған. Жауын-шашын мөлшерін, топырақ ылғалдығын ескерместен топыраққа минералды тыңайткыштар енгізу, ол заттардың шайылып, өзендер мен бөгендердің ластануын туғызды. Мұның бәрі қаншама еңбек пен шикізатты зая кетірумен бірге, қоршаған ортаның жағдайын нашарлатады. Ірі бөгендер салуда аумақтың табиғат ерекшеліктерін ескермеу мезгілсіз батпақтануға, топырак, өсімдік жамылғысы мен сол жердің микроклиматының өзгеруіне әкеп соғады.

Қазіргі кезде антропогендік ландшафтар басым. Ландшафтарды жақсарту үшін оларды өзгертетін шаралар жүргізеді. Соның бірі – мелиорация. Мелиорация жердің жағдайын жақсарту мен оны пайдалану тиімділігін арттыруға бағытталған шаралардың жиынтығы болып табылады. Табиғатты тиімді пайдалану, көркейту және қорғау кешенді түрде қарастырылуы қажет. Рио-де-Жанейро декларациясының қағидаларын есепке ала отырып, Қазақстанның биоэкологиялық қауіпсіздігі проблемалары және қоршаған ортасының жағдайына ғаламдық, ұлттық және жергілікті деңгейде қаралуын қарастырады. Ғаламдық биоэкологиялық проблемаларға климаттың өзгеруі, озон қабатының бұзылуы, биоәртүрліліктің азаюы, шөлейттену және жердің құлдырауы (деградация) жатады. Ұлттық экологиялық апатты аймақтарға Каспий теңізі қайраңы ресурстарын белсенді игерумен байланысты проблемалар, тарихи ластану, трансшекаралық мәселелер, әскери ғарыштық және тәжірибелік кешендер полигондарының әсерін жатқызуға болады. Жергілікті экологиялық проблемаларға ауа бассейнінің ластануын, радиоактивті, тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтары, табиғи және техногендік төтенше жағдайларды жаткызуға болады. Адам әрекетінен Қазақстан жерінде де тез шешуді қажет ететін проблемалар бар. Мысал ретінде, республикамыздың биоресурстар экологиясын Каспий теңізі негізінде қарастырамын.

  • Каспий теңізі биоресурстардың экологиялық проблемасы

Каспий – байлық, тіршілік көзі. Бұл теңіздің берері көп. Бірақ мол қазынаны ысырап қылмауды тел емген бес ел әсте естен шығармағаны жөн. Каспий теңізі экологиясының қазіргі кезде күрт нашарлап кеткені жиі айтылып жүр. Каспийге қандай тәжірибе жасалса да, көк теңіздің табиғатын сол қалпында сақтап қалу – басты міндет. Сондықтан «Каспийдегі тіршілік дүниесін қалай сақтап қаламыз, биоресурстарға қандай қауіп бар» деген сауалдар алаңдатады. Негізінен, теңіздің биоэкологиясына әсер ететін төрт фактор бар: табиғи, техногендік, биологиялық, браконьерлік.

Табиғи факторды айтқан жағдайда «Каспий теңізі  неге  тартылып барады?» деген сұрақ туындайды. Мамандардың айтуынша, теңіздің қазіргі деңгейі 27,77 метрді көр­сетіп тұр. Дәл осындай жағ­дай 1977 жылы байқалған. Ол кезде көк айдын­ның деңгейі 29 метр­ге дейін тартылған болатын. 1962 жылы теңіз деңгейі 28,51 метрге жеткен. Ал 1995 жылы, керісінше, теңіз деңгейі 29,77 метр­ге көтеріліп, құрғап кеткен жағалау түгел су астында қалған. Каспий теңізінің Қазақ­станға тиесілі бөлігін төрт гидро­ме­тео­ро­логиялық стансы мен сегіз бекет бақы­лайды. Теңіз деңгейін тұрақты бақы­лап отыр­ған зерттеушілер 2001 жылдан бастап теңіз деңгейі 27,77 метрден де төмендеп, тартылып келе жат­қанын байқаған. Болып жатқан жағдай Каспийдің солтүстігінде байқалады. Оның үстіне, биоресурстар солтүстік және сол­түстік-шығыс Каспийде көп шоғыр­лан­ған. Теңіз тартылса, тіршілік иелерінің өмір сүру кеңістігі тарылатыны сөзсіз. Бұл айналып келгенде биоресурс­тардың азаюына әкеледі. Теңізге 130-дан астам өзен мен жыл­ға­лар келіп құяды. Зерттеушілердің айтуын­ша, Каспий тұйық теңіз саналады. Мамандардың айтуы бойынша, бұл биоресурстарға қатты әсер ете қоймайды. Таби­ғи құбылыс бол­ған­дықтан, балықтар мен жануарлар әлеміне аса қауіп төнбейді. Одан биоресурс, яғни тіршілік әлемі толық­тай жойылады деген сөз емес.

Каспий теңізінің экологиясын бұзатын екінші фактор – техногендік фактор, яғни адам әрекетінің әсері. Бес елдің өкілдері «Теңізге басты қауіп неден?» деген сауалға жауап ізде­п, бір пікірге келе алмай отыр. Атап айт­қанда, ресейлік мамандары Каспий теңізінің шектен тыс ластануына теңіздегі мұнай операциялары кінәлі деп санайды. Ал теңізде ғарыштық мониторинг жүргізіп жат­қан компаниялар бұл пікірге қарсылық білдіруде. Олар кемелерден бол­ған зардаптарды негізгі мәселе деп санап отыр. Себебі мұнай өндіруге байланысты теңізде кеме­лер көбейіп келеді. Каспийдің айды­нын­да жүзіп жүрген алып кемелер басқа теңіз, мұхиттарға апарылды. Олар онда мұнай апарып, оның орнына мұхит­тың суын құйып алатын. Ол су таза­ртыл­мастан Кас­пийге төгілді. Бір өкініштісі, бұл кемелер био­ре­сурс көп шоғырланған теңіздің солтүстік айма­ғында жиі жүзеді. Сондықтан маман­дар кемелердің жүзу бағытын реттеу керек екенін айтады. Өйткені онда мұнай өндіру, барлау кешендері қарқынды жүргізіле бастады.

«Каспий итбалығы – теңізде өмір сүретін бірден-бір сүтқоректі жануар. 1905-1910 жылдары зерттеу бойынша, Каспийде 1 миллион 100 мыңға жуық итбалық мекен етсе, 60-70 жылдары олардың саны 520-560 мыңға дейін азай­ған. Бүгінгі таңда тұйық теңізде өмір сүретін итбалықтың саны 100 мыңнан сәл-ақ асады. Экологтар айтуынша, итба­лық­тардың азаюына, жаппай қырылуына мұнай қалдықтарының қатысы жоқ. Итбалықтардың осындай аянышты күйге түсуінің басты себебі – олар қоректенетін азық қорының немесе биоре­сурс­тардың азайып кетуі. Бір итбалық күніне 3 келі майшабақ жейді. ХХ ғасырдың басында миллионнан астам итбалық 3 келі майшабақ жегенін ескерсек, теңізде биоресурс қоры көп болғанын жете түсінеміз. Сонда итбалық­тар жаға­лауға жақындамай-ақ, теңіз орта­сында жүріп майшабақпен қоректенетін болып тұр. Ал қазір майшабақтар 94 пайызға азайып кеткен екен. Оны аулау үшін итбалықтар теңіз жағасына жақын­дайды. Қорек азай­ға­сын итбалықтың да тынысы тарылып бара­ды. Ал қазір итба­лық­тар қарапайым құрттармен қоректенуге көш­ті, бірақ шабақ құрлы талғажау болмай тұр. Жыл сайын ақпан айының ортасынан бастап итбалықтар күшіктейді. Сондықтан осы сәтте тиісті құзырлы мекемелер Каспий теңізінің жағалауында және оның маңын­да­ғы итбалықтардың жағдайына мони­то­ринг жүргізіп, оларды қорғау – үлкен мәселеге айналып отыр.

Сонымен қатар ХХ ғасырдың екінші жартысында ғалым­дар және ірі компаниялар Каспий теңізіне түрлі тәжірибе жасауды жиілетті. Каспийде тіршілік етпейтін өзге мұхит­тар­дағы жануарларды осы теңізге әкеліп, тәжірибе жүргізілетін. 1980 жылдардың соңында Каспий­дің ирандық бөлігінде гребневик мнемиопсис дейтін медузаның бір түрі анықталды. 2007-2010 жылдары жүргіз­ген зерттеу бойынша, әр жаз мезгілінде Кас­пийдің солтүстігінде, дәлірек айтқанда, Құр­манғазы мен Дархан мұнай кен орын­дарының аумағында гребневик мне­мио­п­сис анықталып отырды.Сол жылдары ол Қара теңізде байқалған еді. Ал 1985-1995 жыл­дары Қара теңіздегі балық қырыла бастады. Ғалымдар оны әлгі медузаның әсерінен деп есептеді. Ол бентос, зооп­ланк­тонды қырып жіберді. Себебі мнемиопсис өзінің денесінен қы­рық есе көп тамақ жейді. Оны жоятын бірде-бір препарат ойлап табылмады және Каспий теңізінде меду­заны жейтін жәндік те, жануар да жоқ. Көле­мі шамамен 1 см болатын медуза көк теңіз­дегі тіршілікті қырып ба­рады. Күн жы­лын­са, гребневик мне­миоп­сис жаңбырдан соңғы саңы­рау­құлақтай көбейіп кетеді. Ал күн суытса, қырылып қалады. Бірақ Иран жағында, оңтүстік Кас­пийде олар сақта­ла­ды. Күн жылынса, солтүстікте қайта пайда болады. Сонымен қатар 2011 жылы Қаламқас пен Жемчужина аймағында блакфордия вирджиния деген медузаның жаңа түрі пайда болды. Ол Атлант мұхитында жылы кезде кездеседі екен. Енді Каспий теңізінің биоре­сурс­та­рына осындай құрттай жәндік қауіп төн­діріп тұр. Мұны біз теңізге экологиялық әсер ететін биологиялық фактор деп атай­мыз.

Қорытынды

Жыл сайын Каспий теңізінің эколо­гия­лық мәселесін шешу және биоалуан­түрлілігін сақтау мақсатында Каспий маңы мем­ле­кет­тері көптеген шаралар ұйым­дас­ты­рып тұрады. Әрине, бұл жеткіліксіз. Жиын­мен мәселе шешілмейді. Осыған орай Қазақстан Каспий теңізінің проб­ле­малары бойынша ғылыми-зерттеу инс­титутын ашуды жос­пар­лап отыр. Бұл институт теңізді кешенді түрде зерттеп, басым бағыттарды анықтап беруі тиіс. Сонымен қатар Каспий теңізінің қазақстандық секторының 75 пайызға жуық бөлігінің экологиялық жағ­дайы туралы мәліметтер базасы жасақ­талған. Алайда мемлекеттер арасында эко­ло­гия­лық мониторинг жүргізу бойынша кешен­ді бағдарлама бекітілген жоқ. Кас­пий теңізі – тұйық су. Бірнеше тонна мұнай төгілсе, біз Каспийдің фаунасынан айы­ры­лып қалуымыз мүмкін. Сондықтан осы мәселелер – ерекше мән беретін жайт. Сондықтан биоресурстарды сол күйінде сақтау Каспий теңізінің айналасындағы бес мемлекетте өмір сүріп жатқан 25 миллиондай адамның тағдырына әсер етеді деп есептеймін. Ал Қазақстан табиғатының байлығы өсімдіктер мен жануарларын қорғау максатында Ұлттық парктер (Баянауыл, Іле Алатауы, Қарқаралы,Алтынемел, Ордабасы) мен қорықтар (Ақсу-Жабағылы, Наурызым, Алматы, Барсакелмес, Үстірт, Қорғалжын, Батыс Алтай, Алакөл) ұйымдастырылған. Табиғатта пайда болған әрбір түр өзінше бірегей және ешқашан қайталанбайды,  сондықтан да оның жойылуы- орны қайта толмайтын нәрсе.  Бұл жоғалту қауымдастықтың бүтінділігі мен табиғаттағы жалпы тепе – теңдіктің бұзылуына әкеп соғады. Сондықтан да қазіргі кезде табиғатты қорғау мәселесі дүниежүзілік мәселеге айналып отыр.

 

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика