Қазіргі кезде әлемнің көптеген аймақтарындағы, олардың ішінде Қазақстандағы да су нысандарының жағдайы, жалпы алғанда, қолайсыз деуге болады. Соңғы жылдарда шиеленіскен көптеген проблемалардың ішінен ең маңыздыларын: су көздеріндегі су сапасының нашарлауын және шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелерінің шиеленісуін бөліп көрсетуге болады. 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік Концепциясында көрсетілгендей, климаттың өзгеруі мен озон қабатының бұзылуы, атмосфералық ауа, топырақ жабындарының ластануы және басқаларымен бірге, су көздерінің ластануына байланысты мәселелер де Қазақстан Республикасының өте өзекті экологиялық мәселелері болып табылады.

БҰҰ Бас Ассамблеясының ХХХV сессиясында планетамыздың миллиардтан аса тұрғыны ауыз су мен шаруашылыққа қажетті таза сапалы суға зәру болып отырғаны туралы мәлімдеме жасалды. Ал жер бетілік су көздерінің жаппай ластануына байланысты, орталықтандырып сумен қамтамасыз ету барған сайын жер асты суларын көбірек пайдалануға бағытталады. Еске сала кететін болсақ, Қазақстандағы су ресурстарының жағдайы, әлі күнге дейін жүріп жатқан ластануына және азаюына байланысты жалпы жеткіліксіздігімен бағаланады. Республика территориясындағы анықталған жер асты суларының қоры 16 км 3. Басқа да елдердегі сияқты, біздің елімізде де тұщы су проблемасы күннен күнге өте өзекті деген мәселелердің бірі болып отыр.

Біздің елімізде шаруашылық – ауыз суды тұтыну көлемі, 2002 жылы, 1995 жылмен салыстырғанда, екі есе төмендеді. Республикадағы әрбір тұрғынға шаққанда, шаруашылық – ауыз су мақсатына тәулігіне, шамамен 150 л су жұмсалады. Республикадағы ауылды елді мекендердің тұрғындары, қала тұрғындарына қарағанда, суды үш есе аз жұмсайды. Ашық су көздеріне жылына ағызылатын ағынды сулардың көлемі 5 млрд мболады, бұлардың көп бөлігі Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар, Маңғыстау, Алматы және Қызылорда облыстарының үлесіне тиеді. Соңғы жылдары ластанған ағынды сулардың (тазартылмаған немесе жеткіліксіз тазартылған) көлемінің жылына 155 млн м3 деңгейде тұрақталғаны байқалып келеді.

Қазақстандағы тексерілген 44 су нысандарының ішінде 9 өзен, 2 көл мен 2 жасанды су қоймасы «таза», ал 6 өзен және 1 жасанды су қоймасы –«лас» және «өте лас» деп танылды. Өте қатты ластанған – Елек, Нұра және Ертіс өзендерінің сулары болып отыр.

Қазақстан Республикасының 2004-2010 жылдарға арналған ауыл аумақтарын дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламасында келтірілген мәліметтер бойынша, республикада 637 ауылды елді мекендердің тұрғындары (8,3%) су сапасының нормативтеріне сәйкес келмейтін (құрғақ қалдық мөлшері 1,5 г/л), оның ішінде 176 елді мекенде, тұздылығы 2-3 г/л болатын, сапасыз ауыз суды пайдаланады. Бұндай елді мекендер, әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қызылорда облыстарында ең көп кездеседі.

Жоғарыда айтылғандай, тұщы суды үш түрлі табиғи су көздерінен: атмосфералық жауын-шашыннан, жер бетілік ашық суаттардан және жер астылық сулардан алуға болады. Бұл су көздері, олардан алынатын судың мөлшері (дебиті) жағынан да, суының сапалық құрамы жағынан да түрліше болады.

Жер асты сулары, жер бетілік суларға қарағанда, сыртқы орта факторларының әсерінен едәуір көп дәрежеде қорғалғандығына қарамастан, қоршаған ортаға техногенді әсерлердің барған сайын өсіп отыруына байланысты, олар да ластануға ұшырайды. Техногенді компоненттер, қазір тек топырақтың жоғарғы су тұтқыш горизонттарында ғана емес, сонымен қатар тереңдегі артезиан суларының құрамынан да табылады.

Жер бетілік те, жер астылық та сулардың ластануы толып жатқан экологиялық және әлеуметтік салдарды тудырады. Суды ластаушы компоненттердің қоректік тізбектер арқылы таралу мәселесіне үлкен көңіл бөлу қажет. Бұл жағдайда улы заттар адам ағзасына ауыз сумен ғана емес, сонымен бірге, өсімдік және жануар текті тағамдар арқылы да түседі. Тіпті тұрғындар ластанған суды ауыз су ретінде қолданбай, тек оны тағам дайындауға, мал суаруға немесе өсімдіктерді суғаруға ғана пайдаланатын болса, осының өзі адамдардың өздерінің ғана емес, келешек ұрпақтарының денсаулығына да әсер етуі мүмкін.

Судың сапасы – бұл, су пайдаланудың әр түріне (су пайдалану категориясы) жарамдылығын анықтайтын, судың қасиеттері мен құрамының сипаттамасы.

Қазақстан Республикасындағы суаттар пайдалану мақсатына қарай екі категорияға бөлінеді.

Бірінші категорияға – орталықтандырылған немесе орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз су көзі ретінде пайдаланылатын су көздері жатады.

Екінші категорияға – мәдени-тұрмыстық мақсатта, рекреация ретінде, спорт үшін қолданылатын, сол сияқты елді мекендердің аумақтарындағы су көздері жатады.

Судың сапасын бағалау, суды пайдалану мақсатына қарай белгілі бір критерийлер мен көрсеткіштер бойынша жүргізіледі. Судың сапасы негізінен, ондағы еріген және суға араласқан заттардың, биомассасының және микроағзалардың құрамымен және мөлшерімен анықталады. Табиғи сулардың сапасын бір жағынан, ортаны сипаттайтын көрсеткіштер (гидрохимиялық көрсеткіштер) бойынша, ал екінші жағынан, судағы биотаның жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер(гидробиологиялық көрсеткіштер) бойынша бағалау жүйесі тарихи қалыптасқан.

Судың гидрохимиялық көрсеткіштері ластаушы заттардың құрамы мен концентрациясы бойынша табиғи факторлардың әсері және антропогендік әсерінің қарқындылығы жөнінде пайымдауға, ал гидробиологиялық көрсеткіштері – барлық антропогендік факторлар кешенінің әсеріне судағы биотаның жауап реакцияларын бағалауға мүмкіндік береді.

Судын сапасы ҚР «Шаруашылық – ауыз су және мәдени-тұрмыстық су пайдалану пунктеріндегі су нысандарының су құрамы мен сапасына қойылатын гигиеналық талаптарына» (2004 ж.) сәйкес бағаланады:

– суға араласқан заттардың (антропогенді және басқа) мөлшері бойынша: ауыз суға пайдаланылатын судағы араласқан заттардың мөлшері 0,25 мг/дм3 және мәдени-тұрмыстық мақсатта пайдаланылатын су үшін – 75 мг/дмаспауы керек; жыл сайынғы су деңгейінің ең азайған кезінде судың құрамындағы табиги минералды заттардың мөлшері 30 мг/дм3 артық болған суаттар үшін, суға араласқан заттардың мөлшері 5,0% дейін көбеюі рұқсат етіледі; ағысы бар суаттар үшін тұнбаға түсу жылдамдығы 0,4 мм/сек және жасанды су қоймалары үшін 0,2 мм/сек жоғары болатын қоспасы бар суларды су көздеріне ағызуға рұқсат етілмейді;

– қалқыған қоспалары (заттар) бойынша – суаттардың бетінде қалқыған пленкалар, минералдық майлардың дақтары мен басқа да жиналған қоспалар болмауы керек;

– кейбір органолептикалық көрсеткіштері бойынша (адамның сезу мүшелері арқылы анықталатын): исі – судың оған тән емес иістердің қарқындылығы 1 балдан аспауы керек, түсі – I санатқа жататын суаттар үшін биіктігі 20 см су бағанасында, ал IΙ санатқа жататын суаттар мен теңіздер үшін – биіктігі 10 см су бағанасында анықталмауы тиіс;

кейбір физикалық көрсеткіштері бойынша: температура – ағынды суларды жіберу нәтижесінде, судың жазғы температурасы, соңғы 10 жыл ішіндегі жылдың ең ыстық айының орташа айлық температурасымен салыстырғанда, 3ºС артық аспауы керек;

– бірқатар химиялық көрсеткіштері бойынша: минералдық құрамы – құрғақ қалдығының мөлшері бойынша 1000 мг/дмаспауы, оның ішінде, хлоридтердің мөлшері бойынша – 350 мг/дм3; сульфаттардың мөлшері бойынша – 500 мг/дм3 аспауы керек; химиялық заттардың (бірқатар улы заттардың) концентрациясы – шектік рұқсат етілген концентрациясынан (ШРЕК ) аспауы тиіс

ШРЕК – адам ағзасына бүкіл өмірі бойына түсуі кезінде халықтың қазіргі кездегі және келешектегі ұрпақтарының, оның ішінде, өмірінің қартайған шағында да, денсаулықтарына тікелей немесе басқа орта арқылы әсер етпейтін, сондай-ақ, су пайдаланудың гигиеналық жағдайларын нашарлатпайтын, судаға заттардың ең жоғары концентрациясы.

Судағы химиялық заттарға арналған ШРЕК зияндылықтың лимиттеуші белгісін (ЗЛБ):

– санитарлық-токсикологиялық;

– жалпы санитарлық;

– органолептикалық белгісін ескеріп бекітеді.

Судың органолептикалық қасиеттерінің өзгеру сипаты келесідей түсіндіріледі: иіс – судың исін өзгертеді; түс – түсіне әсер етеді; көбік – көбік түзеді; қабыршық – судың бетінде қабыршық пайда болуы; дәм – суға дәм береді). Суды ластайтын барлық химиялық заттар келесі түрде жіктеледі:

I класс – өте қауіпті

ΙI класс – қауіптілігі жоғары,

ΙIΙ класс – қауіпті,

IVкласс – орташа қауіпті.

Бұл жіктелуінің негізіне, суды ластайтын химиялық қосылыстардың, олардың уыттылығына, ағзада жиналу қабілетіне, әсерінен біраз уақыт өткеннен кейін эффектілерін туғызатын қабілетіне, зияндылықтың лимиттеуші көрсеткіштеріне байланысты, адамға әр түрлі қауіптілік дәрежесін сипаттайтын көрсеткіштер қойылған.

Су факторларына байланысты барлық ауруларды екі үлкен топқа бөлуге болады:

– судың биологиялық құрамына байланысты аурулар тобына;

– судың химиялық құрамына байланысты аурулар тобына.

Судың биологиялық ластануы адамдарда жұқпалы және паразиттік аурулар туғызатындықтан, эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпті екендігі айтылды.

Судың химиялық құрамына байланысты ауруларды да (жұқпалы емес ауруларды) екі топқа бөледі:

– судың табиғи химиялық құрамына байланысты ауруларға;

– судың антропогендік химиялық ластануымен байланысты ауруларға.

Микроэлементтердің (йод, бром, фтор, селен, стронций, молибден, кобальт және басқалардың) биологиялық белсенділігі жоғары болғандықтан, олар адам ағзасында көптеген физиологиялық және зат алмасу үрдістерінің қалыпты жүруіне жағдай жасайды, минералдық заттардың алмасу үрдістеріне қатысады және түрлі биохимиялық реакциялардың катализаторы ретінде ағзадағы жалпы зат алмасуына әсер етеді.

Бірақ, ағзадағы микроэлементтердің мөлшері олардың қоршаған орта нысандарының құрамында (оның ішінде суда да) болуына тікелей байланысты болғандықтан, кез келген микроэлементтің суда немесе басқа орталарда жеткіліксіздігі, не артық мөлшерде болуы, адам ағзасының әртүрлі функцияларының бұзылуына немесе аурулардың пайда болуына әкелуі мүмкін.

Микроэлементтер жер қыртысында біркелкі тарлмағандықтан, белгілі бір аудандардағы су, топырақ және өсімдіктер құрамында олардың мөлшері жеткіліксіз немесе артық болады. Бұндай аудандарбиогеохимиялық провинциялар деп аталады, олар табиғи және антропогендік болуы мүмкін, ал осы аудандардағы тұрғындар арасында микроэлементтердің жеткіліксіз немесе артық болуы себебінен пайда болған аурулар геохимиялық эндемиялар деп аталады. Бұндай аурулардың көбі су факторымен байланысты .

адам ағзасына суда болатын түрлі минералдық тұздардың артық немесе аз мөлшері де әсер етеді.

Минералдылығы өте жоғары су ағза тіндерінің гидрофильдік қасиетінің жоғарылауына, диурездің төмендеуіне, ағзада судың ұсталынып қалуына ықпал етеді. БДДҰ сарапшыларының пікірінше, минералды заттардың ағзаға жалпы түсуіне қосатын үлесін есепке алу үшін, табиғи суларда олардың тек кейбіреулері ғана жеткілікті мөлшерде болады. Кермек суды қабылдаған жағдайда, екі элемент – магний және мүмкін кальций адам ағзасына судан елеулі мөлшерде түседі. Бұл қорытынды 50-жылдық кезеңді қамтыған, 80 эпидемиологиялық зерттеулердің негізінде жасалған. Жүргізілген зерттеулер, негізінен экологиялық сипатта болғанымен және әртүрлі деңгейде жүргізілгенімен, сарапшылар, кермек су қабылдау мен жүрек-қан тамырлары ауруларының жиілігі арасындағы байланыс туралы болжамды дұрыс деп мойындады, ал судағы аса маңызды пайдалы құрам бөлігі деп магнийді есептеу керек екенін көрсетті. Бұл шешім бақылау және клиникалық зерттеулер нәтижесінде толық дәлелденді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда минералды заттары аз суды қабылдау, сұйықтың бөлінуін күшеюіне әкеп соғатын, гомеостаздың механизміне және ағзадағы су мен минералды заттардың алмасуына зиянды әсер ететіні дәлелденген. Бұл жасуша ішілік және жасуша сыртындағы иондардың биологиялық сұйықтардан бөлінуімен және олардың теріс балансымен байланысты. Бұнымен бірге, ағзадағы судың жалпы мөлшері және су алмасудың реттелуіне қатысатын кейбір гормондардың функционалдық белсенділігі өзгереді.

БДДҰ сарапшыларының адам ағзасына жүргізген тәжірибелерінің (1980) нәтижесі осыған ұқсас көріністі анықтады, бұл минералдану дәрежесі 100 мг/л дейін судың су мен минералды заттар алмасуына әсерінің негізгі механизмін сипаттауға мүмкіндік берді:

  1. диурездің (қалыпты деңгеймен салыстырғанда, 20%-ға); ағзадағы сұйықтың және сарысудағы натрийдің концентрациясының жоғарылауы
  2. сарысудағы калийдің концентрациясының төмендеуі;
  3. ағзадан натрий, калий, хлоридтер, кальций мен магний бөлінуінің жоғарылауы.

Су нысандарының уытты заттармен ластануының тірі ағзаларға зиянды әсер ететіндігі жөнінде келесі мәліметтер дәлел бола алады.

Қазақстанда өнеркәсіптің қарқынды даму кезеңінде, Кеңестік өкімет кезінде – ақ, Балқаш көлі біртіндеп тартыла бастаған. 30-40 жылдың ішінде көлдің ауданы 2000 км2 аса қысқарды. Көлдің жағалаулары екі метрден артық шегініп кетті. Кейбір шығанақтардың орнында сор пайда болды. 60-шы жылдары жергілікті балықшылардың көлден аулаған ауына бүкіл денелері жаралармен және фибросаркомамен жарақаттанған көксерке балықтары түсе бастаған, бұны Балқаш тау-металлургия комбинатының іс-әрекетімен байланысты деп санайды.

30 жылдан кейін ауруға ұшыраған балықтардың санын ешкім санамайтын да болды. Ал қазіргі кездегі космостан түсірілген суреттермен дәлелденген, экологтар мен биологтардың қойған диагнозы қатты қапаландырады. Қазіргі кезде су гигиенасы саласында адам ағзасына ауыз сумен түсетін металдардың уытты әсерінің кейбір ерекшеліктерін анықтайтын ауқымды деректі материал жинақталды. Ағзаға ауыз сумен түскен металдардың улылығы туралы мәліметтер, бұл биологиялық белсенді химиялық заттардан уланудың, олардың мөлшеріне байланысты екенін дәлелдейді. Көптеген металдардың ағзаға уытты әсері өзіне тән және өзіне тәне емес те эффектілер түрінде байқалады. Металдардың аз ғана мөлшері әсер еткен кезде, өзіне тәне емес эффектілері жетекші рөл атқара бастайды.

Қазіргі кезде ғалымдар суды өңдеуде, атап айтқанда хлорлау кезінде, туындайтын қосымша өнімдердің рөлі туралы мәселені зерттеуде. Суды хлорлау нәтижесінде онда жанама өнімдер түрінде хлорланған көмірсутектер, олардың ішінде хлоралгидрат, дихлосірке қышқылы, үшхлорсірке қышқылы және 3-хлор-4- (дихлорметил)-5-гидрокси-2(5Н)-фуран түзілетіні анықталды. Алынған бірмағыналы емес, әрі статистикалық жағынан расталмаған мәліметтер, суды хлорлау адам үшін онкологиялық қауіп-қатер тудыратын фактор деп санауға жеткілікті дәрежеде негіз бола алмайды. Суды зарарсыздандыру үшін қолданылатын хлораминнің онкологиялық жағынан қауіптілігін анықтау мақсатында арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жануарларға жасалған тәжірибелер де хлораминнің канцерогендік қасиеті туралы нақты дәлелдер берген жоқ.

Су тұтынуға байланысты әр түрлі аурулардың алдын алу мақсатында, гигиена мамандары ауыз су сапасына қойылатын бірқатар талаптар дайындады.Біріншіден, ауыз су эпидемиялық және радиациялық жағынан қауіпсіз болуы тиіс, екіншіден, химиялық құрамы жағынан зиянсыз болуы керек, үшіншіден, органолептикалық қасиеттері (түсі, исі, т.б.) жағымды болуы керек. Бұл талаптар келесі іс-шаралар кешенін орындау нәтижесінде жүзеге асырылады:

– заңнамалы гигиеналық шараларды орындау;

– су көзін таңдау;

– су көзінің санитарлық-қорғаныш аймағын (ЗСО) ұйымдастыру;

– суды тазарту, зарарсыздандыру және өңдеудің арнайы әдістерін қолдану;

– су құбыры жүйесін санитарлық қорғау.

Тұрғындарды сумен қамтамасыз ету жүйесінің екі түрі бар:

  • орталықтандырылғанжүйесі – бұл, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді қарастыратын, елді мекендерді сапалы ауыз сумен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етуге арналған шаралар мен құрылғылар, құрылыстар және су құбырларының кешені болып табылады.
  • орталықтандырылмаған (жергілікті) жүйесі – бұл, ауыз суды тұтынатын орындарына жеткізіп бермейтің, жалпы халық пайдалану үшін ашық немесе жеке адамдардың пайдалануындағы құрылыстардан тұрғындардың өз бетімен су алуына арналған жүйе.

Сумен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі су құбырларынорнату арқылы жүзеге асырылады. Су құбырлары деп, су көздерінен механикаландырып су алуды, оның сапасын жақсартуды (тазарту, зарарсыздандыру және өңдеу) немесе онсыз, суды сақтауды, ауыз су пайдаланатын орындарға беруді іске асыратын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге арналған инженерлік құрылыстар кешенін айтады. Қазіргі кездегі су құбырлары ашық және жер астылық су көздерінің суын пайдалана алады. Ашық су көздерінің суымен қамтамасыз ететін құбырлар:

а) су алатын құрылыстан;

б) суды жоғары көтеретін сору қондырғысынан;

в) судың сапасын жақсартуға арналған құрылыстан;

г) су құбырлары жүйесінен тұрады.

Құрылыстардың су құбырлар жүйесіне дейінгі бұл кешенінің барлығы бас құрылыстар деп аталады. Суды су көздерінен алу үшін, өзен ағысының бойымен елді мекеннен жоғары ұйымдастырылатын арнайы су қабылдағышты қолданады.

Жер асты су көздерінен орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жүйесі, негізінен, кішігірім ауылдық елді мекендер, қалалардың жекелеген аудандары, кейде жеке мекемелер үшін ұйымдастырылады. Оның артықшылықтары: бұл жердегі су барлық ластаушылардан сенімді қорғалғандықтан, суды тазартудың қажеттілігі, әдетте, туындамайды; су алатын орның елді мекеннің өзінде немесе оған жақын жерде орналастырады.

Су алу үшін, жер астындағы су тұтатын горизонтқа дейін жететін вертикалды шахталар түріндегі, бұрғылағыш артезиан ұңғымаларын құрады. Бұрғылау кезінде алынған топырақ шахтаға түспеу үшін, шахтаның қабырғаларын бекітетін айналдыра сақиналар қойылады. Ұңғымадан суды тартып алу үшін, оған сорғыш орнатады. Бұндай су құбырларының санитарлық қауіпсіздігінің кепілдігі, жүйенің, әсіресе, айналдыра қойылған сақиналардың қосылған жерінде, жақсы герметизациялануы болып табылады.

Орталықтандырылмаған ауыз су-шаруашылық мақсатында сумен қамтамасыз ету үшін жер асты сулары пайдаланылады. Тұрғындарды және шаруашылық- тұрмыстық нысандарды сумен қамтамасыз ету, су алатын құрылыстарға арнайы құрал-жабдықтарды (тарату жүйесі жоқ ұңғымаларды, шахталық және құбырлы құдықтарды, бастау каптаждарын) орнату арқылы жүзеге асырылады.

Ұңғымалар, құдықтар мен бастау каптаждарын орнату үшін қажетті орындар геологиялық, гидрогеологиялық мәліметтер негізінде таңдалып алынады.

Орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесінің су көздерін ластанудан қорғау мақсатында, Қазақстан Республикасының санитарлық заңнамасы бойынша сумен жабдықтайтын су көздерінің санитарлық қорғау зонасы (СҚЗ) орнатылған, СҚЗ су көзінің жанындағы, санитарлық режимі ерекше, аумақ болып табылады.

СҚА үш белдеуден тұрады:

– бірінші белдеу (қатаң тәртіптегі) су алатын орынды және су алу құрылыстарын ластанудан және зақымданудан қорғауға арналған, оған су алатын орындары мен су алу құрылыстары орналасқан аумақтар кіреді;

– екінші және үшінші белдеулер (шектейтін) шаруашылық-ауыз су мақсатында сумен қамтамасыз ететін су көздерінің микробиологиялық және химиялық ластануының алдын алуға арналған аумақтарды қамтиды.

СҚА белдеулерінің шекараларын орнату:

– сумен жабдықтау көздерінің түріне (жер бетілік немесе жер астылық);

– ластану сипатына (химиялық, микробтық);

– жер бетілік ластанудан табиғи қорғалу деңгейіне (жер асты су көзі үшін);

– гидрогеологиялық немесе гидрологиялық жағдайларына байланысты.

Орталықтандырылған сумен жабдықтауда ауыз судың сапасы, су тарату жүйесіне берілер алдында, сонымен қатар, сыртқы және ішкі су құбырлары жүйесінің су алынатын жерлерінде, гигиеналық нормативтерге сай болуы тиіс.

Ауыз судың эпидемиялық тұрғыдан қауіпсіздігі микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері бойынша, 4.3-кестеде көрсетілген нормативтерге сәйкес, бағаланады.

Жалпы микроб саны (ЖМС) бактериологиялық әдіс арқылы зерттелетін 1 мл судағы микроағзалар колониясының өсу санымен анықталады. ЖМС 50- аспауы керек. Жалпы колиформды бактериялар бойынша зерттеу 12 ай (1 жыл) бойына жүргізіледі, бұл кезде сыртқы және ішкі су құбырлары жүйесінің су алынатын жерлерінен алынған су сынамаларының саны 100 –ден кем болмауы керек және олардың 95% нормативтен аспауы керек.

Кесте

Орталықтандырылған шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз ететін жүйедегі ауыз су сапасының микробиологиялық және паразитологиялық көрсеткіштері (28.06.2004 ж. ҚР ДМ санитарлық-эпидемиологиялық нормалары мен ережелерінен)

Көрсеткіштері Өлшем бірліктері Норматив-тері
Жалпы микроб саны 1 мл-дегі колония түзетін бактериялар саны 50-ден артық емес
Жалпы колиформды бактериялар 100 мл- дегі бактериялар саны Жоқ
Термотолерантты колиформды бактериялар 100 мл-дегі бактериялар саны Жоқ
Колифагтар 100 мл-дегі түймешек түзетін (бляшкообразующие) бірліктерінің саны(ТТБ) Жоқ
Сульфитредуцирлеуші клостридийлердің споралары 20 мл-дегі споралар саны Жоқ
Лямблиялардың цисталары 50 л-дегі цисталар саны Жоқ

Термотолерантты (ыстыққа төзімді) колиформды бактерияларды, 100 мл суға үш рет зерттеу жүргізіп, анықтайды. Анықталған нәтижесі теріс болуы керек. Колифагтар мен лямблия цисталарын анықтау тек жер бетілік су көздерінен сумен жабдықтау жүйелерінде, суды тарататын жүйеге беру алдында, ал сульфитредуцирлеуші клостридийлердің спораларын – суды өңдеу технологиясының тиімділігін бағалау кезінде жүргізіледі. Бұларды анықтау нәтижелері де теріс болуы тиіс.

Ауыз судың химиялық құрамы бойынша зиянсыздығы, оның құрамындағы химиялық заттардың мөлшері – табиғи суларда ең жиі кездесетін зиянды химиялық заттардың, сондай-ақ, антропогенді текті зиянды заттардың нормативтеріне сәйкес келуімен анықталады. Химиялық кұрамы бойынша ауыз судың сапасын бағалайтын көрсеткіштерге жалпылама көрсеткіштер, табиғи суларда ең жиі кездесетін және жаһандық таралу алған антропогенді зиянды органикалық және бейорганикалық химиялық заттар, суды өңдеу үрдісінде суға қосылатын және соның нәтижесінде суда түзілетін зиянды химиялық заттар, адамның іс-әрекет нәтижесінде сумен қамтамасыз ететін су көздеріне түсетін зиянды химиялық заттар жатады

Алайда, Қазақстанның көптеген ауылдық елді мекендерінде ауыз су және шаруашылық қажеттіліктері үшін тұрғындар орталықтандырылмаған (жергілікті) сумен қамтамасыз ететін су көздерінің суын пайдаланады.

Санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелерге (ҚР ДМ 13.05.2005 ж.) сәйкес, тұрғындар топтарын және шаруашылық-тұрмыстық нысандарды орталықтандырылмаған шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін су алатын құрылыстарға арнайы жабдықтарды (тарату жүйелері жоқ ұңғымалар, шахталық және құбырлы құдықтар, бастаулардың каптаждары) орнату арқылы жер асты сулары қолданылуы тиіс.

Ұңғыма – жер астылық суларды жердің бетіне шығаруға арналған қондырғы.

Құдықтардың ең көп таралған түрлерінің бірі – жер бетінен жоғары тұратын құдық бөлігінен (құдық аузы), оқпаннан және су қабылдайтын бөлігінен тұратын,пішіні дөңгелек немесе төрт бұрышты шахта түріндегі, шахталық құдық болып табылады. Шахталық құдықтарды, суды бірінші су тұтқыш қысымсыз горизонттаналатын етіп, орнату керек.

Құдықтың аузы жер бетінен 0,7-0,8 метрден кем емес биік болу тиіс және оның қақпағы немесе темірбетоннан жасалған, люгі (люк) бар, жабындысы болуы керек. Құдықтың аузы үстіңгі жағынан шатырмен жабылуы тиіс немесе будкаға (күркеге) орналастырылады. Құдық аузы периметр бойына, тереңдігі 2 м және ені 1 м, езілген және тығыздалған балшықпен немесе қою сазды топырақпен бекітіледі (балшықты құлып). Құдықтың айналасына тас, кірпіш, бетон немесе асфальттан, радиусы 2 м-ден кем емес, құдықтан 0,1 м еңістете, төсеніш салуды ұсынады. Ағынды сулар құдықтан шет жаққа тосқауылдайтын арық арқылы ағызылуы тиіс.

Құдықтың қабырғалары қалың және суға түсі шықпайтын, құдықты жер бетіндегі ағынды сулардан және топырақтың жоғарғы қабаттарында орналасқан жер асты суларынан оқшаулайтын, материалмен (бетон немесе темірбетон сақиналары, тас, кірпіш, ағаш) қапталуы керек. Грунттың көтерілуінің және судың лайлануының алдын алу үшін, құдықтың түбіне кері сүзгі салынуы керек.

Шахталық құдықтардан суды жоғары көтеру үшін, құрылымы әр түрлі сорғылар (қол сорғы немесе электрлі) қолданылады. Құдыққа, бір немесе екі қол ұстағышы бар, шығыр (ворот), дөңгелегі бар, бір немесе екі шелекке арналған және шелек орнатылған қол шығырларды да орнатуға рұқсат етіледі.

Шахталық құдықтардан басқа, жергілікті жерлерді сумен жабдықтауда құбырлы құдықтар да қолданылады. Құбырлы құдық – бұл да жер асты суларын алуға арналған құрылыс, бірақ ол, қабырғалары айналдыра құбырлармен қоршалған. тік, цилиндр тәрізді түтік болып табылады.

Құбырлы құдықтар, су өткізбейтін жыныстармен жер бетіндегі ластаушылардың енуінен жақсы қорғалған, сондықтан санитарлық тұрғыдан қолайлырақ болатын, топырақтың терең қабаттарындағы суларды алуға мүмкіндік береді. Құбырлы құдықтың аузы жердің бетінен 0,8-1,0 метрге дейін биік, саңылаусыз жабық болуы керек, қаптамасы және шелек ілетін ілмегі бар, су ағызылатын құбыры болуы тиіс. Құбыр аузының конструкциясы, түтіктер арасындағы және олардың артындағы кеңістіктеріне жер бетінен аққан сулардың және ластаушылардың өтуіне мүмкіндік бермейтін, құдықтың толық герметизациялануын қамтамасыз етеді.

Кейде сумен қаматамасыз ету үшін бастау (бұлақ) суларын да қолданады. Бастау сулары бұл мақсатта сирек қолданылады, себебі олардың қоры өте аз. Бастау суларын жинау үшін каптаж (ұстағыш) орнатылады, ол жер асты суларының жер бетіне өздігінен шығатын көздерінде суды түрлі мақсаттарға пайдалану үшін жердің бетіне шығаруын қамтамасыз ететін инженерлік-техникалық құрылыс (ағаштан, кірпіштен немесе бетоннан жасалған жабық камера) болып табылады. Яғни, каптаж, бастау суларын жер бетіндегі лас ағынды сулардан қорғалған, белгілі бір су қорын жасайды .

Құдықтар мен бастау каптаждарын орнату үшін, дәретхана, сұйық қалдықтарды жинайтын шұңқырлар, тыңайтқыштар мен улы химикаттардың қоймалары, өнеркәсіп ұйымдары, канализация құрылыстары, ескі, пайдаланылмайтын құдықтар және мал қоралары сияқты, ластаушы немесе ластаушы болуы мүмкін көздерден, грунт сулары ағысы бойымен 50 метрден кем емес қашықтықта жоғары орналасқан, ластанбаған учаскелер таңдалып алынуы тиіс. Бұл су алатын құрылыстарды тасқын сулары басатын, ойпат, батпақтанған жерлерде, жер көшкіні болатын және топырақтың басқа да деформация түрлеріне ұшырайтын жерлерде; көлік қарқынды жүретін жолдарға 30 метрден жақын орындарға орналастыруға рұқсат етілмейді. Құдықтар тұрғын үйлерден 100 метрден артық қашықтықта орналаспауы керек.

Су алатын құрылыстарды жабдықтауда Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген шаруашылық-ауыз су қамтамасыз ету жүйесіне арналған материалдар (сүзгілер, қорғаныш торлар, сорғылардың бөлшектері және т.б.), реагенттер және аз габаритті тазарту құрылғылар қолданылуы тиіс.

Көрсеткіштері Өлшем бірліктері Нормативтері
Иісі Балл 2-3 артық емес
Дәмі Балл 2-3 артық емес
Түстілігі Градус 30 артық емес
Лайлылығы мг/л 2 артық емес
Нитраттар (NO3) мг/л 45,0 артық емес
Ішек таяқшасы тобы бактерияларының саны (коли-индекс) ІТТБ 1000 мл судағы саны 10 артық емес
Химиялық заттар мг/л ШРЕК

Бұл кестеде көрсетілгендей, орталықтандырмай сумен жабдықтайтын су көздеріндегі судың химиялық көрсеткіштері (улы заттары) бойынша сапасында ауыз сумен жабдықтаудың орталықтандырылған жүйесіндегі судың сапасынан айырмашылығы болмауы керек. Алайда, бұл судың, ауыз су мақсатында қолданылуы алдында міндетті түрде қайнатылуы керек екенін ескеріп, органолептикалық және микробиологиялық көрсеткіштері бойынша, кейбір ауытқулар болуына рұқсат етіледі.

Орталықтандырмай сумен қамтамасыз ететін су көздеріндегі судың радиациялық қауіпсіздігі, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық аман-саулығы саласындағы күші бар нормативтік–құқықтық актілерге сәйкес бағалануы керек және ауыз сумен орталықтандырылып жабдықтаудағы сияқты, радиациялық қауіпсіздік нормаларына (РҚН) сайкес болуы тиіс.

Осы бөлімнің басында көрсетілгендей, тұрғындар арасында су факторына байланысты аурулардың алдын алу шараларының бірі – судың сапасын әртүрлі әдістер арқылы жақсарту болып табылады, өйткені, ашық су көздеріндегі табиғи сулар, сол сияқты шаруашылық-ауыз су мақсатында пайдаланылатын жер асты сулары, көптеген параметрлері бойынша гигиеналық нормативтерге сай емес.

Бірнеше ондаған жылдар бұрын өзендердің өздігінен тазаратын қабілетіне байланысты сулары тазарып отыратын. Ал қазір, жаңа қалалар мен көптеген өнеркәсіп орындары салынуына байланысты, тұтыну үшін су алатын құрылыстар соншалықты тығыз орналасқандықтан, кейде ағынды сулар жіберілетін жерлер мен су алатын жерлер бір-бірінің жанында орналасады. Сондықтан, ағынды суларды тазартудың және қайталап, аяғаны дейін тазартудың, су құбырлары суларын тазарту мен зарарсыздандырудың тиімді әдістерін дайындау мен практикаға енгізуге барған сайын көп көңіл бөлінуде.

Қазіргі заманғы соңғы үлгідегі жетілдірілген тазарту құрылыстары ағынды суларды органикалық ластаушы заттардан бар болғаны, 85-90%-ға ғана тазартады, тек жекелеген жағдайларда – 95% ғана. Сондықтан, су тазартылғаннан соң да, су экожүйелерінің қалыпты тіршілік етуін сақтап қалу үшін 6-12 рет, тіпті кейде бұдан да көп есе таза сумен араластырылуы керек.

Қазіргі кездегі кәсіпорындарында ағынды суларды ізбелестіріп тазарту кезінде бірінші, механикалық тазарту (тұнбаға оңай түсетін және су бетіне қалқып шығатын заттардан) және екінші реттік, биологиялық (биологиялық белсенді органикалық заттардан) тазарту жүргізіледі.

Соңғы кезде ағынды суларды биологиялық тазартудан кейін радиациялық, электрохимиялық, сорбциялық, магнитті және т.б. сияқты тазартудың, қайталап, аяғына дейін, тазартудың жаңа, анағұрлым тиімді әдістері дайындалуда және қолданылуда. Ағынды суларды тазартудың технологияларын жетілдіру, тазарту дәрежесін одан әрі жоғарылату – табиғи суларды ластанудан қорғау саласындағы аса маңызды міндет болып табылады.

Қазақстандағы ең ірі мегаполис болып саналатын – Алматы қаласы жылына 290 млн кубометр су жұмсайды, осыған байланысты, ағынды сулардың көлемі де көбееді. Қалада суды тазартудың қолданылып отырған жүйесі қажеттіліктерге сай емес. Осыған байланысты Алматы қаласында қазіргі заманғы су тазартатын (ағынды суларды тазартудың мембраналық жүйесі бар) құрылыстарды салу жобасы қабылданды.

Су көздері суларын антропогендік ластанудан қорғау мәселесінің қаншалықты маңызды екендігіне Ресейдің Хабаровск өлкесінде болған төтенше жағдай дәлел бола алады. Цзилинь қаласындағы (ҚХР) 13.11.2005 жылы химия өнеркәсібінде орын алған апат нәтижесінде Сунгари өзенінің суы бензолмен, нитробензолмен ластанған.

Ластанған аймақтың ұзақтығы шамамен 110 км болды. Ресейдің төтенше жағдайлар Миністірлігінің Қиыр шығыс аймақтық орталығының мәліметтері бойынша, бір тәулік ішінде ластану зонасы сағатына 1-1,5 км-ге жылдамдықпен жылжып, 30 км-ге дейін өтіп, 16 желтоқсанның өзінде-ақ Сунгари өзенінен Амур өзеніне өткен. Осы тенденцияны және Сунгари өзенінің құятын жерінен төменірек, Амур өзені аңғарының ерекшеліктерін ескергенде, ластану аймағының ұзақтығы Хабаровск қаласына дейін жеткенде 200 км болар еді, ал бұл зонаның Хабаровск жанына өтетін уақыты – 4-5 тәулік болар еді.

Осы жағдайға байланысты, тез арада шұғыл шаралар қабылданды: Хабаровск қаласының және өлкедегі басқа да қалалардың су тазартатын бас құрылыстарында белсендірілген көмір арқылы суды сүзетін қондырғылар орнатылды.

Шаруашылық-ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған судың сапасы, жоғарыда қарастырылған гигиеналық талаптарға сай болуы үшін, суды алдын ала өңдеуден өткізеді,оның нәтижесінде су араласқан заттардан, иістен, дәмнен, микроағзалар мен әр түрлі қоспалардан арылады. Су қасиеттерін жақсарту су құбырлары станцияларында іске асырылады.

 

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика