Төртінші тарау 

Баратын жер жоқ 

Рактан да жаман

Жиырма үш жасыңызда рак ауруымен ауыратыныңызды және ақырында өлетініңізді білгеннен артық қорқыныш болмас. Бірақ аурудың аты ЖҚТБ (СПИД, ЖИТС) болса, бұл одан да зор болмақ.

Сіз өзіңізді соңғы бірнеше апта бойы әлсіз сезініп әрі әбден мазаңыз кеткен соң дәрігерге көріндіңіз делік. Дәрігер сізді бір не екі анализ жасайтын клиникаға жібереді. Сіз не болып жатқанын түсініп үлгерместен, дереу сізді палатаға апарады. Сізден тағы бірнеше тест алады. Және сізге айналадағылардың бәрі әрлі-берлі жүгіріп, абыржығандай болып көрінеді.

Содан соң дәрігер сіздің қатты науқас екеніңізді әрі келесі күні сізге күрделі операция жасалынатынын айтады. Ол сіздің ауруханада жоқ дегенде бір апта жататындығыңызды хабарлайды. Екі күннен кейін сізді қарау үшін тағы бір дәрігер келеді. Ол сіздегі рак ауруының өте сирек кездесетін түрі екендігін айтады. Ауру асқынған және болашағы тым бұлыңғыр.

Бірден өміріңіздің шырқы кетіп, болашаққа артқан үмітіңіз өшіп, арманыңыз ойран болады. Бұлай болуы мүмкін емес. Бұл тіпті сіздің миыңызға да қонбайды: сіздің оқимын, жұмыс істеймін, отбасын құрамын, балалы-шағалы боламын, қартайғанша өмір сүремін деген барлық жоспарыңыз қас қағым сәтте күлпарша болады.

Сіздің ата-анаңыздың уайым мен қайғыдан есі шығады. Балалары ата-аналарынан бұрын өлетін бұл неткен заман? Дүниенің бәрі аяғынан кері кеткендей сезіледі.

Өзін-өзі өлтірмек болу сезімі

Бірақ ЖҚТБ осының бәрінен де жаман болуы ықтимал. Кейде мен мектеп оқушыларынан: Сіз қан өткізіп, бірнеше күннен кейін қайтадан анализ тапсыруға шақыру хат келсе, содан ауруханаға келгенде бір адам сіздің қаныңыздың құрамынан АҚТҚ (ВИЧ, АИТВ) табылғанын айтатын болса, не істер едіңіз деп сұраймын.

Көпшілігі өзіме-өзім қол жұмсар едім дейді. Олар үшін ауруды басқалардан қалай жұқтырғанын сұрайды деген ойдың өзі жиіркенішті. Әкесіне оны қалай айтпақ? Олар өздерінің есірткі қолданғанын немесе жыныстық қатынаста тек бір ғана әйелмен болмағанын айта алар ма еді? Я болмаса, олар бірнеше еркекпен жақындасқан гей екендерін мойындар ма еді?

Көптеген адамдар өзіне-өзі қол жұмсауды мақсат тұтады, ал кейбіреулер ЖҚТБ-ның бастапқы сатыда екенін біле сала расымен-ақ өзін-өзі өлтіреді. Міне, сондықтан да өзінің диагнозы жайлы жаңа білген адамдарға аса мықты қолғабыс пен күтім қажет. Бір досым таңертеңгісін оянғанда бір пациентінің өз машинасын бақшаның ар жағына сөндірмей қойып, өзін соның иісінен әдейі уланып өлгенін білді. Бірнеше сағат бұрын ғана ол дәрігерлердің талабына қарамастан, аурухананың ЖҚТБ бөлімінен кетіп қалған. Ол өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын еш қабылдай алмай, өзін-өзі өлтірді.

Оны үйден қуып шығыңыз

Бірде біздің үйге бір ерлі-зайыптылардың келгені есімде. Әдеттегідей әңгіме барысында ЖҚТБ туралы сөз қозғадық. Содан сөзіміз гомосексуалдық және өсіп-жетілу барысында әртүрлі адамдардың даму жолдары туралы жалғасты.   Мені сондағы үрейімді ұшырған нәрсе әлгі әйелдің еш шімірікпестен айтқан сөзі болды. Ол өзінің бес жасар ұлының гомосексуалдарға тән қылық танытса, оның пәктігі сақталғанына қарамастан оны үйден қуып шығатынын және ешқашан көрмейтінін айтқаны еді. ЖҚТБ-ға шалдыққандардың көпшілігі өздерінің ауруларын амалсыздан мойындайтыны таңғаларлық нәрсе емес. Адамдардың көзқарасы бойынша егер сіз ЖҚТБ-ға шалдыққаныңызды мойындамасаңыз, адамгершіліктен жұрдай болған азғындардың қатарына қосылғандығыңыз. Алайда біз байқағандай бұл шындыққа еш жанаспайды.

Шын мәнінде Африканың кейбір елдеріндегі АҚТҚ жұқтырған әйелдердің көпшілігі некеге дейін пәктігі мен адалдығын сақтағанымен ақырында ауруға душар болған. Өйткені олардың күйеулері  дәл өздеріндей болмаған.

Сүйегін әкету

Бірде мен ЖҚТБ науқастарына қарасты бөлімге кіріп барғанымда, жападан жалғыз өлімнен бойын қорқыныш билеген жас жігітті көріп жаным түршікті. Мен одан отбасының қайда екенін сұрадым. Ол оларға не жағдайға ұшырағанын айтуға аузы бармайтынын және оларға бұл хабарды басқа біреудің жеткізгенін қаламайтынын айтты. Оның өмірі көз ілестірмей өте берді. Мүмкін, ұлым аман-есен деп ойлап жүрген анасына баласының сүйегін әкетуін хабарлауға ертең-ақ тура келетін шығар.

Ол мұнда келгенде ұлын танымайтын да шығар. Бұдан 7 ай бұрынғы қалпынан ұлының адам танымастай қу сүйегі ғана қалған. Жақ сүйегі шығып, беті бөртіп кеткен. Денесін ұзақ уақыт аурумен күресіп салынған инелерден қалған тыртықтардың орны басқан. Ол анасының жанына ауыр тимес үшін өзінің өлім туралы куәлігінде оны «өкпе қабынуынан» қайтыс болды деп жазуын өтінді. Егер анасы шындықты білген болса, оны басқаларға ағынан жарылып айта алар ма еді?

Алдын ала қалыптасқан қате түсініктер

Кейбірде ашу-ыза ұшқыны науқасқа күтім көрсететін адамдарға барып тиеді. Менің бір досымның әкесі оған бұдан былай оның отбасы мүшесі болмайтындығын айтқан. Досымның ең «ауыр қылмысы» бірнеше жыл бұрын ауру жұқтырып, ЖҚТБ-ға шалдыққан адамды сүйетіндігі еді. Көп айлар бойы ол науқасқа күтім көрсетеді. Ол қайтыс болғаннан кейін соңғы істеген «қылмысы» ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға күтім көрсетуді жалғастыруға шешім қабылдауы еді.

Лондондағы АСЕТ-те қызмет ететін медбике күні бойы қауырт жұмыстан қатты шаршайды. Кешкісін жұбайымен төсекте жатқан ол ЖҚТБ-мен ауыратын бір адам туралы, оның қаншалықты ауыр халде екенін әрі үйінде жалғыз сезінетіндіктен, оның қасында біраз уақыт болып, ақыл-кеңес бергенін айта бастайды. Сол-ақ екен күйеуі: «Көзіңді құрт. Бұдан былай оған аяғыңды баспайтын болғанда ғана үйге қайтып келерсің», — дейді.

Дүниеде АҚТҚ-ны жұқтырғандарды шеттетпейтін, олармен жауласпайтын, ескерту жасап үрей туғызбайтын ел бар деп ойламаймын.

Бастауыш мектептің мұғалімі ЖҚТБ ауруларының клиникасына түскенде, оның неге сонша абыржығанын түсіну оңай. Оны ЖҚТБ-ға шалдықтың деген ой елеңдетпеген. Ол өлімнен де қорықпады. Оқушыларының біреуі оны ауруханадан көріп, ата-анасына немесе мектеп басқармасына оның қандай аурумен ауыратынын жеткізеді деген ой оның үрейін ұшыратын. Хабар жеткенде-ақ оның бүкіл атақ-абыройы төгіліп, неше жыл маңдай терін төккен еңбегі жермен жексен болады.

Қауым мүшелерінің біреуі палатама кіріп мені танып қоя ма деген қорқынышпен өмір сүретін қауым жетекшісін де түсінуге болады. Қауым қызметкерлері арасында ЖҚТБ-мен ауыратындардың саны ұдайы өсуде. Бұған таңғалуға болмайды. Егер адамның рухани қайта туылуы оны керемет арқылы вирустан азат етпесе, онда қауымның көптеген мүшелері олардың ұзақ жылдар бойы сенуші болып, сенімге келгеннен бері пәктігі мен адалдығын сақтағанына қарамастан, аурудан құтыла алмайды.

Көзге күйік болу

Егер ЖҚТБ-мен ауыратындарын жұмыс орындағылары біліп қойса, адамдар көбінесе жұмыстарынан айырылып қалады.

Бірнеше компанияның өкілдеріне мынадай сұрақ қойылған еді: Егер қол астыңыздағы жұмысшылардың біреуі АҚТҚ-ны жұқтырған болса, не істер едіңіз? Олардың тек азғантайы ғана жұмысшыны бірден жұмыстан шығарып жіберетінін мойындаған. Ал басқалары оның жұмыстан өзі кетуі үшін барлық жағдай жасайтынын айтқан. Осылай ма, емес пе әйтеуір ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың денсаулықтары жұмыс жасауға жарамды болса да, түбінде олардың жұмыссыз қалатыны айдан анық.

Қаталдық танытатын бизнесмендер ғана емес. Тура сол себеппен бір заңгерге: «Бізге сен сияқтылардың керегі жоқ,» — деп заттарын жинап, жұмыстан кетуін талап еткен.

Жоқшылықпен кешетін күн

ЖҚТБ-ға шалдыққаннан қаржы тапшылығына тап болғандардың саны күннен күнге өсуде. Жылжымайтын мүліктің иесі оны жалға алушының ЖҚТБ-ға шалдыққанын білсе, жалға алу уақытын ұзартудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Мүмкін, үй иесі одан пәтерін жалдайтын басқалар бұны естігенде көшіп кетеді деп немесе жаман сезімдерден қорқатын шығар, сірә. Осылай ма, жоқ па, әйтеуір, адам өзінің ЖҚТБ-мен ауыратынын білер-білместен үйіне қайтып келгенде, оның дүние-мүлкі далада жатқанын және құлыптың ауыстырылып қойылғанын өз көзімен көруі әдеттегі жайт.

Кейде бұған бірге тұрып жатқан ашынасы да кінәлі болады. Мен бір адамның ашынасының құлыпты ауыстырып үйге кіргізбей қойғанын және тағы да біреудің бұрынғы ашынасы үйінің дүние-мүлкін түгелдей, ақыр аяғы не орындығын, не шамын, не үстелін тіпті ұйықтайтын төсегіне дейін қалдырмай сыпырып-сиырып алып кеткен екі оқиғаны білемін.

Еріксіз қаңғыбас болғандар

ЖҚТБ ауруына шалдығудың нәтижесінде жоқшылыққа тап болып, үйсіз-күйсіз қаңғып жүрген адамдардың саны апта сайын көбеюде, ал кейбір елдерде бұл үлкен мәселеге айналған.

Мен кімге сенім арта аламын?

Осының бәрі ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның басында рак ауруымен ауыратындардың барлық мәселесі және бұған қосымша ажалы жасына жетпей аурудан келетінін білу қайғысы түседі.

Мен бұны екі аурудың түрімен де етене таныс дәрігер ретінде айтып отырмын. Бірақ ең сорақысы — айналадағы адамдардың реакциясы. Келесі кездестіретін адамым мені аяй ма, (ал ең жек көретінім — жұрттың мені аяғаны), әлде ол менің тезірек өлуімді тілеп,  барлығына да өзімнің кінәлі екенімді бетіме баса ма? Досым кім, дұшпаным кім? Егер мен өзімнің ауруым туралы досыма айтсам, ол бұл құпиямды сақтар ма екен? Ал ол бұл туралы тағы біреуге тіс жарғанша қанша уақыт өтер екен?

Осы бір шыңыраудан шығатын жол көпшілік үшін өзіне-өзі қол жұмсау екендігі таңғаларлық жайт емес. Күтпеген жерден көптеген туған-туыстары мен достарынан айырылу, ашу-ыза мен қайғы-мұң адамның күйін қашырып, ішкі жан дүниесін күйзелтеді.

Бесінші тарау

 Сіз қалай ойлайсыз?

 Бұл кімнің кінәсі?

Енді мен ЖҚТБ-мен (СПИД, ЖИТС) жыныстық қатынастың қалай байланысатынын және олар жайлы таралған кейбір көзқарастар туралы айтқым келеді. ЖҚТБ туралы сөз қозғалса болғаны, елдің бәрі эксперт-маман бола аламыз деп ойлайды. Ең алдымен ЖҚТБ-ның қайдан шыққаны туралы пікір алысады. Шынында мұны ешкім де білмейді. Біз АҚТҚ-ның (ВИЧ, АИТВ) жануарлар арасында тараған кәдімгі вирус түрлері сияқты әлемнің кейбір бөліктерінде өткен ғасырдың 60-жылдарында бар болғандығына күмәнсізбіз. Ол, мүмкін, қандай да бір қалыпта немесе түрде ғасырлар бойы бар болған шығар.

Көптеген ғалымдар вирустың алғашқыда Африкадағы жануарлардан жұқтырылғандығы ықтимал деп топшылайтындықтан, жұрт бұған қалайда Африка кінәлі деп ойлайды. Бұл мүлдем теріс пікір. Болашақта қандайма деректер ашылса да, ауру әйтеуір бір жерден басталуға тиіс қой және оның дәл сол тұстан шыққанына ешкім де кінәлі емес.

«Ақылдырақ болулары керек еді»    

Адамдар кінә тағуға асығатын басқа бір ауқымды аймақ — ол белгілі бір топтар мен жеке тұлғалардың ауру жұқтыру себептері. Біреулер бұған кінәлі тек қана АҚТҚ-ны жұқтырғандардың өздері деп есептейді. Егер осы адамдардың көзқарасын логикалық аяғына дейін жеткізсек, онда белгілі бір өмір салтын ұстанған кез келген адам автоматтты түрде өлім жазасына кесілуге лайық деген қорытынды шығады.

Ал басқалар АҚТҚ-ны жұқтырғандар жақсырақ білгендері жөн болар еді дейді. Бірақ олар бұл күндері, әсіресе, кедей елдерде ЖҚТБ-дан өліп жатқандардың көпшілігі бұл ауру жайлы бұқара халық хабардар болғаннан әлдеқайда ертерек ауруды   жұқтырғанын ұмытып кетеді.

Үшінші біреулер кез келген гей немесе нашақор өзінің жүріс-тұрысының дұрыс еместігін және соның салдарының қандай екенін түсінуі тиіс дегенге сенеді. Бұл вирусты жұқтырып алғандарды одан да кінәлі сезіндіреді. Соған қоса  олар білместен АҚТҚ-ны жұқтырған басқа адамдардың алдында өздерін одан бетер кінәлі сезінулері ықтимал.

Кінә тағу оңай  

Аурудың көпшілігі адамдардың өмір сүру салтымен біте қайнасатыны сондай, бұдан барып мынадай сұрақ туындайды: өмірінің соңғы қырық жылында күніне екі қорап темекі тартып, енді рак ауруынан тынысы тарылып, өлімге бет алған адамға жанымыз ашуы керек пе? Ал ішімдікті шектен тыс көп ішіп, жиналған кеште жығылып, аяғын сындырған жас қызға ше?

Ақыр аяғында адамның өзін кінәлап, оны жалғыз қалдырып, тастап кету жеңілірек. Бұл өзі үшін басқа біреудің мәселесін шешудің тез әрі таза жолы. Сіз оған қол ұшыңызды беремін деп өзіңізді кінәлауға міндетті емессіз, өйткені ол бәріне де өзі кінәлі ғой. Осындай көзқарасты ұстанған адамға ашығып жүргендерге де жәрдем берудің қажеті жоқ, өйткені олардың отбасыларының соншалықты үлкен болғанына өздері кінәлі ғой. (Әйтсе де, әлемнің тағы да бірнеше миллиард адамға тағам әзірлеуге мұршасы жететіндіктен, бұл айтылғандардың бәрі бос сөз.)

Қатыгез қауымдар

Мен ЖҚТБ-ға шалдыққан көптеген адамдарға күтім көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге қауымда жетекші болғандығымнан, адамдар менің сенуші ретінде ЖҚТБ туралы не ойлайтыным жайлы сұрақтарды жиі қояды. Адамдар әр түрлі пікірлер айтады. Кейбіреулер ЖҚТБ-ны бүкіл гомосексуалдар мен жыныстық қатынас жасайтын серіктері көп гетеросексуалдар үшін Құдайдың берген жазасы дейді. Ал келесілерінің пікірлері басқаша. Қауымның кейбір жетекшілері сенушілердің ЖҚТБ-тан аулақ жүрулері тиіс десе, басқалары әр сенуші  осы мәселеге байланысты қызметке ат салысуы керек дейді. Пікір айтарлықтай көп, бірақ біз бұлар жайлы қандай түйін жасауымыз керек?

Жеке көзқарас

ЖҚТБ Құдайдың қарғысы емес және ешқашан олай болмаған. Егер бұл қарғыс жыныстық серіктестері көп адамдарға бағытталса, онда неге лесбиянкалар (гомосексуал әйелдер) емес, гомосексуал ер адамдар мен гетеросексуалдар ғана жапа шегеді. Лесбиянкалар — біздің қоғамымыздағы (монах-тақуаларды есептемегенде) ЖҚТБ ауруы таралмаған жалғыз топ. Лесбиянкаларға өздері жыныстық қатынасқа түсетін әйелдерге АҚТҚ-ны жұқтыру өте қиын. Егер біз осындай үкім шығаратын көзқарасты ұстансақ, онда Құдайдың үкімі әділетсіз болып шығады, ал бұл мүмкін емес. Бұдан шығатын қорытынды: Құдай екі еркектің арасындағы, некеден тыс әйел мен еркектің арасындағы жыныстық қатынасты жек көріп, бірақ екі әйелдің арасындағы жыныстық қатынасқа мән бермегені ғой. Бұл нағыз сандырақ. Менің бір досым жақында былай деген еді: егер ЖҚТБ Құдайдың гомосексуалдар мен гетеросексуалдардың өмір сүру салтына деген ашуы болса және оны мылтықтан атылған оқпен салыстырсақ, онда Құдайдың онша жақсы мерген болмағаны ғой! Ал Африкадағы медициналық процедурадан вирусты жұқтырған он мыңдаған балалар ше? Сонда бұл қалайша өзі ауру әрі медициналық көмекке мұқтаж адамдарға Құдайдың қаһары болмақ?

Ешқандай жаңалық жоқ

Адамдар ЖҚТБ эпидемиясын ойлап қатты абыржиды. Олардың ойынша ЖҚТБ төбеден жай түсіретіндей тылсым дүние іспетті. Олардың жасы кішілері үлкендермен сөйлескені немесе тарихи кітаптарды оқығаны жақсы. Өзіміз байқағандай, ЖҚТБ жыныстық жолмен таралатын көптеген аурулардың бірі ғана. Бұл аурулар адамдар арасында жүздеген жылдар бойы болғандықтан, ЖҚТБ-ның де ғасырлар бойы қандай да бір түрде бар болуы әбден мүмкін.

Мерез (сифилис) Құдайдың қарғысы болып па еді? Ол бірнеше ғасыр бұрын бастап оба (чума) секілді таралып келді. Мерездің ешқандай дауасы болмады. Ол адамдарды бедеу етіп, түрлі аурулар туғызатын. Мерез жүректің, қан тамырларының, бүйректің, бауырдың ақыр аяғы мидың да жұмысын бұзған. Ертеректе бұл дерттің соңғы сатысын «санасыз мүгедек» деп атаған. Ол сондай жанға аса жағымды өлім емес!

Пенициллинді ойлап тапқан кезде неге Құдай кенет ойын өзгертіп, эпидемияның тоқталуына жол берді? Егер ЖҚТБ Құдайдың қарғысы болса, онда мерездің де қарғыс болғаны.

Киелі кітап бізге көптеген нәрселерден ләззәт ала алатынымызды, бірақ шектен асқандық біз үшін зиян екендігін айтады. Міне, сондықтан ішімдікке салыну жақсы емес. Осыған орай адамның ішімдікке салынып, бауыр циррозынан не басқа аурудан қайтыс болуын Құдайдың қарғысы деп айтуға бола ма?

Мен дәрігер болғандықтан ЖҚТБ-ның жай ғана ауру екенін білемін. Ол ұзақ уақыт бойы жануарларда болған әдеттегі вирустан шыққан. Секс — бұл еріншек вирустың бір адамнан екіншісіне берілуінің ыңғайлы әдісі және оған қоса вирустың мөлшері бірден көп беріледі. Болашақта ЖҚТБ-ның шипасы табылса, жыныстық жолдармен таралып, ауру тудыратын көптеген басқа қоздырғыштардың пайда болатыны даусыз. Сондықтан ЖҚТБ ешқандай гейлердің обасы емес және мен оны бәрімізді бірдей дүрліктіру үшін Құдайдың жіберген қаһары деп те ойламаймын.

  1. Себеп және салдар

Дұрыс ақыл бізге «өмірде еңбегіңе қарай жемісіңді жейсің» немесе Иса айтқандай «не ексең, соны орасың» дейді. Бұл Киелі кітапта айтылған сөзді мән бере қабылдайтын сенуші ретінде жеке пікірім. Мен сіздің менімен келісуіңізді немесе менің қорытындыларымды қолдауыңызды сұрамаймын, әйтсе де, бұның бәрі дұрыс ақылмен бір ымыраға келеді деп ойлаймын.

Егер адамдар басқалай өмір сүрсе, аурудың көпшілігінен құтылуға, тіпті жоқ дегенде аурудың түрін жеңілдетуге болатындығын кез келген дәрігер біледі. Адамдар өз денсаулықтарына көбірек мән бере бастағандықтан, кейбір елдерде жүрек-қан тамыры аурулары сәл де болсын сирегірек кездесетін болды. Олар өздерінің салмақтарын қадағалап отырады, дене шынықтыру жаттығуларын жасайды. Көптеген елдерде шылым шегу де азая бастады. Бұл, әрине, жақсылықтың нышаны, өйткені никотин адамды нағыз тәуелділікте ұстайтын есірткінің бір түрі. Сіз әрбір шылымды шеккен сайын никотинді жұтып, тыныс тарылтатын түтінді ішке сорасыз. Темекі тарту жалғыз Ұлыбританияның өзінде бір жыл ішінде 120 мыңға жуық адамның өмірін алып отырады.

Денсаулық сақтаудың алдын алу жүйесінің бәрі де адамдарға аурудың себебі мен салдарын көрсетуге негізделген: егер сіз темекі тартсаңыз — өкпеңізге зиян келтіресіз; рөлге мас күйіңізде отырсаңыз — жолдан шығып, біреуді басып кетесіз; таңертең ішімдікке тойып алсаңыз — күні бойы өзіңізді жаман сезінесіз; залалданған инемен егілсеңіз — гипатитті не ЖҚТБ-ны жұқтырып алуыңыз мүмкін.

Себеп және оның салдары — бұл біз жастайымыздан бастап үйреніп алуға тисті сабақ. Менің қызым бас бармағын есікке қатты қысып алғаны соншалық, оны ауруханаға апаруға тура келді. Сол кезде оның саусағы қатты ауырды, ал қазір әбден жазылған сап-сау. Нәтижесінде ол есік пен босаға арасындағы қуысқа саусағын салмауды үйренді, өйткені есік жабылып қалса, қолды қатты ауыртады.

Мен қызымды жақсы көретіндіктен, оны зардабын тигізетін барлық нәрседен қорғануға тырысамын. Егер ол әпкесі жататын екі қабатты төсектің үстіңгі жағына шығып кетсе, мен оны түсіріп аламын, себебі ол құлап кете ме деп қорқамын. Ол бір рет сол жерден құлағаннан кейін қайтадан шықпайтын шығар, бірақ мен оның құлап түсуін мүлдем қаламаймын. Бала кезіңізде ата-аналарыңыз сізге «оны бүйтпе, бұны сүйтпе» деп күніне жүз рет айтқан шығар. Олар бұның бәрін тек сіздің қамыңызды ойлағандықтан, сіздің қауіпсіздігіңіз үшін айтатын. Анаңыз, мысалы, пештің есігі ыстық екенін және оған қолыңызды тигізсеңіз қатты күйіп қалатыныңызды айтқан шығар.

Бірақ ешбір адам баласы айтқанды тыңдайтын тіл алғыш болып туылмаған. Әдетте бұл бір не екі келеңсіз жағдайды талап етеді: «Мен саған айттым ғой. Сен тыңдамадың. Келесі жолы менің айтқан тілімді алатын бол.» Міне, біз осылайша үйренеміз.

Қызық  ойлар

Кейбір адамдардың Құдай туралы ойлары қызық болады. Олар Оны қандай да бір ғарыш тираны не бұзақы, я болмаса Онымен ешқашан тілдесе алмайтындай айдаладағы біреу деп ойлайды. Киелі кітап бізге Құдайдың жердегі тәндік әкемізден мың есе жомарт та қайырымды Әке екендігін айтады. Ол бізді сүйеді және Өз балаларына қарағандай біздің қамымызды ойлайды. Ол әрбір адамға дүниедегі жалғыз адамдай қарайды.

Біздің қамымызды ойлайтындықтан, Ол бізге жәрдем беруді қалайды әрі қателік жасаудан сақтайды. Әйтсе де, Ол бізді жеке тұлға ретінде құрметтейді және ешқашан Өз ырқына көндіріп, өмірімізге үстемдік етпейді. Ол үнемі біздің қасымыздан табылып, қол ұшын беруге әрқашанда дайын, бірақ біз Одан Оның көмегін сұрауымыз керек. Ол еш уақытта бізді мезі қылмайды және ешқашан бізді жалғыз тастап кетпейді. Біз ұзақ уақыт бойы Оған бетімізді бұрмай жүре аламыз, бірақ Ол бізді құшақ жайып қарсы алуға әрдайым дайын. Біз Оны өзімізге деген сүйіспеншілігінен айыратын еш нәрсе істей алмаймыз. Әйтсе де, біз Одан алыстап кетуге әуеспіз және бұның бізге осы өмірде де, болашақ өмірде де зардабы тиеді.

Мен Исаның жоғалған ұл туралы айтқан астарлы әңгімесі жайлы жиі ойланамын. Жас жігіт қалаға барып ойына келгенін істеу үшін әкесінен кетіп қалады. Алайда көп ұзамай-ақ өз бетімен кету сорақы өмір екенін түсінеді. Оның өмірінің расымен-ақ шырқы кетеді. Барлық ақшасын жұмсап бітірген соң, ақыр аяғы тамақ сатып алу үшін, мардымсыз тиын-тебенге бола жұмыс істеуіне тура келеді. Ол әкесінің өзін кешіріп, қайта қабылдайтынына күмәнданады.

Ақырында әбден күдері үзілгеннен кейін, тіпті әкесі оны отбасы мүшесі ретінде қабылдамаған күнде де, тіпті үйге құл болсам да, қайтып барайын деп шешеді. Ол үйіне жақындап қалғанда уайымдай бастайды, бірақ әкесі оның үйге келе жатқанын алыстап байқап, оған қарай жүгіреді. Ұлы қатты ұялғанынан әкесінің бетіне де қарай алмайды, бірақ әкесі оны құшақтап үйге кіргізуге асығады. Отбасының кейбір мүшелерінің жақтырмағанына қарамай, барлық жұмысын тастап, мерекелік ас дайындайды. Иса бізге бұл астарлы әңгімені біз Құдайдан тым алысқа ұзап кетсек те, Оның сүйіспеншілігі ешқашан сарқылмайтынын көрсету үшін айтқан.

Киелі кітап мен үшін салауатты өмірдің таптырмас жолбасшысы. Бізге Киелі кітапта тыйым салынған нәрселер тым көп болып көрінеді: олай істеме, бұлай істеме. Менің балаларым айтқандарымның бәрі де шын мәнінде олардың пайдасы мен бақыты үшін екендігін түсінбесе, мені тым қатал адам деп есептер еді. Тым ессіз әке болу үшін өз балаларының өміріне қауіп төнуіне әрдайым ықпал етіп, соны көре тұра қол қусырып отыра беру керек. Егер Құдай адамдар қаулаған әлемді жаратып, олар мұқтаж болғанда ешқандай көмек те, ақыл-кеңес те бермей, әлемді адамдардың өз қарамағына беріп қойса, бұл Құдай тарапынан тым ерсі болып көрінер еді.

Өз өмірінің тамырына өзі балта шабу

Құдай сіздің қателіктердің салдарына қалай жол бермеуді, бақытты да баянды өмір сүру керектігін білгеніңізді қалайды. Киелі кітаптың іші себеп пен салдардың мысалдарына толы. Шын мәнінде бұны Киелі кітаптағы Құдай сөзінің аса маңызды бөлігінің бірі деп айтуға болады.

Киелі кітап бізге егер өз өміріңізге өзіңіз нұқсан келтіргіңіз келсе, адамдармен қарым-қатынасыңызды үзу оның ең жақсы жолы екендігін айтады. Жай ғана кез келген бір адаммен емес, қайта сізге ең жақын достарыңызбен, туыстарыңызбен не құрбыларыңызбен қарым-қатынасты үзу.

Ал егер сіз отбасыңызбен қарым-қатынасыңыздың түп тамырын үзгіңіз келсе, онда некеде тұрмайтын бөтен адамдармен жыныстық қатынасқа түсу — мұның ең жеңіл жолы.

Өмірдің соңында жалғыз қалудың жолы

Бірқатар адамдар  35-45 жас аралығында ерекше қиын күй кешеді. Олар өмірде некелесіп отбасын құрғанша, некесіз бірге тұра берген артық деп ойлайды. Алайда екі-үш байланыстан кейін олар қайтадан жалғыз қалады. Мүмкін, олардың анда-мында тарыдай шашылып жүрген балалары бар шығар, бірақ олармен ешқашан кездеспейді.

Көптеген әйелдер күндердің күнінде отбасын құрамыз деген мүмкіндіктерінен айырылып қалғанын байқайды. Дүниеге нәресте әкелетін уақыт баяғыда-ақ өтіп кеткен, ал тұрмысқа шықсам, балаларыма жақсы әке болады-ау деген жігіттер баяғыда басқалардың құшағында кеткен.

Ерлер де өмірдің бітпес сауық-сайраны аяқталғанын әрі жасы келіп қалғанын кенеттен түсінуі мүмкін. Олар енді бұрынғыдай көз тартарлықтай күші тасыған азамат емес. Олардың есіне аларлықтай естеліктері болғанымен, өмір бойғы қарым-қатынасы жоқ және оны қайдан табарын да білмейді, өйткені олардың ойларында жүрген әйелдердің көбі баяғыда-ақ өздерінің теңін тауып алған.

Шаңырақты шайқаудың жолы

Егер еркек бір-ақ күнде өзінің шаңырағын шайқауды қаласа, ол үшін, мысалы, әйелінің досымен махаббат құрып, әйелінің көзіне шөп салудың өзі жетерлік. Оған қоса ол өз балаларынан да айырылып, тіпті дос-жарандарының сыйластығынан ада қалуы мүмкін. Осындай жағдай басына түскендерге көмектесейтін біздер адамдар неге мұндай көзге анық түсетін нәрселерді көрмейді деп қайран қаламыз. Олар сондай нақұрыс шешімдерді қабылдауын доғармайтындықтан, кез келген есі дұрыс адам оларға сырттай қарап, бұның бәрі бақытсыздықпен бітетінін көре алады.

Егер сіз жас жігіт болып некеңіздің аз-ақ жыл ішінде күлпаршасы шығатынына сенімді болғыңыз келсе, оны жүзеге асыру үшін қалған уақытыңызда мүмкіндігінше барлығымен бірдей төсек қатынасына түсу ең тиімді жол. Бұндай мінез-құлықтар төлқұжатқа мөр басқаннан немесе неке қию рәсімін өткізгендегі бір сағат ішінде еш өзгермейді.

Егер сіз миыңыз бен денеңіздің белгілі бір жолмен жүруін бағдарлап қойған болсаңыз, онда бір сағат ішінде адал да мүлтіксіз әйел не күйеу болып шығу қиынға соғады.

Некеге дейінгі жыныстық жақындық сіздің жұбайыңызға аса үлкен қысым келтіреді: «Джеки төсекте сенен әлдеқайда жақсы болатын. Ол мені шынымен қоздыра алатын.» Немесе «біз төсекке әр кез жатқан сайын, Биллдің мені қалай құшақтағанын ойлаймын… Ол бұны былай істейтін.»

Мен өмірімде жыныстық қатынасқа түскен жалғыз жан өз әйелім екендігіне қуанамын. Біз он бес жасқа толғаннан бастап ол менің ең жақын досым болып және біз, міне, 24 жыл бойы бақытты некелі өмір сүріп келе жатырмыз. Сонымен бірге мен үйленгенге дейін екеуіміздің де ешқашан төсек қатынасына бармағанымызға қуанамын. Бұл біз үшін екеуіміздің бір-бірімізге деген адал берілгендігіміздің көрсеткішіне айналды. Неке қию күніне дейін бәрін де өзгертетін мүмкіндік болды. Көптеген атастырылған жастар үйленбей қалады, ал неке құрғандардың көпшілігі бақытсыз өмір сүреді.

Адамдар бақытты некеге не жататынын және өз теңіне қосылайын деп жатқанына көз жеткізу керектігін білгендері абзал. Ең жақсы негіз ол — достық қатынас, ортақ қызығушылық пен ортақ сенім. Отбасыңыз бен достарыңыздың қолдауы да маңызды екені рас, өйткені қиын-қыстау күндері олардың қолдауы өмір сүруіңізге жеңілдік береді. Бәріміз де өсе келе өзіміз де, алға қойған талаптарымыз да өзгеретіндіктен, өмір бойына құрған кез келген қарым-қатынас көптеген хикаяларды бастан кешеді.

Біз жұбайымыз екеуіміз ара-қатынасымыз үшін өзімізге ортақ тіл ойлап таптық. Ол ешкімге емес, тек екеуімізге ғана тән. Бұл біздің құпиямыз. Осы ерекше кеңістікке ешкім де бас сұға алмайды. Әрбір кездескен сайын біз осы өзгеше бірлігіміз бен берілгендігіміздің белгісін қолданамыз.

Киелі кітап әйел мен еркек қосылғанда олар қандай да бір мағынада «біртұтас» болатындығын айтады. Секс дегеніміз — бұл жай сезім ғана емес, ол құпия да. Ең жақсы жұбайылық өмір әдетте тек бір ғана адаммен тұрақты махаббат құратын, уақытты бірге өткізетін, өздерін толықтай некеге арнайтын, өздерін ерлі-зайыптылардың бірі ретінде мән бере қабылдайтын, бір-бірін шын ниетпен тыңдайтын және әрқашан дүниеге жұбайының көзқарасымен қарауға тырысатын адамдар арасында болады. Ал бұл бір-біріне тәндік ләззәт бере алуды да қамтиды.

 

  1. Жақсы жыныстық қарым-қатынастағы өмір

 

Жыныстық қатынас, яғни, секс дегеніміз — тәндік әрекеттен де көп нәрсені білдіреді. Мен медицинада адамдарға жөндеуге не жеке бөлшектерін ауыстыруға болатын машиналарға қарағандай қарағаннан мүлдем аулақ кеткенімізге қуанамын. Себебі адам машина емес адам ғой. Жалпы медицина тұрғысынан қарайтын болсақ, біз адамның бүйректегі тастан не аппендициттен маңызды екенін мойындаймыз. Оның адамдық болмысын құрайтын жеке мұқтаждықтары, сезімдері, үміті мен үрейі бар екенін және осының бәрі шын мәнінде аурудан әлдеқайда маңызды екенін де білеміз. Ауру — қолайсыздық. Ол сенің шынында кім екеніңдей болуыңа кедергі жасайды.

Беттері жылтыраған журналдар сексті керемет шипа немесе сәндік әшекей секілді көрсетеді. Күнделікті секс барлық мәселені шешіп, ақыр соңында дәрігерлерді бізге қажетсіз етеді деген әсерде қалдырады. Егер сіз жүйелі түрде жыныстық қатынас жасап тұрмасаңыз, онда ол сізді жетілмеген, жыныстық қатынасқа салқын не қабілетсіз немесе кәдімгі ақымақ деп ойлауға мәжбүр етеді. Бірақ мен бұл жерден ерекше рақатқа бөлену мен толымдылықты байқамаймын. Дәл сол журналдар төсек қатынасында бағы жанбаған адамдардың әңгімелеріне толы. Олар бұл жайлы біреуге айтудан қорқады, сондықтан оны қағаз бетіне түсіруге мәжбүр.

Секс дегеніміз — театр қойылымы емес. Бұл, мүмкін, адамзатқа тән тығыз қарым-қатынас пен терең сезімді білдіру жолы шығар. Бірақ егер әңгімеңіз жараспаса, ол сіз үшін ләззәт бермейтін келеңсіз әрі бос дүние, тіпті ақыр аяғы еш пайдасы жоқ кез келген өткінші сезімге айналады.

Колледжде оқып жүрген кезімде бір қыз бен жігіттің менің бөлмеме келгені есімде. Сол түні олар бір-бірімен бірнеше рет төсектес болды, бұл екеуінің де алғашқы жыныстық қатынас тәжірибесі еді, бірақ олар осылай істегеніне кейін қатты өкінді. Олар сенуші емес еді және олардың адамгершілік қасиеттеріне бұның еш қатысы болмады. Олар сексті суға ерімейтін кофе деп түсінген: яғни, екі адамның махаббаттың тілін тауып, бірін-бірі рақатқа бөлеуді үйренулері үшін уақыт керек. Алайда олар бұны тым ерте бастаған.

Мен әйеліммен жақындасқанда оған ешқашан одан өзге ешкіммен төсектес болмағанымды айта алатыныма қуанамын. Менің тәнім тек қана онікі және менің өзім де онікімін. Бұнда бір үлкен күш бар. Егер басыма қиындық түссе — бұндай уақыт кез келген қарым-қатынаста болады — мейлі ол ұзаққа созылмаса да, басқа әйелмен жыныстық қатынасқа түсуге азғырылудан арашалайтын кедергі мен үшін «кім көрінгенмен төсектес бол» деген бұрынғы әдетке оралудан әлдеқайда жоғары.

 

Жақсы жыныстық қатынастағы өмірдің құпиясы

Дегенмен, әуел бастан толықтай бір-біріне жарасымды жұп болмайды. Тығыз қарым-қатынасты орнату уақытты талап етеді. Адамдар әр түрлі, міне, тура сол сияқты ерлі-зайыпты жұптар да бірегей, әртүрлі келеді. Бір адамның жаны рақат табатын нәрседен екінші адамның жиіркенуі мүмкін. Жақсы жыныстық қатынас құру үшін бір-бірімен оңаша жеке жерде уақыт өткізіп, қамқорлап, демеу беріп, түсінісіп әрі ұнамды дұрыс қарым-қатынас жасау керек. Мүмкін, көптеген жұптардың бір-бірін неғұрлым жан-жақты, жақсырақ танып-біле бастағаннан кейін, олардың төсек қатынастарының да жақсара түсетіні дәл осы себептен шығар. Ең негізгі талап — жұптың екеуі де бір-біріне толығымен алаңсыз беріле алатындай толықтай оңаша да алаңсыз жағдай болуға тиіс. Ал бұл жылы да жақын қарым-қатынас, әсіресе, әйелдер үшін маңызды. Өзіңізді толықтай қауіпсізбін деп сезінгенде ғана мүлдем еркін бола аласыз.

Егер төсек қатынасы ерлі-зайыпты арасындағы жылы да жақсы қарым-қатынаспен толықтырылмаса, онда жұбайлар толықтай емес, жарым-жартылай ғана ләззәт алумен шектеледі. Бұл одан да жақсырақ қатынасты іздеуге себеп болады. Басқа адам немесе «бұны жасаудың» басқа бір әдісі бұрынғылардың бәрінен де жақсырақ болып көрінуі мүмкін. Әрине, қауіпті төсек қатынасы сізді баурап алуы мүмкін, міне, көңілдестіктің тартымдылығы осында, бірақ жұбайыңыздың көзіне шөп салудан гөрі тұрақты қатынасты жаңартудың көптеген жақсы әдістері бар: айталық, екеуіңіз үшін де әдеттен тыс жерде махаббатпен айналысуыңыз.

 

Жақсы жыныстық қатынасты бұзудың жолы

Көптеген елдерде қыздар бұндай нәрселерді әдетте өздері кездесіп жүрген ер адамдардан әлдеқайда ерте түсінеді. Оларға тұрақты әрі қауіпсіз махаббаттың артықшылықтарын айтудың қажеті жоқ. Шын мәнінде (өздерінің шешіміне /ойына қарсы) кейбіреулердің достарымен төсектес болуға келісулерінің негізгі бір себебі — өздерін құрбыларына ұсыну арқылы олармен ұзақ уақыт қарым-қатынаста бола аламыз деген үміттерінде.

Өкінішке орай, тәжірибе бізге бәрінің де керісінше екендігін айтады. Сол қызды сыйлап, тіпті табынып жүрген жігіт оған енді басқа құнсыз қыздар секілді қарайтын болады. Әйелдердің еркектерді өзіне қаратуының ең негізгі әдістерінің бірі — ол әйелдің құпиясы, ал өзінің досымен төсектес болуға келіскен сәтте-ақ, құпияның ашылуына қауіп төнеді. Киелі кітап еркек әйелмен жақындасқанда, ол оны «танып-біледі» дейді. Қандай да бір мағынада оның жан дүниесінің сыры ашылады.

 

  1. Жыныстық қатынас және қауым

 

Қауымдағы абыржу

Құдай жыныстық қатынасты жаратқан: ал некеден тыс болатын жыныстық қатынасқа Ол қамығып, ренжиді.

Қазіргі кезде қауымның кейбір бөліктерінде барлық сұрақтарға байланысты қайшылықтар байқалады. Қайта тірілу ешқашан болмаған және Киелі кітапқа толықтай сенуге болмайды деген оймен Исаны Құдай Ұлы деп қабылдамай, Оның пәк қыздан туылғанын мойындамай-ақ, кейбір елдерде епископ болуға болады деген әсерде қаласыз. Қауымның көптеген тарихи ілімдері мен Киелі кітаптың маңызды бөліктерін қабылдамауды ұйғарған адамдардың тобы құрылғаннан кейін, үлкен мәселе туындайды. Нәтижесінде кез келген адамның пікірі маңызды болады. Демек, қанша адам болса, сонша дін бар сияқты көрінеді.

 

Адал болу — ер жүректілік

Егер мен Киелі кітаптың өмір туралы не айтатынын түсіну үшін оны әр жерінен, 1-2 аяттан емес, шынымен толықтай мұқият оқып шықсам, онда маған өте-мөте сақ болу керек. Контекстің әрбір жерінен сөздерді теріп алып, оны өз дегеніңізге келтіріп талқылау тіптен қиын емес. Өте маңыздысы — жалпы мағынасы.

Мынау — Киелі кітапта жыныстық қатынас туралы айтылған нәрселерге байланысты жасаған менің қорытындыларым. Сіз Киелі кітапты өзіңіз үшін оқып шығуыңыз керек. Не жайлы айтылып жатқанына көзімді анық жеткізу үшін, егжей-тегжейлі конспект жазып, анықтама әдебиеттерді қолдана отырып үш жыл ішінде мен Киелі кітапты қатарынан үш рет оқып шықтым. Менің айтайын дегенім — сол жұмысымның нәтижесі.

Киелі кітап бізге әуел баста Құдай әйел мен еркекті Өзіне рухани жағынан ұқсас етіп жаратқандығын үйретеді. Құдай еркектің әйелге үйленгенін және бір-біріне өмір бойы бағышталған әйел мен еркекті біріктіретін жыныстық қатынастың ғажайып сый әрі құпия болғанын қалады.

Осы жомарт тәндік махаббаттан қауіпсіз әрі сүйіспеншілікке кенелген шаңырақта ата-әжелерімен, аға-әпкелерімен, жиен-бауырларымен және отбасы өміріне өз еркімен ат салысатын жалғыз басты адамдармен бір ұяда өсіп-тәрбиеленетін балалар дүниеге келеді.

Неке — қоғамның негізгі іргетасы. Сондықтан сенуші ата-анасы ажырасып кеткен, отбасында зорлық-зомбылық болған, ерлі-зайыптылар бір-бірін алдап, көздеріне шөп салған, әрі бір-біріне қолдау көрсетуден қалған жанұяда жүрегі қатты жараланған, жасқаншақ, өз-өзіне сенбейтін балалардың өсетінін көргенде, оған таңғалмайды. Вандализмнің, есірткі мен ішімдікке салынудың және басқа да жағдайдардың көптеп байқалуының себебін жастардың бақытсыз отбасынан көруге болады.

Киелі кітап жақсы да тұрақты некеге септігін тигізетіндердің бәрін қолдай отырып, некенің қоғам қалыптасатын іргетас іспетті рөлін мойындамайтын нәрселердің бәріне қарсы шығады. Кейбір батыс елдерінде неке орынсыз нәрсе болып санала бастаған. Неке — сән-салтанат емес. Жарнама суреттеріне көз салыңызшы. Некелік сақинаны тағып жүрген — жастар маңызды емес — әйелдер көп пе?

Мансап  қуған әйелдер балалы болуды  алдыңғы он жылдыққа қалдырады. Өкініштісі сол, ақыр аяғы әйел сәбилі болуды қалаған сәтте көбіне өзінің дүниеге нәресте әкелу қабілетінен айырылғанын біледі, ал денсаулығы нашар не жарымжан бала табу қаупі одан бетер күшейеді. Медицинада тұңғыш баласын отыз жастан кейін босанған әйелдер «кексе» ана болып есептеледі, өйткені дәрігерлер әйелдердің денесі тұңғыш баланы тым кеш босануға жаралмағанын біледі.

 

Жыныстық қатынас неке үшін жаралған

Киелі кітап некені жақтап, оған қауіп төндіретін барлық нәрсеге қарсы тұратындықтан, ол жыныстық қатынастың тек некелері қиылған ерлі-зайыптылар арасында болуға тиіс екенін мақұлдайды. Жүкті болуға қарсы дәрілер ойлап табылғаннан шамамен жиырма жыл бұрын төсек қатынасы жүкті болып қалу қаупін білдіретін, ал нәресте үнемі әке мен шешеге мұқтаж. Кез келген отбасылық дәрігер сізге кездейсоқ қарым-қатынастың балаларға да, отбасы өміріне де кері әсерін тигізетінін айтады. Иса некеден тыс болған жыныстық қатынас — күнә деп үйрететін дәстүрлі іліммен келісетінін анық айтады. Шын мәнінде Ол одан әріге барып, некеден тыс жыныстық қатынас туралы ойлардың өзінің — күнә екендігін айтады.

Мен сіздердің мұнымен келісулеріңізді сұрамаймын. Менің бір өтінерім: өзіңізге адал болыңыз, Киелі кітаптың шын мәнінде айтары да осы екенін ең болмағанда мойындаңызшы. Қауым әуелден-ақ осыған үйреткен, әйтсе де, өз заңдарын орнатып, нәтижесінде қауымнан алшақ қалған азын-аулақ адамдар топтары әрқашанда табылатын. Бұл ілім қандай да бір деноминацияның емес, Исаның кезінен бастап мейлі католик, мейлі православие, мейлі протестант немесе басқа болмасын барлық қауымдарға арналған. Шын мәнінде бұл — әрқашан сенушілерді біріктіретін аздаған нәрселердің біреуі.

 

Шектен шығу

Кейбір адамдар бір жынысты өзара ынтызар ерекше адамдардың бар екенін дәлелдеуге тырысқан. Киелі кітап бізге адамдардың нәпсілерінің қозуы көптеген түрлі жағдайларда болатындығын айтады. Бұл айдан анық. Киелі кітап еркектің еркекпен, ересектердің балалармен, еркектердің өз аналарымен, адамдардың жануарлармен жыныстық қатынасқа түсетіні жайлы, жын-ойнақ, жезөкшелік және көптеген басқа нәрселер туралы айтады. Гомосексуалдардың жыныстық қатынасы жайында Киелі кітаптың бірқатар жерінде тікелей айтылады — ол тыйым салынған нәрселердің бірі.

Дегенмен, Киелі кітап сонымен қатар, мысалы, Рут пен Нағима секілді әйелдер және Дәуіт пен Жонатан секілді ер адамдар арасындағы жақын, жылы қарым-қатынас туралы да суреттейді. Егер қаласа, Дәуіт пен Жонатан тәндік тұрғыдан өте жақын бола алар еді, бірақ олар өзара жыныстық қатынасқа әуестенбеді.

 

Кезінде жұртқа тартымды көрінген  сенім

Адамдар бұл әділетсіздік қой дейді. Өзінің сүйген жігітінің басқаға үйленгенін білген қызға немесе Исаның соңынан ергендердің арасында некелесуге лайықты ешқандай қалыңдық жоқ деп ұйғарған жігітке жалғыз қалуға мәжбүр екендіктерін қабылдау өте қиын. Ал айналасында әйел не күйеу боларлық адамдар толып жүрсе де, бірақ олардың қай-қайсын да жұбай ретінде көз алдына елестетуге болмаса және бірде-біреуі болашақ ана не әке деп сенім артуға лайықты болмаса, онда бұл одан бетер қиынға соғады.

Біз осы жыныстық қатынас үстемдік етіп тұрған заманда ер адам басқа адаммен төсектес болып, өзінің жыныстық белсенділігін көрсетпесе, онда ол табиғат заңына қайшы деп есептеуге дағдыланып кеткенбіз. Бұл әйелге де қатысты, бірақ оның бір ғана айырмашылығы бар: әдетте жас жігіттің жыныстық сұранысы жас келіншекке қарағанда әлдеқайда жоғары. Өмірінің жартысында бұл жағдай көбіне керісінше өзгеретін болады.

Мәсіхшілік сенім сәнді (мода) қумайды және мәсіхтік дәстүр некесіздікті, яки пәктікті әрдайым жоғары тұтқан. Бұның үлгісін бізге Исаның Өзі және елші Пауыл да көрсеткен. Қауымның алғашқы құрылған уақытында жыныстық азғындыққа түскен адамдар көп болған. Бірақ Иса да, Пауыл да Құдайдың бәріміздің алдымызға қойған мақсаты ретінде тұрақтылықты, тәртіпті, ұстамдылықты, пәктікті және адалдықты сақтауымыз керектігін нақты айтады. Келесі жүзжылдықта адамдар жыныстық қатынас пен жыныс жолдары арқылы таралатын жұқпалы аурулар үстемдік етіп тұрған заманда жүктілікке қарсы ойлап шығарылған дәрілерден кейін туып-өскен бірінші және екінші ұрпаққа таңғалып қарайтын болады. Өкінішке орай, олар шаңырақтың шайқалып, отбасының күйреуі жүз миллиондаған балалардың обалына қалатындығынан байқалмауы мүмкін емес.

 

  1. Күтім көрсету — келісу емес

 

Мүмкін, сіздер менімен келіспейтін шығарсыздар. Менімен келісуіңізді сұрамаймын да, бірақ мен сіздің пікіріңіз сияқты құнды, екі мың жыл бойы өзгеріссіз тұрақты келе жатқан Қауым ілімінің бейнесін көрсететін пікірді жазып шыққанымды көрсеңіз екен деймін.

 

Іс жүзінде күтім көрсету

Бір әйел маған ЖҚТБ ауруына шалдыққандардың өздерін ауруға душар еткен бұрынғы өмір сүру салтын құптамаса да, науқастарға жандары ашып, оларға күтім көрсететіндігі үшін кейбір сенушілерге налитынын айтқан еді.

Мен оған оның күтім көрсетуді келісумен шатастырып алғанын айттым. Медицинада бұл екі сөз бір мағынаны білдірмейді. Егер мен дәрігер ретінде өзім қолдайтын партияға дауыс беретін, менің сенімімді ұстанатын, мен баратын қауымда Құдайға табынатын және менің қалауыма қарсы еш нәрсе істемейтін адамдарды ғана емдейтін болсам, онда мені дереу медицина саласынан қуып шығу керек болар еді. Дәрігерлер мен медбикелер ауруға шалдыққан кез келген науқасқа, оның сол ауруға қалай шалдыққанына қарамастан, көмекке мұқтаж адамдардың бәріне жанашырлық танытып, күтім көрсетуге тиісті. Осының бәрі жәрдем берушілерге де қатысты.

Бүгінгі күнде бүкіл әлемде ЖҚТБ-ға шалдыққандар мен аурудың алдын алу жұмыстарын атқаруда қауымдардың алдыңғы қатарда тұрғандығын көру қуанышты.

 

Алтыншы тарау

 

Сіз қайда бара жатырсыз?

 

Өлім аузында жатқандарға күтім көрсету үшін ең алдымен өлім жайлы өзіміз не ойлайтынымызды біліп алған жөн.

 

Қатыгездіктің озбырлығы

Өлімнің бетіне көз алмай қарау үшін ержүректік керек. Бұндай жағдай ең алғаш рет мен мектепте оқып жүргенде болған. Мен машина көп жүретін жолмен келе жатқанымда кенеттен бір әйелді автобустың қағып кеткенін көрдім. Ол қансырап, дем ала алмай тұншыға қырылдап жерде жатты. Біз бәріміз оның жанына жиналдық. Мен ешқашан мектепте алғашқы жәрдем көрсеткен емеспін және сол сәтте не істеу керектігін білмедім. Біреу зақымданған әйелдің басын көтерді. Жүрегі аузына тығылып, есі шыққан жүргізуші кабинадан шықты, «жедел жәрдем» шақырдық. Мен алысырақтан әйелдің кенеттен құсып, қақалып, бірден көгеріп барып жан тапсырғанын көрдім.

Мен болған жағдайдың қатігездігіне қайран қалып үйге қарай бет алдым. Біз бұндай сан алуан жағдайларды теледидардан үнемі көреміз, бірақ сондай жағдай өз көз алдыңызда болғанда, ажалдың шынайылығын сезінеміз. Мен кейінірек әлгі әйелдің шалқасынан жатып, құсығына шашалып өлгенін естігенде, одан бетер жаным түршікті.

Өліммен екінші рет мектепті бітіре салысымен бетпе-бет келдім. Кешкі уақыт болатын, жаңбыр жауып тұрды, мен үлкен екі қабатты автобустың астыңғы салонында отырған едім. Оның артқы есігі ашық болатын. Автобус жылтыраған қара жолмен зымырап келе жатқан, кенеттен мен арт жақтан жерге шашылған ұсақ тиындардың сылдырын естідім. Мен артыма қарап, еш нәрсе байқамадым. Бірақ артқы терезеден кондуктордың жолда жатқанын көргенде, жүрегім зу ете қалды. Ол тайғанап барып, басын кабинаға соғып, автобустан құлап кеткен.

Мен жүгіріп барып ауыр автобус тоқтағанша қоңырауды өлгенше бастым. Автобустан секіріп түсіп, артқа қарай жүгіре жөнелдім. Шұбырған машиналар легі тоқтап қалыпты. Біреуінен бір медбике шығып, апатқа ұшыраған адамға алғашқы жәрдем көрсетті, бірақ ол бәрібір өліп кетті.

Біздің көпшілігімізге өлім туралы айтқан ұнамайды. Біз өлімнің бар екенін мойындамаймыз. Егер кейбір адамдардың сөздеріне құлақ салсақ, олар ешқашан өлмейтіндей әсерде қаламыз. Кейбір елдерде жерлеу рәсіміне балаларды қатыстырмайды, мүмкін, үлкендер үшін балалардың көзінше жылау ыңғайсыз шығар.

Дәл осы белгісіздіктің алдындағы өлім қорқынышы — ЖҚТБ-ның неге соншалықты сұсты болып көрінуінің басты себебі. Адамдар менен рак ауруына шалдығып өлім аузында жатқандардың, кейінірек ЖҚТБ ауруларының қасында қалайша ұзақ уақыт өткізгенімді жиі сұрайды. Жауабы қарапайым: өйткені мен қайтыс болғаннан кейін қайда баратынымды білемін.

Мен енді ғана дәрігер болып жұмысқа кірген кезімде алғашқы пациенттерімнің бірі рак ауруы соңғы сатыға жеткен орта жастағы әйел болды. Бір күні кешкісін мен оның жанында отырғанымда, ол кенеттен менің қолымды алғаны есімде. «Мен өлгеннен кейін сіз мені ұмытпайсыз ғой? — деп сұрады. Мен басымды изедім. Содан соң ол: — Сіз өлгеннен кейін қайда баратыныңызды білесіз ғой, солай ма? Сіз Құдайға сенесіз ғой?»

Мен оған өзімнің сенімім жайлы ешқашан айтқан емеспін. Менің киімімде ешқандай белгі жоқ, мен өзіммен бірге Киелі кітапты алып жүрмеймін, әйтсе де, ол бір нәрсені сезді. Ол менің оның өлімін тыныштықпен қабылдайтынымды түсінді. Оның аурудан айығуына деген ешқандай үмітім қалмағанына қарамастан, менің өзін тастап кетпейтінімді және қорықпайтынымды көрді.

Өлім жайлы түрлі ойлар біздің қартайған шағымызда келеді. Әдетте балалар өлімге тура қарайды. Өлімге душар бүлдіршіндер өлімді өмірдің ісі деп қабылдайды және бұны үлкендерге қабылдаудың қаншалықты қиын екенін көріп таңданады. Олар ата-аналары мен медицина қызметкерлерін жабықтырмас үшін үндемеуге тез үйреніп алады.

 

Өлім — ол құпия

Егер өміріңізде біреудің өліп бара жатқан сәтінде сізге оның қасында болу құрметі бұйырса, сіз құпияны бастан кештіңіз. Мынау — уақыт пен кеңістікке бағынышты әйел. Сіз оның қолынан ұстап қасында отырсыз. Ол демін тыныш алып жатыр. Уақытының көбін ол ұйқымен өткізеде, ара-арсында көзін ашып, бір нәрселерді айтады. Оның еш жері ауырмайды және еш нәрсені уайымдамайды. Ол не болып жатқанын нақты біледі. Оның жаны тыныш, қорқыныш жоқ.

Сіз қасында отырып оның демі ауырлай бастағанын және бұрынғыдан бетер терең ұйқыға кетіп бара жатқанын байқайсыз. Біраз уақыттан кейін (ол соншама ұзақ уақыт болып көрінгенмен, шын мәнінде бірнеше минут қана) науқастың тынысы өзгереді. Медбике оның жүрек соғысының әлсіреп және жиілеп бара жатқандығын аңғарады. Әйелдің маңдайынан моншақтап тер шығады.

Біртіндеп оның тынысы ақырындай бастайды, ең соңында мүлдем жоғалады. Сіз оның тірі не өлі екенін білмейсіз. Бірнеше минуттан кейін оның кенеттен терең дем алып, содан соң қайтадан үнсіз қалғанын көріп қорқып кетесіз. Тағы да біраз уақыт өтеді, содан кейін сіз оның келмес сапарға кеткенін түсінесіз.

 

Өлі дене әлі де тірі

Оның денесінің барлық жасушалары дерлік әлі тірі болады. Егер жарты сағатта оның бүйректерін алса (егер ол рак ауруымен немесе ЖҚТБ-мен ауырмаса), мұның басқа бір адамға пайдасы тиеді. Миының жасушалары қатты бұзылғандықтан, көпке шыдай алмайды, бірақ терісі тағы бір апта өмір сүреді. Егер ертең кешке дейін көзінің мүйізді қабығын алса, көзі соқыр болып қалған балаға көруге мүмкіндік береді. Оның жүрегінде әлі де соғып тұрған жасушалар бар. Оның ішектері әлі жұмыс жасап тұр, ал асқазаны ас қорытып жатыр. Денесінің барлық ақуыздары (белоктары) қалыпты күйде, ал жілік майы жаңа қан жасушаларын өндіруде. Ендеше не болып қалды?

Ақыр аяғында бұл құпия болып шығады. Мен атеистің шынайы діни тәжірибеге өзінің өлімі кезінде тым жақын келетіні және өлімнің рухани түсінікті барлық жағынан да жоғарылататынын әрқашан айтамын. Осы құпияны немесе сәбидің дүниеге келгенін бастан аяқ бақылағаннан кейін де, бұрынғысынша «Құдай жоқ» деген сеніммен әрі қарай өмір сүре беру үшін тым қасарысқан, қатігез адам болу керек.

 

Өлімге деген төрт жауап

Адам өзінің өлетінін білгенде, төрт нәрсе болады. Біріншіден, адамның басым қасиеттері өзгереді. Егер дәрігерлер оның Жаңа жыл қарсаңында өлетінін айтқан болса, оған колледждегі оқуын жалғастырудың қажеті бар ма?

Екіншіден, қарым-қатынастар өзгереді. Оның ең жақын досы бұл жаңалықты қабыл алуға дәті бармай, ауруханаға бір келуге де жарамайды. Ал бұрын-соңды ешқашан араласпаған, сырттай ғана таныс болған өзге адам оған үлкен жігер береді. Ауруы ушығып, өлімге бет бұрған шақта ғана науқас өзінің кім екенін және өзі үшін кімнің қымбат екенін біледі.

Үшіншіден, осы уақыт орны толмас өкініштің кезеңіне айналуы мүмкін. Кейбір адамдар өткен өміріне көз жіберіп, егер өмірдің осындай қысқа екенін білген болсам, көп нәрселерді басқаша істеген болар едім деп уайымдайды.

Ақырында адамдар болашаққа көз жүгірте бастайды. Менің сөйлескен адамдарымның көпшілігі өлімнен емес, өлуден қорқады. Олар өзін-өзі ұстай алмай қалудан, біреуге масыл болудан, басқаға толықтай тәуелді болудан, жан ауырпалығынан, өлімнің тұншықтыруынан, ақыл-есінен, қозғалу қабілетінен айырылып қалудан қорқады.

Бірақ бұл қорқыныштың тағы бір өлшемі бар. Шынымен де бұл өмірден басқа еш нәрсе жоқ па? Мен расымен-ақ жеке адам ретінде денемді құрап тұрған жай ғана молекулалардың жиынтығы болғаным ба? Мен өлсем, ақырына жеткенім бе әлде қандай да бір тіршілік бар ма?

 

Өлім аузында жатып Құдайға тәубе ету

Осы және тағы да басқа көптеген сұрақтар адамдарды ізденуге итермелейді. Олар аруақты шақырушыларға, көріпкелдерге, халық емшілеріне және тағы басқа о дүниелік өмір бар деп сендіретіндердің бәріне барады. Өлім аузында жатып Құдайға тәубе ету — әдеттегі әрі шынайы болатын нәрсе. Айқыштағы қарақшы өзінің өліп бара жатқанын біліп, Мәсіхке тәубе еткен. Өкпе рагіне шалдыққан адамның ауруханаға келгені әлі есімде. Ол тақуа әйелдерге қарап: «Мен атеистпін, Құдайдың бар екеніне сенбеймін. Осында қалу үшін міндетті түрде католик болу керек пе?» — деп сұрады.

Біз оған бұл жерде кез келген сенімдегі адамдарды және сенбейтіндерді де қуана қарсы алатынымызды түсіндірдік. Мен біреу одан оның жеке сенімі мен нанымдары жайлы сұрады деп ойламаймын. Бірақ екі апта өткеннен кейін ол өзі осы тақырыпты қозғап, сенушілер қауымының жетекшісімен кездесуді өтінді. Өлім аузында жатқан ол ешкім де сенім жайлы бір ауыз сөз айтпастан бұрынғы көзқарасынан қайтқан еді.

 

Өмірден де үлкен өмір бар

Сенуші ретінде мен осы өмірден кейін өмір бар екеніне және өлімнің тек уақытпен және кеңістікпен шектелген осы тәндік әлемнен шығып, болмыстың басқа түріне апаратын қақпа ғана екеніне сенемін. Иса бізге өлгеннен кейін осы өмірде не істегеніміз жайлы есеп беретіндігімізді айқын айтқан.

Иса сонымен қатар ешкімнің де өз-өзінен және өзінің арқасында мүлтіксіз еместігін көрсеткен: ешкім де Құдайға ұнамды бола алмайды. Ешкім де Құдайдың алдына келіп, тірі қалатындай мүлтіксіз емес. Бірақ Ізгі хабардың мәні мынада: Құдай Исаны жіберуі арқылы біз бен Өзінің арасындағы осынау терең шыңырауға көпір жасады. Біздің жасаған күнәларымыздың барлығының да мәңгілік салдары бар. Біз олар үшін жауап береміз және істеген істерімізге берілетін жаза — ақыр аяғында өлу және құрып кету.

Бірақ Құдай бізге тиісті жазаны өз мойнына алу үшін Исаны жіберді. Иса Өзінің құрбандық өлімі арқылы бізді күнәларымыздың салдарынан азат етті. Құдай Оны қабылдап және Оған сенім артқандардың барлық күнәларын Иса арқылы кешіруді және Өзіне тапсыратын есебімізді ағартып тазартуды таңдады. Біз ешкім қол жеткізе алмайтын, ешкім біле алмайтын, ешкім түсіне алмайтын Құдаймен Иса арқылы өз Әкеміз секілді қарым-қатынас жасай аламыз.

Сенушілер үшін өлім сәті — Құдай мен Оның сүйіспеншілігін тек жартылай ғана түсіну қалпынан Оның жанына толықтай өту. Бұны басымыздан өткізу — жұмақтағы ләззаттың өзі. Ал Құдайды және Оның істерін ешқашан білмегендер үшін Киелі кітапқа сай өлімнен кейінгі өмір орны толмас өкінішке айналады.

Осы өлімнен кейін не болатыны жайлы ілім қауым үшін әрқашан аса маңызды болған. Бірақ осыған орай көптеген адамдар қауымдардың ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға көмек көрсетуге ат салыса бастағанын білгенде, бірден олардың көкейінде сұрақ туындайды. Егер сенушілер кейбір адамдардың қайтыс болғаннан кейін Құдайдан алшақтап кететініне сенетін болса, онда олардың әрбір о дүниеге аттанып бара жатқан адамға барып, Ізгі хабар айтқысы келетіні күмәнсіз емес пе?

Мен жақын арада ЖҚТБ-ға қарсы күресетін ұйымда қызмет атқаратын, әрі өзі де АҚТҚ-ны жұқтырып алған көрнекті бір тұлғамен сұхбаттастым. Ол будда дініне кірген екен. ЖҚТБ-ға душар болған жандармен сөйлескенде, өзінің сенімі жайлы қатты айтқысы келгенімен, олай істеуге болмайтынын түсінетіндігін ол езу тарта мойындады.

Егер ЖҚТБ-мен ауыратын адам сенушілер қауымының өкілімен кездесуді өтінсе, демек, оған рухани көмек қажет. Ал егер келген қауым өкілі оған тек тамақ жасап, киімін жуып, балаларымен ойнап, су әкеп беретін болса, онда науқастың үмітім ақталмады деп есептеуі ғажап емес. Дегенмен, егер ЖҚТБ-мен ауыратын науқас біреуден тек киім-кешегін жуып беруін ғана өтініп, ал келген адам тек сенім жайында ғана сөйлескісі келсе, онда бұндай жағдайда қатты ашулануға барлық себептердің бар екенімін де келісесіз ғой.

Өмірінің ақырына аяқ басқан адамның қасында болу — үлкен артықшылық. Бұл шынымен ерекше уақыт және бұны басынан кешкен әркім мұнымен келіседі. Науқастың «жоқ» немесе «өтінем, барыңызшы» деп айтуға әлі жетпейтінін пайдаланып, біреудің еш қысылмастан оның қасынан кетпей отырып алғанын ауру адам ауыр қабылдайды. Көбіне бұндай реніш кейінірек науқас қандай да бір адамның ешқашан оның үйіне келмеуін жалынып сұрағанында ғана сыртқа шығады. Сыпайылықтың арғы жағында дер кезінде бой көрсетпеген реніш пен ашу-ыза жасырынып тұруы мүмкін. Өйткені егер осал жағдайға душар болсаңыз, онда бүкіл өміріңіз тәуелді жанға қарсы шығудан бұрын сіз екі рет жақсылап ойланасыз.

 

Пайдалы ма әлде зиянды ма?

Егер емханадағы дәрігер агенттіктен ерікті жұмысшыны тауып беруді сұраса, онда ол одан рухани жетекшіні емес, іс жүзінде көмек көрсетушіні күтеді. Қандай да бір қоғамдық ерікті көмекшінің түні бойы аурудың тәубе етуіне әрекет еткені белгілі болғанда, дәрігердің ашулануына барлық құқы бар. Олардың пікірінше бұндай қоғамдық тегін жұмыстың еш пайдасы жоқ.

Бұның оған дәрігер ретінде көмегі тимейді, өйткені оған дәл сол агенттікке қайтадан өтініш жасау тым қиынға соғады. Бұның ауырған адамға да пайдасы болмады, өйткені ол жақсы сырлас бола алатын адамды және көмекті күтті, ал оның орнына ол уағызшыға кез болды!

Дәрігер бұл бағдарлама сенімге келетін жаңа адамдарды іздейтін діни қызметкерлердің пайдасы үшін деген қорытындыға келеді. Егер осылай болса, онда дәрігер әріптестерінің бәріне де осындай пайдасыз, зиянды адамдар туралы хабардар етуі керек.

 

Қонақ әрі қызметші

Әр нәрсенің өз орны, өз уақыты бар. Олардың көпшілігі жергілікті мәдениет пен дәстүрге байланысты. Мысалы, Уганданың бірқатар жерінде кейбір сенушілердің қауымға берілгендігі соншалық, егер қауым бағдарламасы бойынша ЖҚТБ-ға қатысты жұмыс істейтін қызметші келіп, әрбір кездескен сайын бірге мінажат етуді ұсынбаса, бұл өрескел болып көрінер еді. Егер сіз дұға етуді өзіңіз ұсынбасаңыз, ақыр соңында бәрібір сізден осыны өтінеді. Сенушілердің үйдегі мінажаты бұл — қауым қызметінің үйреншікті бөлігі. Мінажат — бұл өмір сүру салты. Алайда Таиланд пен Үндістанның кейбір бөліктерінде мүлдем басқаша. Сондықтан біз мұндай нәрселерге өте сақ болуымыз керек.

Бұл көбіне біздің қызметімізді қалай атқаратынымызға және адамдардың бізден нені күтетініне байланысты. Әйтсе де, мәдениетке және мәсіхшілік сенімге қаншалықты қайша екендігіне қарамастан келесі нәрселер әрқашан да шындыққа тіреледі.

Егер сіз науқас адамға тамақ әзірлеп беру үшін келсеңіз және ол сіздің оған қол ұшын беруге әрқашан да дайын екеніңізді, ешқашан шағымданбайтыныңызды, оны қандай адам болмасын сол күйінде қабылдап, тіпті оның дүниеге деген көзқарасы мен өмір сүру салты сіздікінен басқаша болса да оған шыдамдылықпен күтім көрсететініңізді байқап және сіздің қауымға баратыныңызды білсе, ол сізден сеніміңіз жайлы айтып беруді өтінеді. Бұндай жағдай өзіңізде бар үмітпен бөлісетін, науқас адамға рухани жұбаныш пен тыныштық беретін ғажап мүмкіндік.

Егер адамның өзі осы тақырыпта сөз қозғаса, оның сұрақтарына жауап бермеу ақымақтық әрі қайырымсыздық болар еді. Оның көзқарасы сіздікінен өзгеше екендігіне қарамастан, оның қасынан сенуші адамның табылуы ол үшін үлкен сүйеніш болуы мүмкін. Тіпті ол адам сіздің ол үшін мінажат еткеніңізді сұрауы да ықтимал. Атеистердің көбіне басқа адамдардың мінажатына сенетіндігі ғажайып нәрсе! Әйтсе де, сіз барлығына да қызметші-көмек беруші тұрғысынан қарауға тиіссіз: бүгін осы адамға қалайша көбірек пайдамды тигізе аламын? Сіз сонымен қатар өзіңіздің қонақ екендігіңізді және қызметіңізді ұсынамын деп оның мазасын кетіріп алмауыңызды да үнемі есіңізден шығармауға тиіссіз. Айтпақшы, мен жоғарыда айтып кеткен буддаға сенуші Мәсіхке деген сенімге осындай жолмен келген.

 

Мектепте берілетін білім

Дәл осы қағидалар мектептегі жұмыста да қолданылуға тиіс. Жыныстық қарым-қатынас тәрбиесі мен ЖҚТБ жайлы оқушыларға қалай айтып-жеткізу керектігі туралы әркімнің қалыптасқан өз көзқарасы бар мектептегі жұмыс бұл аса сезімталдықты талап ететін сала. Және тағы да бұл көзқарастар әр елде, әр аймақта, әр қоғам мен әр мектепте өзгеше болуы мүмкін. Адамдар белсенділер ЖҚТБ дағдарысын мектеп үшін орынсыз болатын сақтандырғыш мүшеқаптардың жарнамалары үшін пайдалануға немесе пуритандық көзқарастар мен қалыптарға үгіттеуге тырыса ма деп қорқады.

Мұғалімнің шақыруы бойынша келген ағарту ісін жүргізуші мектепте қызметші, ал сыныпта қонақ болуы тиіс. Талқыланатын тақырыптар, оны жеткізу әдістері мен сол шараның жалпы ыңғайын табуды алдын ала келісіп алған жөн.

Мектептегі жұмыс — артықшылық және егер сізді шақырған адамның тарапынан қолдау көрсетілмесе, онда ол жеке бастың көзқарасын үгіттеудің мінбесіне айналмауы керек. Бірақ егер діни сұхбаттар немесе өмірден алған тәжірибелер туралы сабақ барысында мұғалім не оқушы лектордың о дүниедегі өмірге деген мәсіхшілік сенімімен бөлісуін не жыныстық қатынас жайлы көзқарасын нақтылауын сұраса — оның жөні басқа. Алайда мұндай көзқарастар талқылануға және қарсыласуға ашық жеке бастың пікірі болып қалуы тиіс. Дегенмен менің айтарым барлық жағдайда сіздің жетекшіңіз жергілікті мектеп пен оның мұғалімдері болсын. Олар сізге өзіңіз ойлағаннан артық еркіндік береді.

Қорытындылай келе ЖҚТБ қоздығыш-вирус  арқылы тарайтын, ортақ инеден немесе ауру адаммен болған жыныстық қатынастан жұғатын, сансыз көп адамның өмірін алатын жан түршігерлік ауру. Ол біздің осал сезінетін екі жерімізден соққы береді, олар —біздің адамгершілігіміз және біздің өлімге деген көзқарасымыз. ЖҚТБ бізді не істеп жүргендігіміз әрі кім екендігіміз жайлы ойлануға мәжбүр етеді.

Енді әрекет жасайтын мезгіл жетті.

 

Әрекет жасайтын мезгіл жетті

Ең алдымен сізге өз өміріңізге көз жүгіртіп шолып өту қажет шығар. Мен көптеген адамдардың өмірінің соңына жетейін деп қалған сәтте өмірдің мәні туралы терең ойлана бастайтынын байқадым. Өз үйіңізді ретке келтіру үшін өлім жазасына кесілу міндет болғаны ма сонда? Мүмкін, сізден дереу жыныстық қатынасқа байланысты өміріңізді өзгерту не нашақорлықтың инесінен бас тарту, сонымен қатар, сізге ненің маңызды болып табылатынын шешу талап етілетін шығар.

 

Сізге не маңызды?

Сізді шын мәнінде не нәрсе бақытты ете алады? Сіз үшін қандай қарым-қатынас маңыздырақ? Мен осы жылды ғана емес, алдағы бірнеше жылды және болашақты да  айтамын. Сіз нағыз достарыңыздың кім екенін әрі сіз кімнің иелігінде екеніңізді білесіз бе?

Осының бәрі маңызды сұрақтар. Көптеген адамдар мәсіхші болғаннан кейін былай дейді: «Егер мен қазіргі білетіндерімді бұрын білсем, менің өмірім ешқашан мұндай мәнсіз болмас еді». Өкінішке орай, өлім қаупі төнген ауру не бақытсыз оқиға адамды терең ойға шомдырып, өз ойлары мен сезімдерін тексеруге мәжбүр етеді. Таныстарыңыздың көпшілігі ешқандай ұзақ мерзімдік жоспарсыз қарым-қатынастың біреуінен екіншісіне, жұмыстан жұмысқа ауысқан бір күндік өміріне бола бақытты шығар.

Бірақ осындай өмір салтын ұстанатын адамдар ақырында жиі жағаға шығып қалады. 38 жастағы әйел өзіне үйленемін, балаларына әке боламын деп сөз беріп, өзімен бірге тұрып жатқан еркектің соңғы екі жыл бойы көзіне шөп салып жүргенін және енді оны тастап кетіп бара жатқанын біледі. Бір ер адам бизнесте өз арманына жетсе де, жанұясы мен достарын жоғалтқанын түсінеді. Ол ақшаға достарды емес, тек қызығушыларды   ғана сатып алуға болатынын өте кеш түсінеді. Басқа еркек бірнеше кезекті қарым-қатынастан кейін бәрінен көңілі қалып, өзінің махаббаттың не екенін түсінетіндігіне күмәнданады.

 

Бақытты өмір

Мен Құдайдың сізді арнайы бір мақсатпен жаратқанына және егер Құдайдың сізге деген сол мақсатын өзіңіз тапсаңыз, онда орасан зор бақытқа кенелетіндігіңізге сенемін. Бұл жоспардың бір бөлігі басқалар үшін өмір сүруден құралады. Иса өзіңізді табудың, яғни толықтай адам болудың жалғыз ғана жолы — өзіңізді жоғалту екендігін айтқан. Бұл сіздің барлығы келіп аяғын сүртетін «төсеніш» болуыңызды білдірмейді. Бұл өз ырқыңызбен еркін өмір сүру құқынан бас тартып, Исадан қалай өмір сүру керектігін сұрауды білдіреді. Мен Құдайдың сізге арнаған ерекше жоспары бар екеніне және Ол сізді сүйгендіктен, Оның жоспары сізді толықтай бақытқа кенелтетініне сенемін.

Бұл жоспардың ең маңызды бөлігі сіз толық бақытты өмір сүру үшін Құдай сіздің Оны досыңыз ретінде жақын танып, жаңа күш-қуатқа, ішкі жан дүниенің қорына ие болғаныңызды қалауынан тұрады. Бұл бізге толымдылықты, кейде тәндік сауығуды да береді.

 

Сіздің ат салысуыңызға болады

Екіншіден, сіз ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарға көмек болатындай әрекет ете аласыз. Немесе сіз ерікті адам болуды, қайырымдылық қаржы бөлуді, науқастың халін білуді не оның отбасына демеу көрсетуді қалайтын шығарсыз. Мүмкін, сіз АҚТҚ-дан қалай сақтануға болатынын айтып, адам өмірін сақтауға жәрдем беруді қалайтын шығарсыз. Неге бұл туралы қауымыңыздың мүшелерімен немесе АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жұмыстар атқарып жүргендермен сөйлесіп, өз қызметіңіз бен уақытыңызды ұсынбасқа? АСЕТ-тің интернет-сайтынан сіз көп пайдалы мәлімет таба аласыз. Олардың көшірмесін жасап, қағазға басып та ала аласыз.

 

Не істеуге болады?

Қолыңызда бар нәрседен бастаңыз. Мен жақын арада Уганданың өте кедей облысында тұратын алты қария ұйымдастырып ашқан ЖҚТБ-ның кесірінен жетім қалған балаларға арналған мектепке бардым. Олар өздерінің қолында бар нәрседен бастап, соған бірте-бірте ауыл тұрғындарын жұмылдырған. Ептеп олардың бастаған ісі аяғынан тұрған. Олар ақша жинап, жер сатып алған. Содан соң сиыр сатып алу үшін ақша жинаған. Сиырдың сүті мектепті қамтамасыздандыруға кеткен шығынды өтейді. Олар қолдан кірпіш жасап, көп кешікпей қамыстан жасалған лашықтары кішігірім ғимаратқа айналады. Содан кейін олар жаңа ғимарат салуға кіріседі. Олар бүлдіршіндерді қолдарынан келгенше өздерінің бос уақыттарында оқытып-үйретеді. Бұған бүкіл ауыл тұрғындары көмектескен. Біреулер тамақ әкелетін, басқалары оны даярлайтын, үшіншілері балалардың шөлін қандыру үшін күнделікті су әкелетін. Жасы келген қариялар өздерінің білім алуға тиіс екендігін түсініп, білімдерін жетілдіру үшін мемлекеттік дайындық курстарына барады. Бір қонақ келіп, электр желісін жүргізуге қаржы бөледі. Басқа біреуі су құбырын жүргізуге қаржылай жәрдем береді. Тағы біреуі үлкен қыздарды үйрету үшін іс машинасын береді… Осылайша олардың істері ілгері баса бастады.

Әрбір қауым өз мүшелерін басқа адамдарға көмек көрсету үшін бір нәрсе істеуге жігерлендіре алады. «Тир Фонд» ұйымының негізін қалаушы Джордж Хоффман бірде былай деген: «Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз, бірақ қай жерде болса да бір адамның жеке әлемін өзгерте аласыз».

Бүгін барып біреудің өмірін құтқарыңыз.

Бүгін барып ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның отбасына азық-түлік апарып беріңіз.

Бүгін барып жетімді не жесірді жұбатыңыз.

Бүгін барып өз өмірін ЖҚТБ-ға қарсы күрес пен қызметке арнаған біреуге жігер беріңіз.

Құдай оларды қорғап, сақтасын деп мінажат етіңіз.

Сонда сіз осы дұғаларға жауаптың бір бөлігі бола аласыз!

 

Көмек көрсету

Үшіншіден, сіз, мүмкін, осы кітапта талқыланған кейбір тақырыптар туралы біреумен әңгімелескіңіз келетін шығар. Сірә, сіз өзіңіз ауру жұқтырып алдым-ау, не сіздің бір танысыңыз ауру жұқтырып алды-ау деп уайымдап жүрген боларсыз. Мүмкін, сізге әрі қарай не істеу керектігі жайлы тиімді кеңес алу үшін қауым жетекшісімен немесе дәрігермен сөйлесу қажет шығар.

 

 

Жетінші тарау

 

Біз не істей аламыз?

 

Әрекет жасайтын мезгіл жетті

 

АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жобалардың іс-тәжірибесі

 

АСЕТ-тің Чехия мен Словакиядағы алдын алу жұмысы

Чехиядағы АСЕТ — тоғыз жылдан астам уақыт бойы ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысын атқарып келе жатқан қоғамдық ұйым. Ұйымның негізгі жұмысы мектептерде, интернаттарда, университеттерде, балалар лагерінде, сенушілер қауымдары мен түрмелерде аурудың алдын алу туралы лекциялар оқудан тұрады.

Статистика АҚТҚ-ны жұқтырғандардың көпшілігі 15-25 жас аралығындағы жастар екендігін көрсетеді. Дәл осы жаста олар алғаш рет есірткіні қабылдап көріп, алғашқы төсек қатынасына түседі. Сондықтан Чехиядағы АСЕТ ұйымы аурудың алдын алу жұмысында басты назарды дәл осы жастағы жастар тобына бағыттаған.

Чехиядағы АСЕТ ұйымының лекторлары мектеп басшылығымен келісіп, оқушыларға оқитын 40 минуттық екі лекциядан тұратын бағдарламаны дайындаған. Оған  қатысушылар жыныстық қатынасты денсаулық, ұзақ мерзімді қарым-қатынас және болашақтың тұрғысынан қарастыруы үшін лекцияларда белгілі контекстегі деректер көрсетілген. Лекциялар оқушыларды салауатты өмір салтына шақырады және адалдық, достық, кіршіксіз таза сүйіспеншілік пен пәктік тәрізді өнегелі құндылықтарға үйретеді.

Оқушылар лекцияны жақсы қабылдауы үшін АСЕТ-тің лекторлары жасөспірімдердің ойлау жүйесіне барынша жақындай түсуге, олардың тілінде сөйлеуге тырысады. Лекторлар «ресми мұғалімдердің» тұрғысынан қарамайды, қайта оларды өздерінің бірі ретінде қабылдап, сөзіне құлақ салулары үшін жасөспірімдердің деңгейіне түседі. Тәжірибе көрсеткеніндей мектептерде ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысымен дәрігерлер айналысқанда, олар «түсініксіз медицина тілінде» сөйлейтіндіктен, жасөспірімдер олардың кеңесіне құлақ аспайды. Жасөспірімдер үшін махаббат, жыныстық қарым-қатынас және есірткі тақырыптары ата-аналарымен және мұғалімдермен талқыланбайтын «жабық тақырыптардың» бірі. Жасөспірімдердің көпшілігі мұғалімді «сабақ оқуға мәжбүрлеп, нашар баға қоятын» «жағымсыз кейіпкер» ретінде қабылдайтындықтан, мектептегі мұғалімге оқушылардың осы бағыттағы мінез-құлықтарына дұрыс ықпал ету қиынға соғады. Осы жаста балалар аталған нәрселер жайлы достарынан, көшеден немесе тележұлдыздардан естіп біледі. Сондықтан АСЕТ-тің лекторлары мектепке оқушыларды ЖҚТБ туралы статистикамен қорқыту үшін емес, қайта олармен достасып, осы тақырып жайында ашық сөйлесу үшін келеді. АСЕТ-тің лекторларының көпшілігі жастармен жұмыс істеуде тәжірибе жинаған, қазіргі замандағы жастардың мәдениетін түсінетін және жасөспірімдерге дұрыс өнеге көрсетіп, ықпал ете алатын сенушілер. Жеке бастың тәжірибесі лекторлардың төсек қатынасын некеге дейін күте тұруды сенімді түрде айтуына жол береді. Мектептердегі бұндай лекцияларды тек қана қауымның жастар жетекшісі мен бағушысы ғана емес, сенуші мұғалімдер мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де жиі оқиды. Лекцияны ерлі-зайыптылардың оқығаны да жақсы, сонымен қатар өзінің басынан кешкен оқиғалары жайлы айтып беру үшін есірткінің тәуелділігінен азат болған бұрынғы нашақорды шақыруға да болады.

Лекция барысында лекторлар жасөспірімдермен ашық әңгімелесіп, олармен бірге пікірталас ұйымдастырып және барлық сұрақтарына жауап беруге тырысады. Лекцияның дәл осылайша әдеттен тыс болуы оның ықпалы мен тиімділігін көрсетеді. Лекцияларда мәліметтерді қызықтырақ етіп көрсетіп, оқушылардың назарын аудару мақсатында, түрлі түсті слайдтар қолданылады. АҚТҚ жұқтыру жолдары жайлы мәлімет пен мысалы, баскетболист Мэджик Эрвин Джонсон немесе әнші Фредди Меркьюри секілді бұрын жұртқа кеңінен танымал болған адамдардың жеке өмірлерінен алынған оқиғалар кезектесіп отырады. Лекцияларда оқиғалардан басқа өздеріне төнген қауіпке мән бермегендіктен, ЖҚТБ-ны жұқтырған басқа жастардың мысалдары да пайдаланылады. Лекциялар мектептегі ресми сабақтарға ұқсамайды. Тақырыптың маңыздылығына қарамастан, лектордың жасөспірімдермен байланыста болуы үшін әзіл-қалжың да айтылады. АСЕТ-тің тәжірибесі бойынша таза медициналық мәліметтерді жеткізгеннен гөрі, АҚТҚ жұқтырған адамдар туралы әр түрлі оқиғаларды айту арқылы оқушылардың назарын аударып, оларды қызықтырған әлдеқайда жеңілірек. Сонымен қатар лекция барысында өзара белсенділікті көрсететін түрлі аурудың алдын алуға байланысты ойындар жүргізуге де болады.

Лекторлар АСЕТ ұйымы жүйелі түрде ұйымдастыратын оқыту семинарларына қатысып отырады. Жаңа лекторларды тәжірибелі мұғалімдер жеке оқытады және біраз уақыт олармен бірге сабақтарға қатысады. Алдын алу жұмыстарын бастауды қалайтын адамдар өз рухани бағушыларынан қолдау хат алуы тиіс, өйткені ауруды алдын алу қызметі жетілгендікті және жауапкершілікті талап етеді.

Словакиядағы АСЕТ-ке мемлекеттік білім беру министрлігі қолдау көрсетеді. Білім беру министрлігі осы АСЕТ ұйымының Словакиядағы барлық мектептерде «адамгершілік тәрбиесі» жөніндегі пәнді дайындауын өтінген. Словакиядағы АСЕТ осы пәнді мұғалімдер мектептерде оқыта алуы үшін оларға үйретеді және оның ішіне ЖҚТБ-ның алдын алу жайлы лекциялар да енгізілген.

Чехиядағы АСЕТ өз жұмысының нәтижелілігінің арқасында білім министрлігінің АСЕТ-тің лекцияларын мектептерде оқытуға ұсыныс беретін қолдау хатын алды. Ұйымның партнерлері — ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысына ерікті лекторларды оқытуға жәрдем беретін әр түрлі дәрігерлер мен психологтар. Бүгінгі күнде Чехия Еуропа бойынша АҚТҚ жұқтырғандардың саны ең аз ел. Кейбір дәрігерлер бұл нәтижені АСЕТ-тің алдын алу жұмысының қарқындылығымен байланыстырады. Жыл сайын осы ұйымның лекцияларын бүкіл Чехия бойынша мектеп оқушыларының жартысынан көбі тыңдайды.

Чехиядағы АСЕТ-тің басшысы Томаш Рехак бірнеше рет Ресей мен Украинаға келіп, АСЕТ семинарларында жергілікті лекторларды оқытты. Чехиядағы АСЕТ-тің аурудың алдын алу лекциялары орыс тіліне аударылып, жергілікті жағдайға бейімделген. Олар осы лекциялар оқылған мектептерде жақсы бағаланды. Осы алдын алу бағдарламалары жайлы көбірек мәліметті Ресейдегі АСЕТ-тен білуге болады (мекенжайы кітаптың соңында берілген).

 

Ресейдегі АСЕТ ұйымының жұмысы туралы

Ресейдегі АСЕТ ұйымы (Aids Care, Education, Training — ЖҚТБ: күтім, ағарту ісі, дайындау) Угандада, Танзанияда, Румынияда, Чехияда, Словакияда, Болгарияда, Үндістанда, Таиландта, Австралияда және АҚШ-та жұмыс істейтін халықаралық АСЕТ ұйымының партнері. АСЕТ ұйымы UNICEF және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істейді.

ANPO АСЕТ автономды коммерциялық емес ағартушылық ұйымы мектептерде, балалар клубтарында, балалар лагерьлерінде, реабилитация орталықтарында және қауымдарда АҚТҚ инфекциясының алдын алумен айналысады. Біздің мақсатымыз балалар мен жасөспірімдердің құндылықтары мен ойлау қабілеттеріне әсер етіп, солайша олардың болашағы мен еліміздің болашағына ықпал жасау. АСЕТ ұйымының сенуші лекторлары мектепте оқитындарға ЖҚТБ пен есірткінің алдын алу лекцияларын оқиды. Бұл лекциялар Киелі кітап құндылықтарына негізделген және жасөспірімдерді өнегелі әрі салауатты өмір салтына шақырады. Мектеп басшысының және мұғалімдердің келісімімен оқылатын лекциялар әдетте екі 40 минуттық сабақтан тұрады. Лекция барысында қызықты материалдарды, фотосуреттерді және түрлі түсті плакаттарды көрсетуге болады. Лекцияның материалдарын қазіргі замандағы сенбеуші жасөспірімдерге жеңіл әрі түсінікті болатындай етіп сенуші дәрігерлер мен психологтар дайындаған.

ЖҚТБ-ның алдын алу туралы осы лекциялар Иркутскідегі ЖҚТБ-орталығының дәрігерлерімен келісілген. Ресейдегі ең алғашқы лекторларды дайындау семинары Иркутскіде өткізілді. Онда жергілікті сенуші лекторлар Иркутск облысының әр түрлі мектептерінде өздерінің алдын алу жұмыстарын бастаған. Бұл лекциялар мектеп басшыларының, мұғалімдердің сонымен қатар оқушылардың да ойларынан шығып, жақсы пікірге ие болған. Бұндай семинар Ресейдің өзге де облыстарында, Украинада, Қазақстанда … өткізілді.

Семинарға қатысушылардың қағазға басып шығарылған лекциялармен бірге аурудың алдын алу туралы нұсқауды, мектептерде қолдануға болатын түрлі түсті слайдтардың жинағын, лекцияда келтірілген мысалдар қамтылған бейнетаспаны және керекті әдебиеттерді алуына мүмкіндігі бар. Бұл материалдардың бір жинағы 400 рубль (2000 тенге) тұрады. Оны пошта арқылы тапсырыспен АСЕТ ұйымынан алуға болады. Материалдардың бір жинағын бірнеше лектор пайдалана алады.

Біз сонымен бірге жергілікті сенушілер қауымдармен бірігіп сенбеуші жасөспірімдерге арнап «ЖҚТБ-ға қарсы ұйымдастырылған жастар кеші» атты алдын алу акциясын өткіземіз. Егер сіздің қауымыңыз мектептерде ЖҚТБ-ның алдын алу жұмыстарымен айналысқысы келетін адамдарға арнап арнайы семинар өткізгісі келсе, онда сіз бұл семинар жайында көбірек мәліметті біздің веб-беттерімізден немесе бізге тікелей хабарласу арқылы таба аласыз.

Ресейдегі АСЕТ ұйымы туралы қосымша мәліметті интернеттен таба аласыз:

http://www.acet-international.com/acetrussia/index.htm

немесе

www.acetrussia.ru

 

Ресейдегі АСЕТ кеңсесінің мекенжайы:

Ресей

445035 Самарская обл.,

г.Тольятти, а/я 1324

Марек Сланский

 

E-mail: hop@attack.ru

ACET@attack.ru

 

«Жол айрығындағы жастар» атты алдын алу бағдарламасы

«Жол айрығындағы жастар» — бұл некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту және отбасындағы ерлі-зайыптылардың адалдығын сақтауға негізделген ЖҚТБ-ның алдын алудың халықаралық бағдарламасы. Оның негізі мәсіхшілік құндылықтардан тұрады. Некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту өмір құндылықтарын өзгертуді көздейтін мінез-құлықтардан арылуды талап етеді.

Мәсіхшілік құндылықтар бағдарламада тыңдаушыларды Киелі кітап материалдарын зерттеп, өз тұжырымдарын жасауға түрткі салатын қысым салып зорламайтын еркін мәнермен берілген.

Бағдарлама мектеп оқушыларының бақытты әрі мәнді өмір кешуге көмегін тигізетін ой түйіндеп, шешім қабылдауына бағытталған. Ол некеге дейінгі және некеден тыс жыныстық қатынастардың теріс зардаптарын айрықша атап көрсетеді. Бағдарламаға ЖҚТБ және басқа да жыныстық қатынастан жұғатын аурулар мен олардың таралу жолдары жайлы ең тың мәліметтер енгізілген. Бұл мәліметтер тыңдаушыларға сыпайы формада әрі түсінікті ғылыми тілмен жеткізіледі. Тыңдаушылардың алған жаңа білімдері, шешімдері және мінез-құлықтары қызметтің барлық саласында да тиімді болуы үшін қарым-қатынас жасау барысына жасөспірімдердің қоршаған ортасы мен ата-аналары қатыстырылады. Бағдарламаның негізгі назарында жасөспірімнің ішкі құндылықтарын өзгерту арқылы мінез-құлқын қалыптастыру.

Бағдарлама әлемнің қырық екі елінде ойдағыдай жүзеге асырылуда. 1998-жылдан бастап Самара қаласы мен Самара облысында «Жол айрығындағы жастар» атты оқыту-үйрету жаттығуы өткізіліп келеді. Онда Самара облысының 1000-нан астам мектеп мұғалімдері білім алған.

«Жол айрығындағы жастар» стратегиясы екі негізгі кезеңнен тұрады: бастапқы жаттығу және мамандарды даярлау. 

Бастапқы жаттығу

Бастапқы жаттығу кезеңін білім беру мен медицина саласындағы ресейлік мамандар өткізеді. Ол «Өмірдің ауытқуы» атты оқу бағдарламасын оқытушылар нәтижелі пайдалануы үшін мұғалімдерге қажетті білім беріп, педагогикалық әдістемемен және тәжірибемен қамтамасыз ететін 30 сағаттық 4 күндік дайындықтан тұрады.

Бұл бағдарламаны мектептерде, балалар үйінде, жастар клубтарында, училищелерде, техникумдарда, жоғарғы оқу орындарының бастауыш курстарында және 14-20 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар болатын барлық жерлерде пайдалануға болады.

Бағдарламаны психологтар, мұғалімдер, интернаттар мен балалар үйіндегі тәрбиешілер, студенттер топтарының кураторлары және жастар жатақханаларының тәрбиешілері оқыта алады.

Мамандарды даярлау

30-сағаттық дайындықтан тұратын бастапқы жаттығуды тәмәмдаған әрбір тыңдаушы өз қалауынша қосымша оқи алады. Бастапқы жаттығуды аяқтағаннан кейінгі мамандарды даярлау кезеңі бір жылға созылады.

Бұл кезеңнің мақсаты — «Өмір ауытқуы» бағдарламасын қолдануда педагогтарға өз шеберліктерін шыңдауына, олардың бағдарламамен жұмыс істеу кезінде кездесетін қиындықтарды жеңуіне көмектесу үшін дем беріп және өзара қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмастыруына мүмкіндік жасау.

Мамандарды даярлау үшін әр квартал сайын семинарлар жүргізіледі және тәжірибелі жетекшілер сабақ беріп, тыңдаушылар олардың сабақтарына қатысып, оқытудың стилі мен тиімділігін бақылайды.

«Жол айрығындағы жастар» стратегиясының компоненттері

Мұғалім — Оқушы: оқу жылы бойы аптасына бір рет өткізілетін 30 сабақ.

Мұғалім — Ата-аналар: оқу материалында барлық нәрселер ашық айтыла бермейтіндіктен, біз сабақтарға ата-аналарды қатыстыруға тырысамыз. Әрбір сабақта ата-аналармен талқылануы тиіс материалдар беріледі. Бұл оларды өткізіліп жатқан сабақтардан хабардар етеді және балаларының мінез-құлықтарының қалыптасуы туралы қажетті мәліметтер береді.

Мектеп — мөлтек аудан: әрбір мектепте бағдарлама стратегиясы мен оның мақсаттарын және міндеттерін таныстыратын жиналыстар өткізіледі.

Оқушы — Оқушы: жасөспірімдер клубтарын ұйымдастыру. Қатысушылар өз мәселелерін талқылайды, бір-біріне кездестірген қиындықтары мен қол жеткізген жеке табыстары жайлы айтады.

 «Жол айрығындағы жастар» атты жастарға адамгершілік тәрбие мен білім беруге қолдау көрсететін Самара қалалық қоғамдық ұйымы

E-mail: xroads@transit.samara.ru 

ASSOCIATION FOR SPIRITUAL RENEWAL

«РУХАНИ ҚАЙТА ӨРКЕНДЕУ» БІРЛЕСТІГІ

«Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ — өмір, махаббат және жыныстық қатынас жайлы шындықтар» атты бағдарламаны ұсынамыз. Біз бұл бағдарлама Ресейдің жас ұрпақтары бетпе-бет келетін: ЖҚТБ, ерте жүкті болушылық, аборт, жыныстық жұқпалы аурулар тәрізді өзекті мәселелерге жауап болады деп сенеміз. Сондай-ақ, бұл бағдарлама жасөспірімдердің күнделікті өмірі мен жалпы жүріс-тұрыстарына игілікті ықпал жасайтынына да сенімдіміз.

Бағдарламаның негізгі идеясы некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту өмірде әрқашанда дұрыс шешім екендігінде. Ол өсіп-жетіліп келе жатқан адамның аса өнегелі болып қалыптасуына көмектеседі. «Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ…» бағдарламасын 49 мемлекеттің үкіметі қабылдап, мақұлдаған. Кейбір елдерде бұл бағдарлама оқу орындарында оқушылар мен студенттерді некеге дейінгі жыныстық қатынастың сезімдік, тәндік және қаржылық жағынан қандай қауіп төндіретіндігін ескерте отырып, мемлекеттік деңгейде жұмыс істеуде.

        «Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ — өмір, махаббат және жыныстық қатынас жайлы шындықтар» қазіргі замандағы жастардың ең өзекті сұрақтарына жауап береді:

  • Қазіргі заманда жыныстық қатынастан некеге дейін бас тарту мүмкін бе?
  • Неліктен кейбіреулер некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тартуға ұйғарған?
  • Мен өзімнің сүйетінімді қалай түсінемін? Ал мені сүйетіндерін қайдан біле аламын?
  • Қазіргі заман қалайша менің махаббат және жыныстық қатынас туралы түсініктеріме ықпалын тигізеді?
  • Некеге дейінгі төсек қатынасына түсуге азғыратын нәрселерге қалай «жоқ» деп айтуға болады?
  • Болашақта жақсы жұбай болу үшін мен қазір не істей аламын?
  • Жақсы күйеуді /әйелді қайдан табуға болады?
  • Сол адамның бойында қандай қасиеттер болуға тиіс?

Бұл материал мектептердегі, әр түрлі қоғамдық мекемелердегі, қауымдардағы балалармен және жасөспірімдермен жұмыс істеуге ұсынылады.

Бағдарламаның жетекшілері: Лэнс М. Корли және Стейси Шопп

«Рухани қайта өркендеу» бірлестігінің қолдау көрсетуімен

«Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ — өмір, махаббат және жыныстық қатынас жайлы шындықтар» — Ресей.

Мекенжайы: 117420 Москва, 29-30 квартал, Новые Черемушки, Наметкина к-сі, 5-корп.

т. (095) 719-79-45, факс (095) 719-78-90

E-mail: lanc@asr.ru

stas@asr.ru

«Tear Fund» («Тир Фонд»)  тиімді жобасын дайындау және жүзеге асыру

 «Tear Fund» қайырымдылық қоры Ұлыбританиядағы бесінші ең үлкен қайырымдылық қоры болып табылады (толық мәлімет алу үшін www.tearfund.org веб-сайтын қараңыз). Сенушілердің «Tear Fund» қоры әлемнің көптеген елдеріндегі ЖҚТБ-ға қарсы күресті қолдауда және Ресейде өз жұмысын бастамақшы. Берілген материал Франк Гривестің 2003-жылы Мәскеуде «Мәсіхшілердің ЖҚТБ эпидемиясына жауабы» атты семинарда оқыған баяндамасының көшірмесі.

ЖҚТБ эпидемиясы тек медициналық қана мәселе емес, сонымен қатар қоғам дамуының да мәселесі. АҚТҚ-ны, көбінесе, жыныстық қатынасқа түсетін адамдар жұқтырып алады. Ал олар, сондай-ақ, қоғам экономикасына қажетті мүшелері болып табылады. Эпидемия кезінде қоғам ЖҚТБ-дан жазым болатын, еңбекке жарамды жастағы адамдардан, білімді адамдардан, отбасы мүшелерінен, балалардан және жасөспірімдерден айырылады. Қоғамның денсаулық сақтауға көп қаржы бөлуіне тура келеді және адамдардың еңбекке жарамсыз болып қалғандығынан бюджетке түсетін кірістерінің да мөлшері азаяды. Әке-шешесі ЖҚТБ-дан қайтыс болған жетім балаларға және балалары қайтыс болған қарттарға күтім көрсету мәселелері туындайды. ЖҚТБ эпидемиясы қоғамның құлдырауына әкеп соқтырады және ол, әсіресе, экономикалық жағдайы нашар елдерде өте тез таралады.

Тиімді жобалар мен бағдарламалар қоғамдағы ЖҚТБ мәселесін жан-жақты шешетін эпидемиямен күресуші басқа да құрамдас бағдарламалармен бірігуі тиіс. Қоғам бұл аурумен әр түрлі деңгейде және әр түрлі әдістермен күресуі керек: ЖҚТБ-ның алдын алу бағдарламаларын қолдану, ЖҚТБ-ға шалдыққан науқастарға күтім көрсету, АҚТҚ  жұқтырғандар мен олардың отбасыларына қолдау көрсету, медицина қызметкерлерін оқыту-үйрету бағдарламаларын, АҚТҚ жұқтырғандардың құқықтарын қорғау және экономиканы дамыту бағдарламаларын пайдалану. Сондықтан да эпидемиямен күресуде комплексті әрі біртұтас амал қажет.

Ауруға шалдыққан науқастарға қамқорлық көрсетудің ең тиімді бағдарламалары тек науқастардың ғана емес, сонымен бірге оларды қоршаған адамдардың да тәндік, әлеуметтік, рухани, экономикалық және психологиялық мұқтаждықтарын қамтамасыз етуді қамтиды. Бұны осы мәселемен күресетін барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарды, отбасылары мен қоғамның әр түрлі бөліктерін жұмылдыра ат салысқанда ғана жүзеге асыруға болады. Науқастарға күтім медициналық қызмет көрсетілуі пациенттердің тәндік мәселелерінің шешілуіне көмектеседі. Бірақ АҚТҚ  жұқтырғандардың шынайы сезім әрекетіне бой алдыру қиындықтары да бар, бұндай адамдар ескі ұғымдарға сену және аластатылу мәселелеріне тап болады. Бұған қоса ажалының жақындап қалғанын білгенде, ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарда рухани мәселелер басталады.

АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты сенушілердің бағдарламалары адамдардың әр түрлі мұқтаждықтарына бағытталуы мүмкін. Бұл жобалардың табысты болуы үшін осы бағдарламалар бағытталған адамдар топтарымен және сол аймақта жұмыс істейтін (сенбеушілердің ұйымдарын қоса есептегенде) басқа да ұйымдармен бірігіп қызмет еткен абзал.

Жобаны құрмас бұрын өзіңізге төмендегідей сұрақтар қойғаныңыз жөн:

  • Бағдарламалары жүзеге асуы үшін жоба жергілікті сенушілер қауымдарымен, әр түрлі мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен қалайша бірлесіп қызмет ете алады?
  • Осы аймақта басқа адамдар, басқа мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар не істеуде және осы мәселелерді олар қалай шешуде?

Бағдарлама мен жобаны дайындау барысында «Жобаның циклі» схемасын қолданған пайдалы.

  1. Мәселе мен мұқтаждықтарды зерттеп білу

Бүгінгі күннің жағдайы туралы мәлімет жинап, ең басты шынайы мұқтаждықтарды табу қажет. Ең алдымен, бағдарлама өз жұмысын бастамас бұрын сол аймақтағы қажеттіліктердің жағдайын сипаттау керек. Бұл жоба аяқталғанда оның арқасында жағдай қаншалықты өзгергенін бағалай алу үшін қажет. Жоба бағытталған адамдардың қолдауынсыз еш нәрсе істемеңіз. Бұл жобаға сол адамдардың өздері қызығушылық танытуға тиіс. Осы аймақта жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың тәжірибесін ескеріңіз, бәрін қайтадан басынан бастағанша, бар нәрсені жалғастыра беріңіз. Осы сатыда мынадай сұрақтар қойған дұрыс:

  • Қандай мұқтаждықтарды таптыңыз және оларды қандай адамдардан таптыңыз? Бұл мұқтаждықтар неліктен пайда болған?
  • Бұл мұқтаждықтарды АҚТҚ-ны жұқтырып алған науқастар қалай білдіреді? Олар нені өзгертуді қалайды?
  • Науқастар қандай ресурстардан көмек ала алады?
  • Қауым адамдардың белгілі бір қажеттіліктерін қанағаттандыруды қалай ма және олар мәсіхшілік құндылықтарға қаншалықты сай келеді?
  • Осы аймақта басқа да жобалар мен ұйымдар не істеуде? Олардың тәжірибесі қандай? Жаңа жоба ресурстардың үнемсіз шығындалуына әкеліп соқтырмай ма?
  • Тиімділікті арттыру үшін сол жобалармен бірігіп жұмыс істеуге бола ма?
  1. Мұқтаждықтар мен жағдайды анық сипаттау дұрыс әрі сол жағдайға лайықты жоба жасауға көмектеседі

 Жобаны дайындау және жоспарлау

Жобаны дайындаудың барлық кезеңдерінде осы жоба бағытталған адамдар да белсене ат салысулары қажет. Сіздің жобаңыз бағытталған мәселелер мен мұқтаждықтарға өзінше әрекет еткен жергілікті адамдардың қабілеттері мен мүмкіндіктерін ескеріңіз. Осы жағдайды қалайда өзгерту жолында жергілікті тұрғындардың қабілеттері жететіндігіне сенім артпаған кезде үлкен қателік жасаймыз. Ол адамдарды жобаға кірістіргенде олардың шешім қабылдауға қатысатыны күмәнсіз және солай олар кейін өз өмірлеріне ықпал ететін әрекет жасайды. Бұл адамдарға өздерінің маңыздылығын сезінуге мүмкіндік береді, яғни бұл — адамдардың өз күштеріне сеніп, әрекет етулеріне ықпалын тигізетін негізгі жолдардың бірі. Құдайдың сүйіспеншілігі барлық адамдарға арналған және Иса көбіне жағдайы нашар және басқалар оны кемтар деп санайтындарға Өз достығын ұсынған. Олар әйелдер, балалар, қариялар, науқастар болатын. Иса оларды құрметтеген және олардың болмашы үлесін бағалаған.

Жобаны дайындауда келесі сұрақтарды шешу керек:

  • Жобаның негізгі мақсаттары не? Ал түпкі (ақырғы) мақсаты ше?
  • Бұл мақсаттарға қандай әдістермен қол жеткізілмек? Жоба қай жерде және қалай жүзеге аспақ?
  • Жобаға кім қатысады?
  • Жоба бағдарламасы қанша мерзімге арналған?
  • Жоба қысқа мерзімдік және ұзақ мерзімдік мақсаттарға қашан жетпек?
  • Өздеріне арналған жобаны дайындауға адамдар қалай қатыстырылған?
  • Қоғам өзінен бөлектеп аластатқан немесе шеттеткен адамдарға жоба

қалай ықпал етеді?

  • Жергілікті тұрғындар мен аластатылған не шеттетілген адамдар

арасындағы қарым-қатынастың өзгеруіне жоба қандай ықпал жасайды?

Ұйымдастырушылық құрылым

  • Ұйымдастырушылық құрылым ұйымның барлық қызметкерлеріне қызмет етуі әрі мәлім болуы керек. Адамдардың өз мәселелері бойынша кімге бара алатынын және кімнің неге жауапты екенін білгені өте маңызды.
  • Еріктілердің ниеттері дәлелді болуға тиіс.
  • Машықтанған қызметкерлердің міндетті түрде қажетті тәжірибелері мен қабілеттері болуы керек.
  • Қызметкерлерді бастапқы тиісті дайындықтан өткізіп, әрі қарай оларды жүйелі түрде үйретіп отыру аса маңызды.
  • Барлық қызметшілер — штаттағылар болсын, еріктілер болсын — жобаны дамытуға өз ұсыныстарын қоса алуы үшін олардың қолдаушылары болуы тиіс және қызметтері жүйелі түрде бағаланып отырулары қажет.

Жетекшіліктің сапасы

АҚТҚ/ЖҚТБ саласында ең тиімді еңбек ететіндер — мемлекеттік емес ұйымдар. Олар осы топтағы адамдармен бірге қызмет етіп қана қоймай, оларға өздері қызмет көрсетеді. Басқаларға қызмет ету жетекшіліктердің де ниетіне айналуы керек. Жақсы үлгі көрсететін кішіпейіл жетекші өзгелерге қарағанда басқалардың мұқтаждықтарына қызмет ететін команданы әлдеқайда жақсырақ құрып, ұйымдастыра алады.

  • Жетекшіні сайлаған кезде оның жетекшілікте қаншалықты тәжірибелі және басқаларды жұмылдыруда қаншалықты нәтижелі екендігіне мән беріп, қарастырған жөн.
  • Жетекші өз қызметкерлері арасында және олар қызмет көрсететін адамдармен жақсы қарым-қатынастың орнығып, дамуы бағытында ат салысуға тиіс. Жетекші сол аймақта жұмыс жасап жатқан басқа да жобалармен және ұйымдармен дұрыс қарым-қатынас құра білуге міндетті. Штаттағы қызметкерлермен жақсы қарым-қатынаста болып жіберілген қателер мен көңіл қалушылық жағдайларды ескеру нәтижелі еңбек ете алатын тиімді жұмыс тобын құруға негіз болады.
  • Жақсы қарым-қатынас жетекшіге адамдарды дұрыс ынталандыруға мүмкіндік береді әрі бұйрық пен әмірдің күшімен басқарудың қажеттілігін азайтады.
  • Жақсы жетекші адамдардың қабілеттері мен дарындарын дамытады. Осылайша олар сол ерекшелектерін істеген жұмыстарында тиімді пайдалана алады.
  • Жетекшінің бәріне түсінікті, анық әрі нақты мақсаты болғаны абзал.
  • Жетекші өзін өзгелердің орнына қойып, олардың ішкі жан дүниесін сезіне білгені шарт.

Мәсіхші жетекшілерде Исаның мінез-құлқын бейнелейтін көрнекі қасиеттер болуы тиіс: Киелі кітапқа сай ойлауы, кішіпейілділігі, мінез-құлқының  біртұтастығы және өзгеге қызмет етуге құлшынысы. АҚТҚ/ЖҚТБ саласында бұл қасиеттер кез келген басқа қабілеттерден гөрі әлдеқайда маңызды. Бұндай тұлғалар басқа адамдарды, қауымдарды ЖҚТБ эпидемиясы мәселесіне сырт қарамай, белсене араласуға жұмылдыра алады.

  1. Қаржы және басқа да қорларды іздестіру

Жоба арнайы жасалынған адамдардың сол жобаға қатыстырылуы оның өздерінікі екендігін сезіндіреді. Адамдар тобы бағдарламаның өздерінікі екендігін түсінгенде, оған көбірек қолдау көрсетіп, дамыта түседі. Әдетте сол қоғамнан барлық ресурстарды табу қиын, бірақ ресурстардың қандай да бір бөлігінің қоғамның өзінен табылғаны өте маңызды. Сыртқы ресурстарды бірте-бірте азайтып, ал жергіліктілерін арттырып отыру керек. Қаржы көздерін іздегенде жергілікті бизнес өкілдеріне, жергілікті әкімшілікке, басқа да мемлекеттік емес ұйымдарға, фондыларға, қауымдарға баруға болады.

Мына нәрселерді бірден анықтап алған жөн:

  • Біздің қоғамымыздан және жоба арнайы жасалған адамдар тобы арасынан қандай ресурстардың (қаржы, адам, транспорт, техника) көзін табуға болады?
  • Қоғамнан тыс қандай ресурстарды іздеу керек? Қайдан және кімнен іздеуге болады?
  • Уақыт өте жергілікті ресурстардың өсуі мен сырттан келетіндерінің кемуі немен байланысты?
  • Жоба қандай ұзақ мерзімді өзгеріс енгізеді?
  • Қасірет шеккен адамдар жоба аяқталғаннан кейін де одан пайда көре ме? Қандай пайда көреді және неге? 
  1. Жобаны жүзеге асыру және бақылау /мониторинг

Әрбір табысты жобада оны басқаратын жақсы менеджмент болуы тиіс. Бағдарламаны нәтижелі жүзеге асыру үшін оны қысқа мерзімді тапсырмаларды бірте-бірте орындай алатындай етіп бірнеше кезеңдерге бөліп тастаған жөн. Жобаны жүзеге асыру барысында икемді шешім қабылдауды талап ететін әр түрлі тосын жағдайлар кездесіп отырады. Алға қойылған мақсаттар қаншалықты табысты не табыссыз жүріп жатқанын көре алу үшін және қолдан келмейтін шараларды мезгілінде өзгерте алу үшін, жобаның қалай іске асырылып жатқаны туралы мәліметтер жүйелі түрде жиналып отырылғаны дұрыс. Бұл мәселелерді қызметкерлермен, еріктілермен және осы жоба арнайы жасалған адамдармен бірігіп шешкен ұтымды.

  1. Атқарылған жұмыстарға талдау жасау және нәтижелерді бағалау

Жоба бағдарламасының тиімділігін бағалау үшін оның нәтижелері туралы мәліметтер жинау қажет. Бағдарламаның тиімділігін талдағанда көп нәрсе бағалау әдісін таңдауға байланысты. Ол шынайы (объективті) болуға тиіс. Жобаны бағалағанда статистикалық мәліметті ғана жинау жеткіліксіз, бұған қоса жобаға қатысы бар адамдардан сұрақ-жауап алған жөн. Бағдарламаның арқасында жүзеге асқан өзгерістерді дәлірек бағалай алу үшін, қол жеткізген жетістіктерді бағдарламаны бастамай тұрғандағы жағдаймен салыстыру керек. Талдау және бағалау кезінде өзіңізге төмендегідей сауалдарды қойған абзал:

  • Осы бағдарлама адамдардың мұқтаждықтарына қаншалықты жауап бере алады?
  • Бағдарлама алға қойған мақсаттарына қаншалықты жете алды?
  • Оның мықты жақтары қандай?
  • Бағдарламаның әлсіз жақтары мен кемшіліктері қандай?
  • Осы жоба өздеріне арналып жасалған адамдар жоба туралы не ойлайды және оған қалай қарайды?
  • Бағдарлама жұмысына АҚТҚ/ЖҚТБ-мен ауыратындардың өздері қаншалықты белсенді араласты және неліктен?
  • Бағдарламаны жүзеге асыруда қаражат қаншалықты тиімді жұмсалды?
  • Бағдарлама қандай қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді нәтижелер әкелді?

Бағдарламаның мықты және әлсіз жақтарын анықтап, содан соң онымен жұмыс істеу үшін талдау керек. Бағдарламаның нәтижелерін бағалап және талдап болғаннан кейін, қайтадан жоба таңдап, бүкіл циклді басынан бастап жүргізу керек.

ЖҚТБ індетінің Қазақстанда және оның айналасындағы елдерде дамуы. 

Қазақстанда және оның айналасындағы көршілес елдерде ЖҚТБ індеті даму үстінде. Оның бұл аймақтағы ең көп таралуы Ресей федерациясында тіркелген. Мұнда шамамен 900 000 адамның АҚТҚ-ны жұқтырғандығы айтылады. Ең көп зақымданған аймақтар тізімінде Қазақстанмен шектескен Самара, Орынбор облыстары бар. Сондай-ақ, Қазақстанмен шектесіп жатқан Шыңжан провинциясы Қытайдағы АҚТҚ-ны жұқтырғандардың саны бойынша төртінші орында.

АҚТҚ-ның Орталық Азия, Кавказ республикаларында пайда болуы өте төмен күйінде (0,3%-дан төмен) қалып отыр. Ал індеттің жалпы таралуы тіркелгендер санына қарағанда барлық жерде де өсу, көбею үстінде. Мысалы, Өзбекстанда осы қауіпті індет соңғы жылдарда ғана, яки, жаңадан таралуда.

Барлық мәлімденген АҚТҚ деректерінің  91%-ы 2001-2003 ж.ж. аралығында анықталған. 22 кестеде көрсетілгендей, 2500-ден астам адамның ауру жұқтырғаны мәлімденді.

Қазір індет Өзбекстанда   кең жайылу үстінде. Бұған коммерциялық секс үлкен роль атқаруда.

АҚТҚ жұқтырғандар арасындағы әйелдердің ара қатынасы  жыл сайын ұлғайып келеді. Ол 2001 жылғы 12%-дан 2003 жылы 18%-ға көтерілді. Елдің барлық аймағынан дерлік ауру жұқтырғандар тіркелген. Эпидемия, әсіресе, ел астанасы Ташкент (48%) пен оның айналасындағы елді мекендерде (20%) шоғырланған.

Қырғызстанда Қазақстанмен салыстырғанда індет айтарлықтай төмен және ол негізінен есірткіні тамырға шаншу арқылы тарауда. Көп тараған жері Ош пен Чу облыстары және Бішкек қаласы. Ересек тұрғындардың ең кем дегенде 2%-ы есірткіні тамырға (шаншумен) егіп қолданады деп ресми болжанған елде АҚТҚ-ның жылдам және кең жайылуына зор мүмкіндік бар.

Кавказ аймағында жүргізілген жаңа зерттеулер бұл індеттің Азербайжанда шұғыл дамып жатқанын көрсетті. Баку қаласындағы көшеде есірткіні тамырға шаншитындардың әрбір төртіншісі АҚТҚ-ны жұқтырғандар. Бұл көресткіш көшеде тәнін сататындар арасында 11%-ды, ал олардың бұл кәсіппен кафе-мейрамханаларда, саунада айналысатын әріптестері арасында 6% құрайды. (WHO Regional Office for Europe, 2004, ДДСҰ — дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы).

Қазақстан республикасында эпидемия шетелдік студенттердің арасында 1987 жылдан басталды. Ауруды жұқтырудың тіркілген саны ең күрт көбейген кезі 2001 жыл (1175 адам) болды.

1987-2004 ж.ж аралығында Қазақ Республикасы тұрғындарының арасында АҚТҚ-ны жұқтырудың динамикасын көрсететін кесте.

таблица

Эпидемия (індет) басталғаннан бері 01.01.05-ж. мәлімет бойынша АҚТҚ-ны жұқтырғандардың ресми түрде тіркелгендерінің саны 4696, алайда  ғалымдардың болжамы бойынша іс жүзінде шамамен 13000 адам АҚТҚ/ЖҚТБ-мен ауырады.

Республикамыздағы АҚТҚ-ны жұқтырғандардың 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіші 38,3-ті құрайды.

Басқа да ТМД елдеріндегі сияқты, Қазақстан Республикасындағы АҚТҚ-ның ең басты берілу жолы — есірткіні тамырға шаншу. Ауруды жұқтырудың тамырға шаншу арқылы берілуі 77,5 % құрайды. (Мәлімет бойынша елде 200 000 есірткі қолданушы адам  бар)

Алайда аурудың жыныстық жолмен берілуінің де ұлғайып келе жатқаны байқалады. Оның арасалмағы 2004 жылы 29,3% құрады. Аурудың жыныстық жолмен берілуінің ұлғаюы үдеп келеді:

2001 ж — 5%

2002 ж — 16,7%

2003 ж — 21,6%

2004 ж — 29,3%

Қазақстанның барлық аймақтарында да індет бар. АҚТҚ-ны жұқтыру көрсеткіштері Қарағанды, Павлодар, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында жоғары. Осы жағдайға байланысты Алматы қаласы алдыңғы орында. 2004 жылғы көрсеткіш — 199, ол 2003 ж. көрсеткіштен (187) 1,1 есе артқан. (таблица).

Қазақстан Республикасындағы АҚТҚ/ЖҚТБ індеті  өзінің шоғырланған дәрежесінде (бұл оның үш: бастапқы, шоғырланған және жалпы жайылған дәрежесінің екіншісі). Павлодар, Қарағанды, Теміртау, Шымкент қалаларында қоғамның шетке шыққан топтары арасында АҚТҚ-ның тарауы 5%-дан тұрақты жоғары, ал жүкті әйелдер арасында әлі де 1%- дан төмен.

Халықтың жас шамасына қарай бөлінген топтарына көз салсақ, ауруға ең көп шалдыққан (ауруды ең көп жұқтырған)) топ — 15-29 жас аралығындағы жастар, олар барлық ауру жұқтырғандардың 64%-ын құрайды.

АҚТҚ-ны жұқтырудың жас мөлшеріне қарай арасалмағы (01.01.05ж мәлімет бойынша)

Таблица

0-1 жас                             60 жас және одан жоғары                   жасы беймәлім

АҚТҚ және ЖҚТБ туралы бірқатар мәліметтер!

Әлемде

Дүние жүзі бойынша 20 млн. адам ЖҚТБ ауруынан көз жұмды.

2004 жылы дүние жүзі бойынша өлгендердің 5%-ын ЖҚТБ туындатқан.

2004 жылы ЖҚТБ-дан 3млн.,

2004 жыл 5млн. адам ауру жұқтырған.

Дүние жүзі бойынша 39млн. адам АҚТҚ-ны жұқтырған.

Әрекет жасайтын мезгіл жетті

Енді сіздер ЖҚТБ-ға қарсы күрестің амалдарын білесіздер. Сізде мен жеткілікті түрде дайын емеспін немесе осы мәселені шешуде өз-өзіме көмектесу мүлдем қолымнан келмейді деген сезім болуы мүмкін.

Бірақ ең бастысы — әйтеуір бір нәрсе істеу. Көмекке мұқтаж жақыныңыздың үйіне барып немесе АҚТҚ-ны жұқтыру қаупі туралы жанұяңызбен сөйлесіп, әлдекімге осы кітапты оқуға беріп, я болмаса іске кірісіп жатқан бағдарламаға ат салысу керек.

ЖҚТБ-ға қарсы күресте өте жақсы бағдарлама жеңіске жетпейді. Бұл күресте осы әлемде бір нәрсені өзгертуге қалауы жанып тұрған, ЖҚТБ мәселесіне мән бере қарайтын, бір адамдай жұмыла әрекет ететін әр елден шыққан миллиондаған ерлер мен әйелдер жеңіске жетеді. Бізде — Мәсіхтің ізбасарларында — күш пен үміт, сонымен қатар денсаулық пен сауығу жайлы Ізгі хабар бар.

Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз, бірақ бүгін қай жерде болса да бір адамның жеке әлемін өзгерте аласыз.

Share This Class:

Яндекс.Метрика