Жағдайлық есептер
Тақырыбы: «Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары»
№ 2 есеп
Муртазиндар жұбайлары некеде 10 ай тұрды. АХАЖ органдарында некелері бұзылғаннан кейін, балалары болмағандықтан, Муртазина күйеуі материалдық қамтамасыз етуін талап етіп сотқа шағымданады. Муртазина өзінің талабын некеге тұрғанан жарты жылдан кейін аллергиялық ауруға шалдығын мүгедек болдым деп түсіндіреді. Муртазина емдеу курсын қабылдау үшін қосымша қаражат қажет дейді, мүгедектік бойынша алатын зейнетақысы аз. Оның қарт анасы ғана бар, басқа туысқандары жоқ екен және бұрынғы күйеуінен басқа көмек сұрайтын ешкім жоқ.
Сот қандай шешім қабылдайды? Әйелдің науқас болғаны некені бұзуға себеп болды деп сот қарастырады ма?
Жауабы: Неке әйелдің науқас болуы және мүліктік талаптары бар болғандықтан, сот арқылы бұзылады. Сонымен қатар, әйелдің әрекет қабілеттілігі жоқ болғандықтан, алимент талап етуге құқығы бар. Бұл «Отбасы туралы» кодексте 18 және 134 бапта сипатталған.
18-бап. Некені сот тәртібімен бұзу:
1) осы Заңның 16-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, ерлі-зайыптыларда кәмелетке толмаған ортақ балалардың болуы;
2) ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде;
3) егер ерлі-зайыптылардың біреуі өзінің қарсылығы болмауына қарамастан, некені бұзудан өз әрекеттері не әрекетсіздігі арқылы жалтарса;
4) ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік талаптары болған жағдайларда жүргізіледі.
134-бап. Бұрынғы жұбайдың неке бұзылғаннан кейін алимент алуға құқығы
- Алимент төлеуге қажетті қаражаты бар бұрынғы жұбайынан алимент төлеуді сот тәртібімен талап етуге:
1) жүкті кезінде және ортақ баласы туған күннен бастап үш жыл бойы бұрынғы әйелінің;
2) ортақ мүгедек баланы 16 жасқа толғанға дейін бағып-күтіп отырған, сондай-ақ 16 жасқа толған соң ортақ мүгедек балаға I-II топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының;
3) неке бұзылғанға дейін еңбекке жарамсыз болып қалған еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж бұрынғы жұбайының құқығы бар.
2. Алименттің мөлшері мен оны неке бұзылғаннан кейін бұрынғы жұбайына берудің тәртібі бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасындағы келісім бойынша белгіленуі мүмкін.
№ 3 есеп
Ларин 2 баласын асырауға жалақысының 1/3 бөлігін алимент ретінде төлеп отырды. Шетелге маман ретінде жұмыс істеуге бағытталып, соған байланысты қандай мөлшерде және қайсы валютада алимент алынатынын сұрап, сот орындаушыларына жүгінді.
Сот орындаушысы Ларинге не деп жауап берулері тиіс?
Жауабы: «Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға алимент ұсталатын жалақының және өзге де кiрiс түрлерiнiң бекітілген тізбесі бар, онда кәмелетке толмаған балаларды асырауға алименттерді ұстау жалақының барлық түрлерінен (ақшалай сыйақы, асырау) және ата-анасы алатын өзге де табыс түрлерінен жүргізілетіні көрсетілген. Бұнда қай валютада болатыны еш маңызды емес – ұлттық немесе шетелдік.
153-бап. Алимент төлеуге міндетті адамның жұмыс орнын ауыстырғаны туралы хабарлау міндеті
- Сот шешімі немесе нотариат куәландырған алимент төлеу туралы келісім негізінде алиментті ұстап қалушы ұйымның әкімшілігі алиментті өндіріп алу жөніндегі шешім орындалатын жердегі сот орындаушысына және алимент алушы адамға алиментті төлеуге міндетті адамның жұмыстан босағаны туралы, сондай-ақ, өзіне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орнын немесе тұратын жерін үш күн мерзім ішінде хабарлауға міндетті.
2. Алимент төлеуге міндетті адам сот орындаушысы белгілеген мерзімде соңғысына және алимент алушы адамға, жұмыс орнының немесе тұратын жерінің өзгергені туралы, ал кәмелетке толмаған балаларға алимент төлеген жағдайда қосымша табысының немесе өзге де кірісінің болуы туралы хабарлауға тиіс.
3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған деректерді дәлелсіз себептермен хабарламаған жағдайда бұған кінәлі лауазымды адамдар және өзге де азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады .
160-бап. Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда алимент төлеу
- Алимент төлеуге міндетті адам шет мемлекетке тұрақты тұруға кеткен жағдайда ол заң бойынша қаражат беруге міндетті отбасы мүшелерімен осы Заңның 143,144,147 және 148-баптарына сәйкес алимент төлеу туралы келісім жасасуға құқылы.
- Келісімге қол жетпеген жағдайда мүдделі адам алименттің мөлшерін тұрақты ақша сомасында белгілеу туралы немесе алиментті бір жолғы төлеу туралы не алимент есебіне белгілі бір мүлікті беру туралы немесе алиментті өзге бір жолмен төлеу туралы талап етіп сотқа жүгінуге құқылы.
Жағдайлық есептер:
Есеп №1
Азамат Байтеков пен азаматша Хамитова 15 жыл некеде тұрып, ажырасу туралы шешім қабылдады. Олардың кәмелетке толмаған 2 балалары бар. Балалардың жасы 11 және 13. Олар анасымен қалу туралы шешім қабылдады.
Сұрақ: Азамат Байтеков 2 балаға қанша алимент төлеу керек?
Жауабы: 125-бап. Кәмелетке толмаған балаларды асырап-бағуға сот тәртібімен өндіріп алынатын алименттің мөлшері
- Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда сот кәмелетке толмаған балаларға олардың ата-аналарынан алиментті ай сайын мынадай мөлшерде: бір балаға – ата-анасы табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бірін; екі балаға – үштен бірін; үш және одан да көп балаға – тең жартысын өндіріп алады.
2. Бұл үлестердің мөлшерін сот тараптардың материалдық немесе отбасылық жағдайларын және назар аударарлық өзге де мән-жайларды ескере отырып кемітуі немесе көбейтуі мүмкін.
Есеп №2
Азаматша Наурызбекова 54 жаста, ол қатты науқасқа шалдықты және әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылды. Оның басқа қалада тұратын және байланыспайтын азамат Молдыбаев атты баласы бар. Ол одан ақшалай қаражат ретінде қамқорлық сұрады. Бірақ, азамат Молдыбаев қамқорлық жасауға келіспеді.
Сұрақ:Азамат Молдыбаев анасына қамқорлық жасауға міндетті ме?
Жауабы: Иә, міндетті. Бұл туралы Отбасы туралы кодекстің 131-бабында жазылған.
131-бап. Кәмелетке толған балалардың ата-аналарын асырап-бағу жөніндегі міндеттері
- Еңбекке жарамды кәмелетке толған балалар өздерінің еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағуға және оларға қамқорлық жасауға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз көмекке мұқтаж ата-аналарға алимент олардың еңбекке жарамды кәмелетке толған балаларынан сот тәртібімен өндіріп алынады.
3. Әрбір баладан өндіріп алынатын алимент мөлшерін сот ата-аналары мен балаларының материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, алимент төлеу кезіндегі айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынастарында белгілейді.
4. Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот, балаларының бәріне, олардың біреуіне немесе олардың бірнешеуіне талап қойылғанына қарамастан, осы ата- ананың еңбекке жарамды, кәмелетке толған балаларының бәрін ескеруге құқылы.
5. Егер сот ата-аналардың ата-ана міндеттерін орындаудан жалтарғанын анықтаса, балаларының өздерінің еңбекке жарамсыз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырап-бағу жөніндегі міндеттерінен босатылуы мүмкін.
Балалары ата-ана құқықтарынан айырылған ата-аналарына алимент төлеуден босатылады.
Есеп №3
Азаматша Қайырбаева және азамат Қайырбаев 9 жыл некеде тұрған және 8 жасар қызы мен 6 жасар ұлы бар. Олар ажырасу туралы шешім қабылдады. Қызы анасымен,ал ұлы әкесімен қалды.
Сұрақ: Сот қандай шешім қабылдауы тиіс? Алиментті қай жақ төлейді?
Жауабы: 127-бап. Кәмелетке толмаған балаларға тұрақты ақша сомасы түрінде алимент өндіріп алу
- Ата-аналардың кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеу туралы келісімі болмаған жағдайда және ата-ананың табысына және (немесе) өзге де кірісіне үлестік қатынаста алимент өндіріп алу мүмкін болмаған, қиындық тудырған немесе тараптардың бірінің мүдделерін айтарлықтай бұзатын жағдайларда, сот тұрақты ақша сомасында немесе сонымен бірге үлесте және тұрақты ақша сомасында ай сайын өндіріп алынатын алимент мөлшерін белгілеуге құқылы.
Мұндай жағдайларға үнемі алынбайтын, өзгермелі табысы және (немесе) өзге де кірістері бар ата-аналардан не табысын және (немесе) өзге де кірістерін толығымен немесе ішінара заттай алатын ата-анадан алимент өндіріп алу жатады.
2. Тұрақты ақша сомасының мөлшерін сот баланың бұрынғы қамтамасыз етілу деңгейін мүмкіндігінше барынша сақтауды негізге алып, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен басқа да назар аударарлық мән- жайларды ескере отырып белгілейді.
3. Егер ата-аналардың әрқайсысының қолында балалар қалатын болса, алимент мөлшерін аз қамтамасыз етілген ата-ананың біреуінен екіншісінің пайдасына осы баптың 2-тармағына сәйкес ай сайын өндіріп алынатын және сот белгілейтін тұрақты ақша сомасы белгіленеді..
Есеп №4
А есімді азаматша мен Б есімді азамат ажырасады. Олардың 3 баласы бар. Ажырасқаннан кейін,соттың шешімі бойынша Б есімді азамат алимент төлеп тұрды. Алайда ол 5 ай өткеннен кейін алимент төлеуден жалтарып, 1 жыл бойына төлемеді. А есімді азаматша осы іс бойынша сотқа арызданды. Сот Б есімді азаматты алимент төлеуден жалтарғаны үшін 1жылға бас бостандығынан айырды.
Сұрақ: Соттың шешімі дұрыспа?
Жауабы: Дұрыс,себебі ҚР Қылмыстық Кодексінің 136-шы бабының 1-бөлігіне сәйкес, ата-ананың сот шешiмi бойынша кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке жарамсыз балаларын асырауға арналған қаражатты төлеуден үш айдан астам әдейi жалтаруы – айлық есептiк көрсеткiштiң екi жүзден бес жүзге дейiнгi мөлшерiнде айыппұл салуға, не жүз жиырмадан жүз сексен сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға әкеп соғатындығы немесе екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге жазаланатындығы көрсетілген.
Есеп №5
Азаматша Керімбекованың басқа қалада тұратын кәмелетке толған азамат Рахатов атты баласы бар. Азамат Рахатов қатты сырқаттанып, белгілі бір уақытқа еңбекке жарамсыз болып танылды.
Сұрақ:Азамат Рахатов анасынан қамқорлық сұрауға мүдделі ме?
Жауабы: Иә, мүдделі. Бұл туралы «Отбасы туралы» кодекстің «Отбасы мүшелерінің алименттік қатынастары» 5-бөлімінде сипатталған.
129-бап. Еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балалардың алимент алуға құқығы
- Ата-аналар өздерінің көмекке мұқтаж, еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларын асырап-бағуға міндетті.
2. Алимент төлеу туралы келісім болмаған жағдайда еңбекке жарамсыз кәмелетке толған балаларға алимент төлеу мөлшерін сот алимент төленетін кезде қолданылып жүрген айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынасында, тараптардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып белгілейді.