Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің Мұрагерлік құқық атты бөлімінде бірнеше жаңа ережелер қабылданды. Мұрагерлік қатынастар  Азаматтық Кодекстің 1038-1083 баптарымен реттеледі (ерекше бөлім). 1999 жылдың 1 шілдесінде Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасының  Азаматтық Кодексіне (ерекше бөлім) қол қойып, Кодекс сол күні күшіне енді. Ал 1 шілдеге дейін Қазақстанда 1994 жылы қабылданған Азаматтық Кодекстің жалпы бөлімі күшінде болды, 1999 жылы 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасының Азаматтық Кодексі толықтай қолданысқа өтті. Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодекстің ерекше бөлімінің болмауы республикадағы экономикалық қатынастарды реттеуді қиындатты. 1963 жылы қабылданған Қазақ ССР Азаматтық Кодекстің нормалары нарықтық экономика принциптеріне қайшы келсе де, іс жүзінде қолданылды. Мұрагерлік құқық қандай болу керек деген сұрақта ғалымдар әртүрлі пікір ұстанады. Бірақ оның бәрі — жеке мүлік  ұрпақтан ұрпаққа ауысатынын жақтайды.

Қоғамдық өмірдің түпкілікті ауысуы біздің елімізде көптеген салалардағы  құқықтық реттеуді дамытуды талап етеді. Мұрагерлік бұл экономикалық мазмұны бар қатынастар.

Кеңес заманындағы мұрагерлік құқық — Рим құқығының негізінде жасалған, жақсы дамыған институт. Бірақ көне мүліктік жүйеде көптеген мәселелер өз шешімін таппады. Ал жаңа заңдағы бекітілген ережелер сол мәселелерді қайта көтеріп, жаңа проблемаларды туындатты.

Мұрагерлік құқықтық қатынастар көптеген нормативті акттермен, мысалы Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Азаматтық құқық негіздерімен, көптеген басқа да институттар мен шешімдермен реттеледі.

Мұрагерлік құқық және мұрагерлік туралы жалпы ережелер

Мұрагерлік түсінігі және мазмұны

Мұрагерлік-қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа адамға (адамдарға)-мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы.

Мұрагерлік түсінігін анықтаған кезде келесі жағдайларды ескеру керек:

  1. құқықтар мен міндеттер мұра қалдырушыдан мұрагерге құқық мирасқорлығы арқылы өтеді;
  2. азаматтық кодексте тыйым салынған құқықтар мен міндеттерден басқа барлық құқықтар мен міндеттер мұрагерге өтеді;
  3. мұраны қалдыру ережесі, мерзімі және т. б. мұраны қалдырған кездегі заңмен реттеледі.

Мұрагерлік құқық түсінігі

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 6 бөлімі «Мұрагерлік құқық» деп аталған. Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Пленумының шешімінде «мұралық» термині қолданылды. Көптеген әдебиеттерде және тәжірибеде бұл екі термин синоним сияқты қолданылады. Іс жүзінде бұл екі термин әртүрлі. Мұралық құқығы — сол тұлғаның субъективті құқығы. Мұрагерлік құқық-мұра мирасқорлығымен байланысты қатынастарды реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26 бабының 2 тармағында «мүлекке және мұралыққа заң кепіл береді» делінген.

Мұрагерліктің маңызы

Мұрагерліктің маңызын айтқан кезде, оны жалпы адамзат өмір сүрүінің бір мақсатына жатқызу керек. Мысалы қайтыс болған азаматтың құқықтары мен міндеттері мұрагерлік бойынша ешкімге өтпесе қандай салдарға әкелер еді?

  1. Мұрагерлік ешкімге өтпесе, сол тұлғаның жақын адамдарына кері әсер етер еді, өйткені олар өмір сүруге қаражаттары болмаушы еді. Жинаған қаражатымен не істейтінін білмеген адамдардың іскери белсенділігі төмендеуші еді
  2. Бұл көптеген акционерлік қоғамдардың, банктердің, сақтандыру компаниялардың және т. б. күйреуіне әкелер еді. Егер өз істерін құрып, кейіннен сенімді қолға бере алмаса істі қандай мақсатпен жүргізеді.
  3. Қайтыс болған азаматтың кредиторлары өз талаптарын кімге қоятындарын білмейтін еді.

Адам бүкіл өмірі бойына жұмыс істеп, өз мүлкін жақын адамдарына қалдыруға мүдделі.

Мұрагерлік құқықтың негізгі түсініктері

Мұра мирасқорлығы

Әдебиеттерде  мұрагерлік  туралы бірнеше пікір бар:

  1. Заң белгілеген ережелер бойынша қайтыс болған азаматтың (мұра қалдырушы) мүліктік құқықтары  және міндеттерінің басқа адамға (адамдарға) мұрагерге (мұрагерлерге) ауысуы. Бірақ бұл мүлік емес құқықтар мен міндеттерге қатысты. Сондықтан мұраның құрамына үй емес үйге құқық, автомобиль емес автомобильге құқық кіреді.
  2. Н. Д. Егоров бойынша мұрагерлік бұл құқықтардың өтуі емес, объектілердің өтуі. Бірақ құқық бойынша тек мүлік емес құқықтар мен міндеттер де өтеді. Осы пікірді кеңес әдебиеттерінде В. И. Серебровскийдің еңбектерінде кездестіруге болады.
  3. Ю. Н. Власовтың пікірінше мұрагерлік қайтыс болған азамат мүлкінің мұрагерге немесе мұрагерлерге өтуі. Мұрагерге барлық құқықтар мен міндеттер өтуі тиіс.

Мұрагерліктің негіздері

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодексінің 1039 бабына сәйкес мұрагерліктің негіздері  заң бойынша немесе  өсиет болып табылады. Әлемдік тәжірибеде басқа мұрагерлік негіз жоқ. Заң бойынша мұрагергерлік өсиет болмаса ғана жүзеге асырылады. Ал тәжірибеде заң бойынша мұрагерлік өсиеттен жиі кездеседі. Кейде мұрагерлік заң бойынша да, өсиет бойынша да өтеді. Мысалы, мұра қалдырушы  өсиетінде өз қызына  пәтерін қалдыратынын жазады, ал басқа мүліктер туралы жазбайды. Сонда пәтер өсиет бойынша өтеді де, басқа мүліктер заң бойынша өтеді. Өсиет немесе заң бойынша мүлікті мұра ету үшін бірқатар заңды фактілер қажет. Заң бойынша мұрагерлікке кем дегенде екі факт керек. Біріншіден, мұраны қабылдайтын тұлға заң бойынша мұрагерлердің қатарында болу керек, екіншіден мұра ашылу керек. Өсиет бойынша мұра қалдырушы өз өсиетінде мүлікті кімге қалдыратынын көрсетеді. Сондықтан, өсиет жоқ болса да, бар болса да, оның мазмұнына қарамастан мұрагерлік заңда қарастырылған фактілер бар жағдайда ғана жүзеге асады.

Мұра дегеніміз мұра қалдырушыдан мұрагерге құқық мирасқорлығы тәртібінде өтетін мүлік. Мұра түсінігін анықтау үшін мұрагерлерге немене және қалай өтеді деген сұраққа жауап беру керек. Мұрагерліктің жалпы ережесі қиын емес. Мұра қалдырушының барлық мүліктік құқықтары мен міндеттері мұрагерге өтеді. Мұра құрамына кейбір ерекше жағдайлардан басқа бар мүліктік құқықтары мен міндеттері кіреді. Мұрагерліктің келесі өзгешеліктерін бөліп көрсету қажет:

  • біріншіден, мұра не мұралық мүлік құрамына қайтыс болған азаматтың құқықтары (актив) мен қарыздары (пассив) кіреді.
  • екіншіден, мұрагерлік бойынша тек мұра қалдырушы тірі кезінде иеленген құқықтар ғана өтеді. Сондықтан мұра қалдырушы тірі кезінде ие болмаған, ол қайтыс болған кезде пайда болған құқықтар мұра құрамына енбейді. Мысалы өз жанұясының пайдасына жасалған өмірді сақтандыру шарты. Бұл мұрагерлік мирасқорлығы емес, өйткені сақтандыру ақшасын алу мұра қалдырушы қайтыс болған жағдайда ғана беріледі. Осындай жағдайларда мұрагер мұра қалдырушы иеленбеген құқықтарға ие болады.
  • үшіншіден, мұра қалдырушының кейбір құқықтары мен міндеттері өз табиғатына байланысты мұрагерлерге өте алмайды. Мұрагерлік мүліктің құрамына жеке сипаттағы құқықтар мен міндеттер кірмейді. Ең алдымен, бұл алименттік құқықтар мен міндеттер, пәтерді пайдалану құқы, қоғамдық мекемеде және т. б. мүшелік құқы.
  • төртіншіден, мұрагерге өтетін кейбір құқықтар мен міндеттер заң бойынша өтпеуі мүмкін.
  • бесіншіден, мұрагерлік бойынша тек мүліктік ғана емес, мүліктік емес мазмұны бар құқықтар мен міндеттер өтеді. Мұрагерлік бойынша атқа ие болу құқығы, авторлық құқық өтпейді.

Мұраның құрамы

Мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ оның қайтыс болуына байланысты қолданылуы тоқтамайтын құқықтары мен міндеттері кіреді. Мұра қалдырушының жеке басына тығыз байланысты мына құқықтар мен міндеттер:

  • егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше белгіленбесе, заңды тұлғалар болып табылатын ұйымдарға мүше болу құқығы;
  • өміріне немесе денсаулығына келтірілген қиянды өтеу құқығы;
  • алименттік міндеттемелерден туындайтын құқықтар мен міндеттер;
  • зейнетақы төлеу, жәрдемақы және еңбек пен әлеуметтік қамсыздандыру туралы заң актілерінің негізінде басқа да төлемдер төлеу құқығы;
  • мүліктік құқықтармен байланысы жоқ жеке мүліктік емес құқықтар мұраның құрамына кірмейді.

Мұра қалдырушыға тиесілі болған жеке мүліктік емес құқықтар мен  басқа да материалдық емес игіліктерді мұрагерлердің жүзеге асыруы және қорғауы мүмкін.

Мұраның ашылу орны және уақыты

Мұра азаматтың қайтыс болуы немесе оны қайтыс болды деп жариялау салдарынан ашылады. Мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот  шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады. Егер бірінен кейін бірі мұрагер болуға құқылы адамдар бір күнде қайтыс болса олар бір мезлілде қайтыс болған деп танылады және олардың әрқайсысынан кейін мұрагерлік ашылады да олардың әрқайсысының мұрагерлері мұрагерлікке шақырылады. Мысалы, белгілі бір апатта азаматты қайтыс болды деп жариялағанда, сот қайтыс болу күні деп, апат болған күнді бекітеді.

Мұраны қалдыру уақыты дегеніміз не? Сот шешімінде көрсетілген күн мен сол шешімнің күшіне енген мерзімі әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан осындай жағдайларда сот шешімі күшіне енген күннен бастап есептеген дұрыс.

Мұраны ашу уақыты өте маңызды, өйткені онымен келесі анықтамалар байланысты:

  • мұрагерлік мүліктің құрамы;
  • мұраны қалдыру не мұрадан бас тарту мерзімі;
  • кредиторлардың талап қою уақыты;
  • мұрагерлердің мұрагерлік мүлікке ие болу құқығының пайда болу уақыты;
  • мұрагерлік құқы куәлігін беру уақыты;
  • негізге алынатын заңдар.

Мұраны ашу жері мұра қалдырушының соңғы тұрған жері болып табылады. Егер мұра қалдырушының соңғы тұрған жері белгісіз болса, мұраны ашу жері мұра немесе оның үлкен бөлігі орналасқан жер болып табылады. Кейбір жағдайларда тұрғылықты жерді анықтау мүмкін емес. Бұл ең алдымен босқындарға қатысты. Бірақ қандай жағдай болмаса да мұра қалдырушы тұрған жер мұраны ашу орны болып саналады. Бірақ осы сияқты жағдайларда нотариалдық тәжірибеде кездесетін проблемалар туындайды. Егер мұра қалдырушы Қазақстандағы кірпіш завод және Армениядағы шарап заводының иесі және еш жерде тұрақты тұрмаған болса, мұраны ашу орны қайда болады? Бұл кезде мұраны ашу жері болып мұраның көп бөлігі орналасқан жер болып табылады. Уақытша шет елде тұрып, қайтыс болған Қазақстан Республикасының азаматының мұрасын ашу орны болып, шет елге шыққанша Қазақстан Республикасында тұрған жері болып табылады. Шет елде тұрақты тұрған Қазақстан  Республикасы азаматының мұрасын ашу орны болып, оның шет елде тұрақты тұрған жері болып табылады. Бұл кезде мұрагерлік құқық куәлігін Қазақстан Республикасының Консулдық мекемесі немесе  шет елдің осындай жұмыстарымен айналысатын мекемесі береді.

Мұра қалдырушы Мұра қалдырушы (Қазақстан Республикасының, шет ел немесе азаматтығы жоқ тұлға) қайтыс болғаннан кейін мүлкі мұрагерлік тәртіп бойынша басқа тұлғаларға өтетін  жеке тұлға. Егер мұра қалдырушы азамат заңды түрде өз мүлкін қалай бөлетінін жазса, өсиетші болып табылады. Ал мүлкі туралы жазған документ өсиет деп аталады. Мұрагерлікте заңды мұрагерлер және өсиет бойынша мұрагерлер болады. Заңды тұлғадан мұра алу мүмкін емес, сондықтан заңды тұлға мұра қалдырушы бола алмайды.

Мұрагерлер Қайтыс болған азамат мүлкі өтетін тұлға мұрагер деп саналады. Заңды мұрагерлердің қатарын заң бекітеді де, өсиет бойынша мұрагерлердің қатарын өсиет белгілейді. Азаматтар сияқты заңды тұлғалар, Қазақстан Республикасы, шет елдер, халықарлық ұйымдар  мұрагер бола алады. Мұра қалдырушы қайтыс болған уақытта тірі болған әрбір азамат мұрагер бола алады.

Мұра ашылған кезде тiрi жүрген, сондай-ақ мұра қалдырушының тiрi кезiнде iште қалған және мұра ашылғаннан кейiн тiрi туған азаматтар өсиет және заң бойынша мұрагер бола алады.

Мұра ашылғанға дейiн құрылған және мұраның ашылу уақытында болған заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекет өсиет бойынша мұрагерлер болуы мүмкiн. Кейбір жағдайларда мұрадан лайықсыз мұрагерлер шеттетіледі:

  1. Мұра қалдырушыны немесе мүмкiн болатын мұрагерлердiң бiреуiн қасақана өлтiрген немесе олардың өмiрiне қастандық жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ. Бұған өсиет қалдырушы оның өмiрiне қастандық жасалғаннан кейiн өздерiне қатысты өсиет қалдырған адамдар кiрмейдi.
  2. Мұра қалдырушының соңғы еркiн жүзеге асыруға қасақана кедергi жасаған және сол арқылы олардың өздерiн немесе оларға жақын адамдарды мұрагерлiкке шақыруға не мұраның оларға тиесілі үлесін көбейтуге ықпал жасаған адамдардың өсиет бойынша да, заң бойынша да мұра алуға құқығы жоқ.
  3. Балаларына ата-аналық құқықтарынан айырылған және мұра ашылған кезде бұл құқықтарын қалпына келтiрмеген ата-аналардың балаларынан қалған мұраны, сондай-ақ мұра қалдырушыны күту жөнiнде өздерiне заң күшiмен жүктелген мiндеттердi орындаудан жалтарған ата-аналардың (асырап алушылардың) және кәмелетке толған (асырап алынған) балалардың заң бойынша мұраны алуға құқығы жоқ.
  4. Лайықсыз мұрагерлердi мұрагерлiктен шеттетуге негiз болатын мән-жайларды сот белгiлейдi.

Осы  ережелер барлық мұрагерлерге, соның iшiнде міндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлерге де қолданылады.

Өсиет бойынша мұрагерлікте мұрагерлердi қосымша тағайындау да кездеседі.

Өсиет қалдырушы өсиетте көрсетiлген мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болған, оны қабылдамаған не одан бас тартқан,  сондай-ақ мұрагер мұра қалдырушының заңды талаптарын өсиет бойынша орындамаған жағдайда, басқа мұрагерлер  тағайындалады.

Мұрагер бола алатын кез келген адам қосымша тағайындалған мұрагер болуы мүмкiн. Өсиет бойынша мұрагердiң қосымша тағайындалған мұрагерге пайдасы тимейтiн бас тартуына жол берiлмейдi.

Заң бойынша және өсиет бойынша мұрагерлік

Заңды мұрагерлік

Заң бойынша мұрагер болу құқығын бiрiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының балалары, соның iшiнде ол қайтыс болғаннан кейiн тiрi туған балалары, сондай-ақ мұра қалдырушының жұбайы мен ата-анасы алады.

Заң бойынша мұрагер болу құқығын екiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының ата-анасы бiр, ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi (қарындастары), сондай-ақ оның әкесi жағынан да, анасы жағынан да атасы мен әжесi алады

Заң бойынша мұрагер болу құқығын үшiншi кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының туған немере ағалары мен апалары алады.

Заң бойынша мұрагер болу құқығын төртiншi кезекте мұра қалдырушының алтыншы атаға дейiнгiлерiн қосқанда басқа туыстары алады, бұл ретте туыстық дәрежесi неғұрлым жақын туыстар туыстықтың неғұрлым алысырақ дәрежедегi туыстарын мұрагерлiктен шеттетедi. Туыстық дәрежесiнiң жақындығы ортақ ата-бабасынан туу саны негiзiнде анықталады. Әрбiр дүниеге келу бiр ата (бiр туыстық) дәрежесi деп аталады. Мұрагерлiкке шақырылған төртiншi кезектегi мұрагерлер тең үлесте мұрагер болады.

Заң бойынша мұрагер болу құқығын бесiншi кезекте, егер мұра қалдырушымен бiр отбасында кемiнде он жыл бiрге тұрса, тең үлеспен оның туыстас аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, (қарындастары), өгей әкесi мен өгей шешесi алады.

Заң бойынша мұрагер болу құқығын алтыншы кезекте тең үлеспен мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар алады.

Мұрагерлер жоғарыда көзделген кезек тәртiбiмен мұрагерлiкке шақырылады.
Заң бойынша мұрагерлiк кезiнде, бiр жағынан, асырап алынған және оның ұрпақтары және екiншi жағынан, асырап алушы мен оның туыстары қандас туыстарға теңестiрiледi. Асырап алынғандар мен олардың ұрпақтары асырап алынушының туған ата-анасы, оның басқа да қандас туыстары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды. Асырап алынушылардың ата-анасы мен оның басқа да қандас туыстары асырап алынушы және оның ұрпақтары қайтыс болғаннан кейiн заң бойынша мұрагер болмайды. Заң бойынша мұрагерлердiң әрбiр келесi кезегi алдыңғы кезектегi мұрагерлер болмаған, оларды мұрадан шеттеткен, олар мұраны қабылдамаған не одан бас тартқан жағдайда, азаматтық  кодекстегі кейбір жағдайларды қоспағанда, мұрагерлiк құқығын алады.  Заң бойынша мұрагерлердi мұрагерлiкке шақырудың кезектiлiгi туралы және олардың мұрадағы үлестерiнiң мөлшерi туралы ережелерi мүдделi мұрагерлердiң мұра ашылғаннан кейiн жасалып, нотариат куәландырған келiсiмiмен өзгертiлуi мүмкін. Мұндай келiсiм оған қатыспайтын мұрагерлердiң, сондай-ақ мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагерлердiң құқықтарын қозғамауы тиiс.

Ұсыну құқығы бойынша мұрагерлiк

Егер заң бойынша мұрагер мұра ашылғанға дейiн қайтыс болса, ашылатын мұрадағы оның үлесi ұсыну құқығы бойынша оның ұрпақтарына ауысады. Қайтыс болған мұрагердiң үлесi заң бойынша мұрагер ұсынған туыстығы бiрдей дәрежедегi ұрпақтар арасында тең бөлiнедi. Тiкелей өзiнен тарайтын туыстық бойынша мұрагерлiк жағдайында ұсыну құқығы туыстық дәреже шектелмей қолданылады, ал көлденең туыстық бойынша мұрагерлiк жағдайында ұсыну құқығын тиiсiнше оның туған аға-iнiлерiн (апа-сiңлiлерiн, қарындастарын) ұсына отырып, мұра қалдырушының жиендерi не оның туған немере ағасын немесе апасын ұсына отырып, немере аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары) алады.

Мұра қалдырушының асырауындағы еңбекке жарамсыз адамдар

Мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейiн кемiнде бiр жыл оның асырауында болған және онымен бiрге тұрған еңбекке жарамсыз адамдар заң бойынша мұрагерлер қатарына жатады. Басқа да заң бойынша мұрагерлер болған кезде олар мұрагер болуға шақырылатын кезектегi мұрагерлермен бiрге мұра алады.   Егер мұра қалдырушымен бiрге тұрған-тұрмағандығына қарамастан, мұра қалдырушы қайтыс болғанға дейiн кем дегенде бiр жыл оның асырауында болса, Азаматық Кодекстiң 1061-1066-баптарында аталған заң бойынша мұрагерлердiң қатарына жататын, бiрақ мұрагерлiкке шақырылатын кезектегi мұрагерлердiң тобына кiрмейтiн еңбекке жарамсыз адамдар, осы кезектегi мұрагерлермен бiрге мұра алады. Мұрагерлiкке шақырылатын адамдар, басқа да заң бойынша мұрагерлер болған кезде мұраның төрттен бiрiнен аспайтын бөлiгiн мұраға алады.

Мұрадағы мiндеттi үлеске құқық

Мұра қалдырушының кәмелетке толмаған немесе еңбекке жарамсыз балалары, сондай-ақ оның еңбекке жарамсыз жұбайы мен ата-анасы, өсиеттiң мазмұнына қарамастан, заң бойынша мұрагерлiк кезiнде олардың әрқайсысына тиесiлi болатын үлестiң (мiндеттi үлес) кемінде жартысын мұраға алады.  Мұндай үлеске құқығы бар мұрагер өсиет бойынша және (немесе) заң бойынша мұрадан алатынның барлығы, оның iшiнде әдеттегi үй жабдықтары мен үй-iшi тұрмысында ұсталатын заттардан тұратын мүлiктiң құны және мұндай мұрагердiң пайдасына белгiленген өсиеттiк бас тартудың құны, мiндеттi үлеске есептеледi. Мұрадағы мiндеттi үлеске құқығы бар мұрагер үшiн өсиетте белгіленген кез келген шектеулер мен жүктеулер өзіне ауысатын мұраның мiндеттi үлесiнен асатын бөлігіне қатысты ғана жарамды болады.

Мұра алу  кезiндегi  ерлi-зайыптылардың  құқықтары

Ерлi-зайыптыларға өсиетке немесе заңға орай тиесiлi мұрагерлiк құқықтың мұра қалдырушымен некеде тұру жағдайына байланысты оның басқа да мүліктік құқықтарына, оның ішінде мүліктің некеде тұрғанда бірге тапқан бөлігіне меншiк құқығына қатысы жоқ.  Егер мұра қалдырушымен неке мұра ашылғанға дейiн iс жүзінде тоқтатылғандығы және ерлі-зайыптылардың мұра ашылғанға дейін кемінде бес жыл бөлек тұрғандығы дәлелденсе, сот шешiмiмен ерлi-зайыптылар заң бойынша мұрагерлiктен шеттетiлуi мүмкiн.

Мұраны қорғау және заң бойынша мұрагерлi кезiнде оны басқару

Мүлiктiң бiр бөлiгi өсиет бойынша мұраға қалдырылған жағдайда мұра қалдырушы тағайындаған өсиеттi орындаушы мұраның заң бойынша мұрагерлiк тәртiбiмен ауысатын бөлiгiн де қоса алғанда, барлық мұраны қорғауды және оны басқаруды жүзеге асырады.  Егер заң бойынша мұрагерлер мұраның заң бойынша мұрагерлiк тәртiбiмен ауысатын бөлiгiне қатысты көрсетiлген мiндеттердi атқару үшiн мұраны сенiмгерлiкпен басқарушыны тағайындауды талап етпесе, тұтас алғанда бүкiл мұраны қорғау және оны басқару жөнiндегi мiндеттердi өсиет бойынша мұрагерлер немесе сот тағайындаған өсиеттi орындаушы жүзеге асырады. Мұраны сенiмгерлiкпен басқарушыны заң бойынша бiр немесе бiрнеше мұрагердiң өтiнiшiмен мұраның ашылған жерi бойынша нотариус тағайындайды. Мұраны басқарушыны тағайындаумен немесе оны таңдаумен келiспеген заң бойынша мұрагер сотта мұраны сенiмгерлiкпен басқарушының тағайындалуына дау айтуға құқылы. Егер заң бойынша мұрагерлер болмаса не белгiсiз болса, жергiлiктi атқарушы орган мұраны сенiмгерлiкпен басқарушыны тағайындау туралы нотариусқа жүгiнуге тиiс. Заң бойынша мұрагерлер келген жағдайда, олардың талап етуi бойынша мұраны сенiмгерлiкпен басқарушы мұраның есебiнен оған қажеттi шығындар өтелiп, қисынды сыйақы төлене отырып керi шақырып алынуы мүмкiн. Мұраны сенімгерлiкпен басқарушы заңды мұрагерліктiң ерекшелiктерiнен өзгеше туындамағандықтан, өсиеттi орындаушыға қатысты Азаматтық Кодекстiң 1059-бабында көзделген өкiлеттiктi жүзеге асырады. Мұраны сенiмгерлiкпен басқарушының мұра есебiнен мұраны қорғау және оны басқару жөнiндегi қажеттi шығындарды өтеттiруге, ал егер оның мұрагерлермен келiсiмiнде өзгеше көзделмесе, сыйақы алуға да құқығы бар.

Өсиет бойынша мұрагерлік

Азаматтың ол қайтыс болған жағдайда өзіне тиесілі мүлікке билік ету жөнінде өз ықтиярын білдіруі өсиет болып танылады. Азамат өзінің барлық мүлкін немесе оның бір бөлігін заң бойынша мұрагерлер тобына кіретін де, кірмейтін де бір не бірнеше адамға, сондай-ақ заңды тұлғаларға және мемлекетке өсиет етіп қалдыра алады. Өсиетті өзі жасауға тиіс. Өкіл арқылы өсиет жасауға жол берілмейді. Өсиет қалдырушы себебін түсіндірместен заң бойынша мұрагерлердің біреуін, бірнешеуін немесе барлығын мұрадан айыруға құқылы. Егер өсиеттен өзгеше туындамаса, заң бойынша мұрагерді мұрадан айыру оның ұсынылу құқығы бойынша мұрагерлік етуші ұрпақтарына қолданылмайды.

Мұра қалдырушы кез келген мүлік туралы өкімді қамтитын өсиет жасауға құқылы. Мұра қалдырушы жасалған өсиеттің оны жасағаннан кейін кез келген уақытта күшін жоюға және өзгертуге ерікті және күшін жоюдың немесе өзгертудің себебін көрсетуге міндетті емес. Мұра қалдырушының өсиетте өзі мұрагер етіп тағайындаған адамдарға, олар қайтыс болған жағдайда өз кезегінде өсиет еткен мүлікті белгілі бір түрде билік ету міндетін жүктеуге құқығы жоқ.

Өсиеттің нысаны

Өсиет оның жасалған жері мен уақыты көрсетіле отырып, жазбаша нысанда жасалып, нотариатта куәландырылуға тиіс. Нотариатта куәландырылған өсиетттер; нотариатта куәландырылғандарға теңестірілетін өсиеттер тиісінше ресімделген болып танылады.

Өсиетке өсиет қалдырушының өзі қол қоюы қажет. Егер өсиет қалдырушы дене кемістіктеріне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиетке өзі қол қоя алмаса, оның өтініші бойынша оған нотариустың немесе өсиетті куәландырушы басқа адамның қатысуымен өсиет қалдырушының өсиетке өзі қол қоя  алмауының себебін көрсете отырып, басқа азаматтың қол қоюы мүмкін. Өсиетті жазу, оған қол қою немесе куәландыру кезінде куәлар қатысуға тиіс болған жағдайларда:

  • нотариус немесе өсиетті куәландыратын өзге адам;
  • пайдасына өсиет жазылған немесе өсиет қалдырудан бас тартылған адам, оның зайыбы, оның балалары, ата-аналары, немерелері мен шөберелері, сондай-ақ өсиет қалдырушының заң бойынша мұрагерлері;
  • толық әрекетке қабілеттілігін иеленбейтін азаматтар;
  • сауатсыз және өсиетті оқуға қабілетсіз басқа да адамдар;
  • жалған жауап бергені үшін соттылығы бар адамдар куә бола алмайды, сондай-ақ өсиет қалдырушының орнына өсиетке қол қоя алмайды.

Талап қойылған өсиет

Өсиет қалдырушы мұрагер мiнез-құлқының сипатына қатысты мұра алуды белгiлi бiр талаппен байланыстыруға құқылы.  Мұрагер тағайындау немесе мұра алу құқығынан айыру туралы өкiмге енгiзiлген заңға қарсы талаптар жарамсыз болады. Өсиетке енгiзiлген мұрагердiң денсаулық жағдайы бойынша немесе өзге де объективтi себептерге байланысты мұрагер үшiн орындалмайтын талаптар мұрагердiң талап қоюы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.

 Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгiне мұрагерлiк

Мүлiктiң өсиет етiлмей қалған бөлiгi Азаматтық Кодекстiң 1061-1066-баптарындағы тәртiппен мұрагерлiкке шақырылған мұрагерлер арасында заң бойынша бөлiнедi. Бұл мұрагерлердiң қатарына заң бойынша мүлiктiң басқа бөлiгi өсиет арқылы қалдырылған мұрагерлер де кiредi.

     Нотариатта куәландырылған өсиет

Нотариатта куәландырылған өсиеттi өсиет қалдырушы жазуы керек не өсиет қалдырушының айтуымен куәның қатысуы арқылы нотариус жазуға тиiс. Өсиет қалдырушының айтуымен өсиет жазылған кезде нотариус жалпы жұрт қабылдаған техникалық құралдарды (жазу машинкасы, дербес компьютер және т.б.) пайдалануы мүмкiн. Өсиет қалдырушының айтуы бойынша нотариус жазған өсиеттi өсиетке қол қойылғанға дейiн нотариус пен куәның қатысуы арқылы өсиет қалдырушы толық оқып шығуға тиіс.   Егер өсиет қалдырушы дене кемiстiктерiне, науқастығына немесе сауатсыздығына байланысты өсиеттi өзi оқи алмайтын болса, ол үшiн оның мәтiнiн нотариустың қатысуымен куә оқып бередi, ол туралы өсиет қалдырушының өсиеттi өзi оқи алмауының себептерi көрсетiлiп, өсиетте тиiстi жазба жасалады.

Егер нотариат куәландырған өсиет куәның қатысуымен жасалса, өсиетте куәның тегi, аты және тұрақты тұратын жерi көрсетiлуге тиiс. Осындай мәлiметтер өсиетке өсиет қалдырушының орнына қол қойған адамға қатысты да енгiзілуi тиiс.   Өсиет қалдырушының тiлегi бойынша нотариус өсиеттiң мазмұнымен таныспай-ақ оны куәландырады (құпия өсиет).

Құпия өсиет, оның жарамсыз болып қалу қаупiмен, өсиет қалдырушының өз қолымен жазылуға және қолы қойылуға, екi куәның және нотариустың қатысуымен куәлар қол қоятын конвертке салынып, желiмденуге тиiс. Куәлар қол қойған конверт куәлардың және нотариустың қатысуымен, нотариус куәландырып қол қоятын басқа конвертке салынып желiмденедi. Нотариус жоқ елдi мекендерде тұратын адамдардың өсиетiн заң актiлерiнде нотариат әрекеттерiн жасауға уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдар куәландырады.

 Нотариата куәландырылғандарға теңестiрiлетiн өсиеттер

Нотариатта куәландырылған өсиеттерге:       1) ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде тұратын азаматтардың осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас дәрiгерлерi және кезекшi дәрiгерлерi, сондай-ақ қарттар мен мүгедектерге арналған үйлердiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;       2) госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлердiң және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң бастықтары, олардың медицина бөлiмi жөнiндегi орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi; 3) жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының жалауымен теңiз кемелерiнде немесе iшкi жүзу кемелерiнде жүрген азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi; 4) барлау және басқа да экспедицияда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың бастықтары куәландырған өсиеттерi; 5) нотариустары және нотариат әрекеттерiн жасауа уәкiлдiк берiлген лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан мекендерiндегi әскери қызметшiлердiң өсиеттерi, сондай-ақ осы бөлiмдерде жұмыс iстейтiн жай адамдардың, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң де әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелер мен оқу орындарының командирлерi (бастықтары) куәландырған өсиеттерi;      6) бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының бастықтары куәландырған өсиеттерi теңестiрiледi. Жоғарыда бірінші тізімде келтiрiлген лауазымды адамдар куәландырылған өсиеттiң бiр данасын нотариат туралы заңдарға сәйкес нотариустың сақтауына беруге мiндеттi.     Өсиеттiң нотариатта куәландырылуы туралы талаптарды қоспағанда, мұндай өсиеттердiң өзгелерiне тиiсiнше Азаматтық Кодекстiң 1051-бабының ережелерi қолданылады.

Өсиеттiң күшiн жою және оны өзгерту

Өсиет қалдырушы өзi жасаған өсиеттiң кез келген уақытта күшiн жоюға немесе оны өзгертуге құқылы. Өсиеттiң күшi: 1)нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң толық күшiн жою туралы өтiнiш беру; 2) жаңа өсиет жасау жолымен жойылуы мүмкiн. Нотариат кеңсесiне бұрын өзi жасаған өсиеттiң белгiлi бiр бөлiгiн өзгерту туралы өтiнiш беру; бұрын жасалған өсиетті бөлiктерi бойынша өзгертетiн жаңа өсиет жасау жолымен өзгертiлуi мүмкiн. Бұрын жасалып, кейiнгi өсиет арқылы толық немесе iшiнара күшi жойылған өсиет, егер өсиет қалдырушы өз кезегiнде соңғысының күшiн жойса немесе өзгертсе, қалпына келтiрiлмейдi.

Қорытынды

Курс жұмысын аяқтай келе, мұрагерлік дегеніміз қайтыс болған азамат (мұра қалдырушы) мүлкінің басқа тұлғаға (мұрагерлерге) өтуі. Мұрагерлік қатынастың субъектілері мұра қалдырушы және мұрагер болып табылады.

Заң бойынша мұрагерлікте жеке тұлғалар мұра қалдырушы мен мұрагер

бола алады, ал өсиет бойынша жеке және заңды тұлғалар, мемлекет, яғни заматтық құқықтық қатынастың барлық сбъектілері мұра қалдырушы және мұрагер бола алады. Мұрагерлердің құрамы мұра ашылған күні анықталады, ал мұра мұра қалдырушы қайтыс болған жағдайда ашылады. Осыған байланысты, мұра ашылған күні тірі болған адамдар мұрагер бола алады. Мұра ашылған күннің ертесінде қайтыс болған мұрагердің мүлік құқықтары мен міндеттері оның ұрпақтарына өтеді.

Азаматтық Кодекс өсиетті жасаудың және қол қоюдың жаңа ережелерін бекітті. Бұл жаңа ережелер бойынша өсиетті өсиетші өзі немесе оның сөзінен нотариус жаза алады. Бұл жағдайда өсиет жасауда куәгердің қатысуы қажет және ол туралы мәліметтер өсиетке енгізілуі керек. Азаматтық Кодекстің 1051 бабы 1 тармақшасы бойынша өсиетті жасаған кезде нотариустың жалпыға танымал техникалық құралдарды пайдалануға рұқсат етілген (жазу машинкасы, жеке компьютер). Азаматтық Кодекстің 1070 бабында ерлі-зайыптыларды мұрагерліктен шеттету  қарастырылған.

Бүгінгі күнге дейін мұрагерлік қатынаста көптеген проблемалар жиналып қалды. Кейбір проблемалар азаматтардың әртүрлі шаруашылық қоғамдастықтарға және серіктестіктерге мүше болуына байланысты туындайды.

Жаңа Азаматтық Кодекс Конституциядағы «мұрагерлік құқыққа кепіл беріледі» деген ережені қамтамасыз ету керек. Азаматтық Кодекс өсиеттің еркіндігіне құқық берген. Бірақ 18 жасқа толмағандарды және еңбекке жарамсыздарды мұрадан айыруға жол берілмейді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық Кодекстің 1051 бабының 4 тармақшасында өсиетті өсиетші нотариусқа жабық конвертте беруге құқылы. Ал нотариус өсиетті тек ол қайтыс болған күні ғана ашады.

Азаматтық Кодекстің Мұрагерлік құқыққа арнаған бөліміндегі жаңа ережелер бойынша мұрагерлердің қатары үштен беске дейін өсті.

Жақын болашақта Қазақстанда да мұрагерлік құқықтың рөлі өседі. Соңғы кезде көпшілікте қымбат мүліктер пайда болды. Мысалы, жекелендірілген жер учаскелері және пәтерлер, акциялар, облигациялар және т. б. Бұл адамдарды олар қайтыс болғаннан кейін мүліктерінің қайда қалатыны қызықтырады. Курс жұмысын қорытындылай келе мұрагерлік институт соңғы кезде біздің республикамыз сияқты жылдам дамыса екен деп ойлаймын.

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика