Ұзақ қысылу синдромы (синонимдері: жарақаттық токсикоз, «Краш- синдром»)- жұмсақ тіндердің ұзақ уақыт (4-8сағаттан артық) қысылуымен сипатталатын ауыр жарақат болып табылады. Негізгі патогенетикалық факторы- токсемия. Ол зақымдалған жасушалардың ыдырау өнімдерінің қан арнасына түсуінің салдарынан пайда болады және олар ҚШҰ синдромының дамуының себепшісі болады. Ұзық қысылу синдромының патогенезінде плазманың жоғалуының да маңызы өте зор. Ол зақымдалған аяқ-қолдың ісінуінің салдарынан болады. Сонымен қатар, ауыру сезімдік тітіркенулер ОНЖ-ң қозу және тежелу үрдістерінің тепе-теңдігін бұзып, аурудың ағымын үдете түседі.
Ұзақ уақыт қысылудың нәтежиесінде зақымдалған аяқ-қолда ишемия мен венозды тоқырау пайда болады. Тіндердің механикалық зақымдалуының салдарынан, жасушалардың метаболизмінің токсикалық өнімдері көп мөлшерде жиналады, соның ішінде- миоглобиннің мөлшері. Метаболиттік ацидоз бен миоглобин бүйрек өзекшелерін бітеп, оның реабсорбциялық қызметін бұзады. Тамырішілік қан ұюы фильтрацияны тежейді. Патогенезінде гиперкалиемияның да маңызы зор, ол 7-12 ммоль/л дейін жоғарылайды. Сонымен қатар, токсемияны зақымдалған бұлшықеттерден түсетін гистамин, аделин қышқылы, фосфор, креатинин де күшейе түседі.
Жарақаттық токсикоздың клиникалық ағымында 3 кезеңді ажыратады:
1. Ісіну мен тамыр жетіспеушілігінің өршу кезеңі. Ол 1-3 күнге созылады.
2. Жедел бүйрек жетіспеушілігі кезеңі. 3-ші күннен 9-12 күнге дейін созылады.
3. Жазылу кезеңі.
Бірінші кезеңде (қысылған аяқ-қолды босатқаннан соң, 72 сағатқа дейін созылады) жергілікті өзгерістер және эндогенді интоксикация пайда болады. Клиникалық тұрғыда, ол: шок, ауыру сезімі, психоэмоциональді стресс, гемодинамиканың тұрақсыздығы, гемоконцентрация, креатинемия. Емдеу нәтежиесінде қысқа уақыттық сауығу болады, содан кейін науқастың жағдайы күрт нашарлап, ұзақ қысылу синдромының екінші кезеңі басталады.
Бұл кезде көптеген ағзалардың, әсіресе бүйректің жетіспеушілігі дамиды. Осы кезеңде қысылған аяқ-қолдың ісінуі күшейеді, гемоконцентрация гемодилюцияға ауысады, анемия үдей түседі, диурезі төмендеп, тіпті анурия дамиды. Жүргізіліп жатқан ем шараларына қарамастан, өлім деңгейі 35% жетеді.
Үшінші кезең- жазылу кезеңі 3 аптадан кейін басталады және бүйрек қызметінің, қандағы белоктар мен электролиттердің мөлшерінің қалпына келуімен ерекшеленеді. Бірінші кезекте инфекциялық асқынулар шығады. Сепсистің даму қаупі өте жоғары болады.
Ұзық қысылу синдромында көрсетілетін алғашқы көмек. Қысылған аяқ-қолды бостпас бұрын, улы заттардың қанға түсуінің алдын-алу үшін, бұрау салынады, содан кейін дәке орағышымен тығыз етіп орап қояды, иммобилизация жүргізіледі, анальгетиктер мен седативті дәрілер тағайындалады, жараны антисептикпен өңдеп, асептикалық таңғыш салады.
Алғашқы дәрігерлік көмек. Инфузиялық ем жүргізеді: реполиглюкин, 5% глюкоза ертіндісі, 4% гидрокарбонат ертіндісі, жаңа мұздатылған плазма- 500-700мл, 5-10% альбумин ертіндісі- 200 мл тағайындалады. Инфузияның көлемі тәулігіне 2000 мл-ден кем болмауы керек. Интоксикация белгілері бар, аяқ-қолы 4 сағаттан астам уақыт қысылған және айқын жарақаттық белгілері бар науқасты плазмоферез немесе гемосорбция жасау қажет. Тіндердің гипоксиясын азайту мақсатымен тәулігіне 1-2 рет ГБО жүргізіледі. Диурезді жақсарту үшін диуретиктер (лазикс, фуросемид), микроциркуляцияны жақсарту үшін- курантил, трентал, белок алмасуын дұрыстау үшін- ретаболин тағайындалады.
Жергілікті гипотермия жүргізіледі- зақымдалған аяқ-қолға мұз қояды. Ісіну мен микроциркуляторлы бұзылыстар үдей түссе, шандыр футлярлларын кесіп, кең лампасты тіліктер жасау керек. Бұл тіндердің қысылуын жойып, қан айналымының қалыптануына әкеледі, сонымен қатар детоксикация шарасы болып табылады. Өліеттенген аймақтар айқын болса, некроэктомия жасалады. Ал егер аяқ-қол толық өліеттенсе, ампутация орындалады.
Екінші кезеңде- жедел бүйрек жетіспеушілігінде- суды ішуді шектейді. Диурезді тәулігіне 600 мл-ден аз болса, гемодиализ жүргізіледі. Анурия, гиперкалиемия (6ммоль/л жоғары болса), өкпе мен мидың ісінуінде гемодиализ шұғыл көрсеткішпен жасалады. Инфузиялық терапия тәулігіне 1,2-1,5 литрден аспауы қажет (альбумин, жаңа мұздатылған плазма, 4% гидрокарбонат ертіндісі, 10% глюкоза ертіндісі). Уремия мен ҚШҰ синдромының нәтежиесінде болатын қан кетуде, шұғыл түрде плазмаферез жасап, соңнан 1000 мл жаңа мұздатылған плазманы тез тамшылатып немесе ағызып енгізу керек (30-40минут). Протеаза ингибиторлары (трасилол, гордокс, контрикал, цалол, протинол) тағайындалады.
Үшінші кезеңде инфнкциялық асқынулармен күресу және алдын-алу шараларын орындау керек. Әсіресе, сепсистің дамуына қарсы әрекет жасайды.