Соғылу (contusio)
Механикалық әсерден пайда болатын, анатомиясы өзгермеген, тіндер мен ағзалардың жабық зақымын соғылу деп атайды. Ол соққының не құлаудың әсерінен болады. Соғлудың патоморфологиясы алуан түрлі: реактивті қабынду, эксудация мен лейкоциттердің шоғырлануын тудыратын қан құйылу байқалады. Уақыт өткен сайын қанның сұйық бөлімі, кейін фибрин ұйымалары сорылады. Эритроциттердің жартысы лимфа түйінінде сіңірілсе, жартысы сол жерде ыдырайды. Гемоглобин жұмсақ тіндерге еніп, оларды әр түрлі түске бояйды. Гематома сіңірілгеннен кейін, дәнекер тін дамиды, сөйтіп тыртық пайда болады.
Клиникалық белгілері: ауыру сезімі, домбығу, қан құйылу, қызметінің бұзылуы. Қан құйылу жарақаттан кейін 2-3 күні күшейеді және орнында көк дақ (көгеру) пайда болады. Уақыт өте қан бөлшектеніп сорылады, гемоглобин айналысындағы тіндермен әсерлесіп, қан құйылу орнының түсі өзгереді. Ол көкшіл- қызғылт, жасыл, сары түсті болуы мүмкін. Көбінде аяқ- қолдың қызметі бұзылады буын қозғалысы шектеледі.