Іш өтуі, яғни «диарея» дегеніміз не?
Бұл – балада су аралас сұйық нәжісінің болуы. Сұйық нәжіспен бірге, ауырған бала оргенизмге керекті су, тұз және көптеген пайдалы заттарды жоғалтады да, ауруы онан сайын асқына түседі. Баланың іш өтуімен бірге құсық пайда болады. Осының салдарынан науқастың денесі дел-сал болып, жағдайы, көңіл-күйі нашарлайды. Осы өзгеріс медицина тілінде «дегитратация», яғни «сусыздану» деп аталады.
Балалар организмінің сусыздануының әр түрлілігі кездеседі. Олар сусызданудың ауыр, орташа және жеңіл түрлері болып бөлінеді. Баланың іші өтіп, ауруы асқынған жағдайда, оларда организмнің орташа және ауыр түрлері жиірек кездеседі.
Осы бала организмінің сусыздануын уақытында емдемесе, бала одан әрі әлсіреп, басқа да жұқпалы ауруларға қарсы тұрарлық күші кеми түседі.
Организмнің сусыздануы кезінде зат алмасу процестері бе бұзылады. Бала организмінде зат алмасудың бұзылуынан азоттық қалдықтар мөлшері көбейе түседі де, олар өсіп келе жатқан жас организмді уландырады. Осы уланудың және сусызданудың (токсикоз және эксикоз) үш түрі болады: аса сусызданып улану, тұз жетіспей улану және бірдей мөлшерде тұз-су жетіспей улану. Сусызданудың белгілері қандай, енді осыған тоқталып өтейік.
Іші өтіп сусызданған бала мен сау баланы салыстырсақ, ауру баланы оның бет әлпетінен-ақ ажыратып алуға болады. Ауру баланың аузы кебіріп, көңіл-күйі түсіп, көздері шүңірейіп тұрады. Емшектегі нәрестенің сусызданғанын маңдай еңбегінің төмен түсіп кеткенінен білуге болады. Оның дем алысы тереңдеп, жиілей түседі.
Қазіргі жағдайда ауырған балаларды түрлі ерітінділермен суландыру тәсілін қолдану арқылы, қатты науқастанғандардың көпшілігін ажал тырнағынан арашалап қалу мүмкіндігі туып отыр.
Ауыз арқылы суландырып емдеу әдісін жазу үшін, ішуге арналған түрлі дәрілік ұнтақтар қолданылады. Олар мыналар: «Регидрон», «Гликосолан», «Цитроглюкосолан», «Оралит» және т.б. сусыздықтың негізгі белгілері білінісімен, оған қарсы емдік шараларын бірден жүргізген абзал. Осылай тез қимылдаған жағдайда, 4-6 сағат ішінде сұйық нәжіспен сыртқа шығып кеткен су мен тұздар тапшылығы организмде қалыпты жүйеге келеді.
Егер ауруға құрамында натрий хлорид, натрий цитрат және глюкозасы бар «Регидрон» ерітіндісін ішкізсе, организмдегі сусыздану тапшылығының орны толады.
Ерітінді дайындайтын ұнтақ болмаған жағдайда, тұзды-глюкозалы ерітіндіні қолдан жасап алуға да болады. Бұл үшін таза жуылған 200 мл. Стақанға қайнаған су құйып, бір шымшым, дәлірек айтсақ, сұқ саусақ пен бас бармақтың шымшымындай (0,7 гр) тұзды соған салады, әбден араластырады. Тұз еріді-ау дегенде дәмін татып көреді, су дәмі көздің жасынан сәл ғана қышқыл тұзды болуы шарт. Егер ащы болса, оны төгіңкіреп, үстіне араластырып су құяды. Дәмінің дәлдігі көңілге ұнаса, енді сол тұзды суға бір шай қасық (4 гр) қант салып, тағы араластырады. Осылайша дайындалған ерітіндіні ауру балаға шай қасықпен ішкізіп отыруға болады. Жаңа туған нәрестеге ерітінді ішкізу үшін тамшылатқышты қолдануға болады. Есте ұстайтын нәрсе, қолданылатын ыдыс, қасық, тамшылатқыш таза болуы тиіс. Сонымен, дер кезінде қолданылған ауыз су арқылы суландырып емдеу әдісі іші өту ауруларының тезірек жазылуына себепкер болады. Осы саладағы ізденістер келешекте де өрісін кеңейтіп, жалғасын таба бермек,
С.Бакаева,
Дәрігер-педиатр.