Ұйқы безі – асқазанның астына, он екі елі ішектің сол жағына таман орналасқан, ас қорыту сөлін бөліп шығаратын аса маңызды ішкі секрациялық без. Ұйқы безі клеткалары өз ішінен B клеткалар, A клеткалар, C клеткалар және D клеткалар болып бөлінеді. Мұның ішінде B клетканың мөлшері ең көп болып шамамен 60 пайызын ұстайды. Ол қандағы қанттың мөлшерін теңшейтін инсулинді бөліп шығарады. Әдетте астың құрамындағы түрлі элементтер бауырда қантқа айналғаннан кейін, жоғарыдағы клеткалар шығарған инсулин арқылы түгелдей энергияға айналады да ағзаларға жеткізіледі. Ал қант диабетіне шалдыққан науқастардың ұйқы безіндегі В клеткалары зақымдалу себебінен немесе санының аздығынан, бауырда қорытылып, қантқа айналып астың энергияға толық айнала алмауы себебінен ағзада қанттың үздіксіз артуы пайда болады.

Инсулиннің қызметі: зат алмасуға қатынасып, глюкозаны тасымалдау, қант, майлар мен белоктардың қорытылуына әсер ету, клеткалардың өсіп, көбеюін тежеп, клеткалардың өліп, жойылуын баяулату. Инсулиннің белгілі болғанына бір ғасыр уақыт өтсе де, оның денеге нақтылы қалай әсер ететіні әлі анық емес. Тек дене ішінде инсулин клеткалары клетка сұйықтығы және клетка ядросы арқылы тұтас адам денесіне әсер ететіні ғана белгілі.

Жалпы, қант диабеті дегеніміз не?

Ол қандай ауру дегенге жауап іздеп көрейік. Диабет грек тілінен аударғанда сүзгіден өту, сүзілу деген мағынаны білдіреді. Ал, қант диабеті – ұйқы безінің бетта-клеткаларының инсулинді аз мөлшерде шығаруымен, яғни ағзадағы инсулин гормонының жетіспеушілігіне байланысты қант алмасуының бұзылуымен сипатталады. Негізгі себептеріне ең алдымен дұрыс тамақтанбау, сондай-ақ, қантқа тез айналатын көміртегі бар тағамдарды көп пайдалану, дене еңбегімен айналыспайтын адамдар үшін семіздік, тұқым қуалаушылық, стресстік жағдайлар, бір сөзбен айтқанда салауатты өмір салтын ұстанбаудың әсерінен қант диабеті ауруының туындау мүмкіншілігі мол деп табылады. Яғни, туа және жүре пайда болады. Бүгінгі таңдағы адамдар денсаулығына әсер етуші бірден-бір фактор – айналадағы ортаның ластануы, химиялық өндірістен тарайтын зиянды қышқылдардың кеңінен таралуы өзекті мәселеге айналып отырғанын да атап өту қажет.

Қант диабеті ауруы жас тал­ға­майды. Дегенмен, қарт адамдар­да көбірек кездеседі. Себебі, ағзаны қоректендіретін қан тамырларының, әсіресе, ұйқы безіне келетін тамыр­лардың қан жүргізу қабілетінің азаюынан туындайды. Қантты диабет кезінде бауырда, бұлшықеттерде глюкозадан гликогеннің түзілуі азаяды да, глюкоза бос күйінде сақталып қалады және глюкозаның пентоздық-фосфаттық жолмен тотығуы нашарлайды. Ал нуклеин мен май қышқылдарының түзілуі үшін гликогосинтетеза ферменттерінің белсенділігі қажет.

Қант диабетінің негізгі белгілері:

Жиі шөлдеу және жиі зәр шығару;

Жиі ашығады, соған қарамастан салмақты тез жоғалтады;

Қандағы қанттың жоғары болуы;

Үнемі шаршау немесе әлсіздікті сезіну;

Көз көруінің нашарлауы, бас айналу;

Аяқ-қолдарда ұйып-шаншу сезімінің үдеуі;

Жұқпалы аурулардың баяу емделуі;

Терінің қышуы, денеде әр-түрлі жаралар көбейіп, баяу жазылуы.

Сонымен бірге, диабет кезінде адамның есте сақтау қабілеті мен мидың басқа да қызметтері бұзылады. Жүрек-қан тамыр ауруларын, инсульт қаупін тудыруы мүмкін. Ерлер мен әйелдер арасындағы жыныстық жағдайына да кері әсерін тигізеді.

Қант диабеті ауруы екі түрге бөлінеді: инсулинге тәуелді және инсулинге тәуелсіз. Инсулинге тәуелді түрі – балалар мен жастарда кездесетін диабет инсулиннің бездік жетіспеушіліген дамиды. Қанда инсулиннің мөлшері аздап қана төмендеген немесе тіпті қалыпты деңгейде бола береді. Сырқаттар қанша тамақтанып, әлденсе де арып-азып, жүдейді. Инсулинмен емделмеген жағдайда кетоацидоз дамып, адамның өліміне дейін жеткізетін аурудың ауыр түрі.

Инсулинге тәуелсіз түрі – жасы ұлғайған, көбінесе қарт адамдарда кездеседі деп есептеледі. Сырқаттарда семіздік байқалады және кетоацидоз дамымайды.

Балаларда

кездесетін қант диабеті

Қант диабеті балаларда өте ауыр түрде өтеді және бірден екпінді түрде басталады. Аурудың белгілері біліне салысымен білікті эндокринолог маманына көрсетіп, асқындырып алмау өте маңызды. Қатты асқынулар туындаған жағдайда бала комаға түсуі ықтимал. Бұл жағдайда жедел жәрдемге дәрігерлерді оқиғаның орын алған жеріне шақырту қажет.

Гипергликемиялық кома – инсулин дозасының кем болуы, майлы және тәтті тағамдарды мөлшерден көп жеудің әсерінен ағзаның улануы мен зат алмасуының бұзылуымен сипатталады. Ол біртіндеп басталады. Бала шөлдейді, зәрінің мөлшері көбейіп, тәбеті төмендейді. Ұйқышылдық пайда болады. Терісі құрғап, аузынан ацетон секілді иіс шығады. Дем алысы шуылдаған, сосын есінен танады.

Гипогликемиялық кома – тамақпен ағзаға қанттардың кем түсуі және инсулиннің шамадан тыс болуымен сипатталады. Бұл жағдайдағы кома кенеттен басталады. Аузынан ацетон иісі шықпайды. Терісі боз, дымқыл, демалысы жиі, баланың денесі тырысып-құрыса есінен тез танады.

 

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика