Қай кезде проктологқа қаралу қажет
Айтудың өзі ыңғайсыз, жағымсыз аурулар бар. Оның бірі геморрой – көбімізді айналып өтпейтін, әсіресе, жұмыс уақытында ұзақ уақыт тік тұрып, отырып немесе аз қимылдайтындарды жиі жағалайытн ауру. Асқынулардан қалай сақтанамыз, геморрой түйіні емдеусіз жоғалмайтыны рас па?
Артқы өтіс жолында іш қату, диарея (іш өту) немесе аяқ астынан кішкентай түйін пайда болу салдарынан ыңғайсыздықты сезінбегенше көпшілігіміз алаңдамаймыз, бірақ сонда да ыңғайсыз ғой. Өкінішке орай, шыдауға тырысу, «өзі өтіп кетеді» деп күту және дәрігерга қаралудан бас тарту қашанда аурудың асқынып, арты жаман ауруға соқтырады.
Егер геморройды және басқа да проктологиялық ауруларды уақытында емдемесе анемияға (қаназдық), іштен шығатын газды және нәжісті ұстай алмауға әкелуі мүмкін. Егер сізді ондай жағдайлар алаңдатса, өзіңізге құлақ асып, дәрігердің қабылдауына жазылыңыз.
Немқұрайлы қарауға болмайтын белгілер
Нәжісте қан, шырыш, іріңді бөлініс болуы. Қан өте аз мөлшерде болуы мүмкін.
- Жүріп-тұрғанда, үлкен дәрет уақытында анус тесігі маңайындағы жайсыздық.
- Қарын аумағындағы созылмалы аурулар.
- Үлкен дәрет кезінде ішектің толық босамау сезімі.
- Анус маңайында кішкентай ісік, түйін және басқа да өзге белгілердің пайда болуы.
- Тамақ рационына қарамастан, жиі іш қату немесе іш өту, іш кебу.
- Тік ішекте бөтен заттың бар екенін сезіну.
- Жиі үлкен дәретке баратын секілді өтірік сезім.
Егер сіз жоғарыдағы симптомдардың ең болмаса біреуін өзіңізден тапсаңыз – бүгін-ақ дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Болмаған жағдайда – ертең барыңыз. Жайбасарлыққа салынбаңыз, ол сіздің денсаулығыңызға әсер етеді.
Проктологиядағы мифтер
Бірінші миф. Геморрой түйіндері өздігінен таралып кетеді.
Өкінішке орай, геморрой өрімінің тамырларының кеңейгенін білдіретін түйін мен тарамдар өзінен-өзі ешқайда кетпейді. Ауыру сезімі басылуы мүмкін, бірақ ол геморрой өздігінен жазылып, жоғалып кетті дегенді білдірмейді.
Екінші миф. Анус маңайындағы ауыру мен жайсыздық – әрқашан геморрой белгісі.
Бұл кең тараған қателесудің бірі. Ауырудың себебі созылмалы кеселдер, анальді жарақат және тіпті қатерлі өскін болуы мүмкін. Обырды (рак) лажы барынша ертерек емдеп бастаған жөн екенін айтып өту артықтық етпес.
Үшінші миф. Проктологиялық ауруларды емдеу қатты ауыртады
Аса сезімтал адамдардың көз алдына геморройды, анальді жарақатты және сол тәрізді ауруларды емдеу- қалыпқа келуге ұзақ уақытты талап ететін операция столындағы кесу мен қанды елестетеді. Шындығына келгенде, ауыртпай диагноз қоятын және емдейтін замануи құрал-жабдықтар мен емдеу әдістері бар.
Төртінші миф. Геморррой тік ішек және тоқ ішек обырына айналып кетуі мүмкін.
Шындығында тік ішек обыры ешқашан геморрой түйінінен дамып кетпейді. Бірақ, бұл аурулардың белгілері бір-біріне өте ұқсас, дәрігердің көмегінсіз, өз бетімен диагноз қою мүмкін емес.
Бесінші миф. Дәрігер-проктологтар – сыпайылықты білмейтін дөрекі және қаһарлы.
Көптеген әзілдер мен анекдоттардың арқасында, артқы өтіс жолында мәселе бар науқастар дәрігердің дөрекі қарауы мен «ыңғайсыз» сұрақтар қоюынан қорқып колопроктологқа барудан қашады. Ал шындығында маман науқаспен байланысы сәтті, қарау кезі ауырсынусыз өтуі үшін қолынан келгенін жасайды.