Акушерия мен гинекологияда маңызды роль атқаратын жамбас қуысы болып табылады. Жамбас қуысы 2 бөлімнен тұрады: үлкен және кіші жамбас қуыстары. Жамбас қуысының бірнеше өлшемдері бар. Осы өлшемдерді анықтау жүкті әйелдің босану кезеңі сәтті өтуі үшін аса маңызды болып саналады. Жамбас қуысының өлшемдері: қылқанаралық, қыраралық, ұршықаралық қашықтықтар; жамбастың сыртқы, ішкі тік өлшемдері; диагоналді өлшемі; шығаберісінің өлшемдері; қиғаш өлшемдер; сегізкөз ромбасын есептеу; Соловьев индексін табу; шат бұрышын анықтау; кіші жамбас жазықтықтарын есептеу; параллельді жазықтықтарды табу.

Жамбас сүйегінің құрылысы:

Жамбас сүйегі (os coxae)

16-18 жасқа дейін жамбас ойығы аймағында шеміршекпен байланысқан 3 сүйектен тұрады:

  1. Мықын сүйегі (os ilium)
  2. Шонданай сүйегі (os ischii)
  3. Шат сүйегі (os pubis).

Жыныстық жетілу басталғаннан кейін сүйектер өзара сүйектік тіндер арқылы бірігіп, өз алдына жамбас сүйегін құрайды.

Мықын сүйегі (os ilium) жамбас сүйегінің жоғарғы жағындағы қалақ тәрізді үлкен бөлігі. Оның ұршық ойысын құрайтын қалың жерін денесі, corpus ilium , жоғары орналасып, кеңейіп келген жерін қанаты, ala ossis iliaca деп аталады. Қанатының жоғарғы жақ жиегін мықын қыры (crista iliaca) деп аталады. Мықын қыры алдыңғы жағынан алдыңғы-жоғарғы (spina iliaca anterior superior) және алдыңғы-төменгі (spina iliaca anterior inferior) сүйек өсінділерімен аяқталса, сыртқы жағынан артқы-жоғарғы (spina iliaca posterior superior), артқы-төменгі (spina iliaca posterior inferior) сүйек өсінділерімен аяқталып, үлкен шонданай ойындысына жалғасады. Мықын сүйегінің ішкі беті ойыс және тегіс, ал сырты бұдырлы келеді. Мықын сүйектері қалыңдау жерімен сегізкөз мүйісімен байланысып, екі жақта да құлақ қалқаны тәрізді буын құрайды.
Шонданай сүйегі (os ischii) жамбас сүйегі ойысының төменгі бөлігінде орналасқан. Топографиялық орналасуына қарай: денесінен және бұрыш құрап, орналасқан бұтақтарынан, ramus ossis ischii, тұрады. Денесі, corpus ischii, жамбастың ұршық ойындысының төменгі жағын жасауға қатысады. Жоғарғы бұтағы денеден төмен қарай түсіп, шонданай бұдырын (tuber ischiadicum) жасайды, төменгі бұтағының артқы бетінде орналасқан дөңес жағын шонданай қылқаны, spina ischiadicum, деп аталады. Төменгі бұтақ жоғары көтеріліп, шат сүйегінің төменгі бұтағымен қосылады. Сонымен бірге оның жоғарғы және төменгі бұтағы шат сүйегінің төменгі және жоғарғы бұтақтарымен қосылып, жамбас тесігін құрайды.

Шат сүйегі (os pubis) жамбас қуысының алдыңғы жағын құрайды. Екі қасаға өзара қосылып, шат симфизін (symphysis pubica) құрайды. Шат сүйегінің жоғарғы жағы қасағалық қыр жасап, алдыңғы бетінде қасағалық дөңеске (tuberculum pubicum) жалғасады. Бұл сүйектің төменгі бұталары қосыла отырып, шаттық бұрышты (angulus pubis) жасайды. Оның босану кезінде маңызы зор.
Сегізкөз сүйегі (os sacrum) өзара тұтасқан бес омыртқадан тұрады, омыртқалардың көлемі төменге қарай кішірейеді, осыған байланысты сегізкөз пішіні кесілген үшбұрышқа ұқсайды. Сегізкөздің бел омыртқамен жалғасқан жерін негізі деп атайды, осы сүйектің ортаңғы жерінде – сегізкөз мүйісі (promontorium) орналасқан.
Құйымшақ (os coccygeus) төрт-бес омыртқаның тұтасып, бірігуінен пайда болған, мұнда тек омыртқа денелері сақталған.

Босану жолдарының негізі – жамбас қуысы

Босану жолдарының негізін жамбас қуысы құрайды. Жамбас қуысы 2 бөлімнен тұрады: үлкен және кіші жамбас қуыстары. Үлкен және кіші жамбас шекарасы екі жағынан мықын сүйегі сызығымен, алдынан қасаға сүйегінің қырымен, артынан сегізкөздің негізімен өтеді. Екі жамбас аралығындағы ернеуді кіші жамбас кіреберісі дейді, оның босану кезінде маңызы зор. Үлкен жамбастың үсті мен алды ашық, жоғарғы жағы кең. Сондықтан босану жолында кіші жамбас қуысының маңызы зор. Себебі, нәресте осы жамбас қуысы арқылы өткенде көптеген кедергілерге ұшырайды.

Жамбас өлшеуіш туралы түсінік

  • жамбас қуысы өлшемдерін арнайы құралжамбас өлшеуіштің көмегімен анықталады;
  • – бұл құрал циркуль тәрізді, сантиметрлік және жарты сантиметрлік бөліктерге бөлінген;
  • – екі ұшы түйме тәрізді дөңгелек;
  • түйме тәрізді екі ұшын өлшеуге қажетті арақашықтықтарға қойып, өлшейді;
  • – жамбастан шығу көлденең өлшемін өлшеу үшін жамбас өлшеуіштің бұтақтарын айқастырады.

Жамбас қуысын өлшеу ережелері:

  • Жүкті әйел аяқтарын екі жаққа ашып, ішін ашып, арқасымен жатады;
  • Дәрігер жүкті әйелдің оң жағында алдыңғы жағында тұрады;
  • Жамбас өлшеуішті қолға былай алу керек: бас бармақ пен сұқ саусақпен түймелерді ұстау арқылы.
  • Бөліктерге бөлінген шкала жоғарыға қаратылған.
  • Алдымен сұқ саусақтармен өлшеу керек аймақтарды тауып, сосын өлшеуіштің бұтақтарын ашып түймелерін арақашықтыққа қойып, жамбас қуысының өлшемдерін табады.

Үлкен жамбас қуысының өлшемдерін өлшеу
(үш көлденең, бір тік өлшем)

  1. I.Distantia spinarum-қылқанаралық қашықтық– мықын сүйектерінің алдыңғы-жоғарғы қылқанының аралығы.

Өлшеу үшін жамбас өлшегішінің түймелерін осы өсінділердің сыртқы бетіне тірейді.

Қалыпты жағдайда бұл аралық 25-27 см.

II.Distantia cristarum –қыр аралық қашықтық –мықын сүйегі қырларының нүктелік аралығы.

Өлшегіштің түймелерін мықын сүйегі қырының сыртқы бетімен жылжытып, оның ең алшақ нүктелерінің арасын өлшейді.

Қалыпты жағдайда бұл аралық 28-29 см.

III. Distantia trochanterica-ұршық аралық қашықтықортан жіліктің жамбас ойысында орналасқан ұршықтарының арасы.

Өлшеу үшін ұршықтарының нүктелерін тауып, соған өлшегіштің түймелерін басады.

Қалыпты жағдайда бұл аралық 30-32 см.

IV.Conjugata externa – сыртқы коньюгата немесе жамбастың сыртқы тік өлшемі .

Бұл өлшемді анықтау үшін: әйел қырынан жатып, астыңғы аяғын бүгіп, үстіңгі аяғын созуы керек. Өлшегіштің бір түймесін шаттың жоғарғы қырының ортасына, екінші ұшын сегізкөзүсті ойығына орналастырады.

Қалыпты жағдайда бұл арақашықтық 20-21 см.

Ішкі тік өлшем – conjugata vera

Сыртқы коньюгатаның өлшемін білудің маңызы зор, өйткені бұл арқылы кіші жамбас қуысының кіреберісіндегі – ішкі тік өлшемді (conjugata vera) анықтауға болады.

Мысалы, сыртқы тік өлшем 20 см. болғанда, одан 9 см-ді алып тастаса, ішкі тік өлшем 11 см-ге тең болады.

Сыртқы және ішкі коньюгатаның арасындағы айырмашылық сегізкөздің, симфиздің және жұмсақ тіндердің қалыңдығына байланысты.

Әр әйелде сүйектер мен жұмсақ тіндердің қалыңдығы әр түрлі болғандықтан, сыртқы мен ішкі коньюгатаның арасындағы айырмашылық 9 см-ге тең болмауы да мүмкін.

Ішкі коньюгатаны диагональді коньюгата арқылы дәл өлшеуге болады.

Диагональді коньюгата – conjugata diagonalis

Диагональді коньюгата – шат сүйегінің төменгі қырынан сегізкөздің ең шығыңқысы мүйісіне дейінгі аралық.

Диагональді коньюгатаны өлшеу

Тура өлшемін білу үшін, әйел қынабын зерттеу керек, екінші және үшінші саусақтарды қынапқа енгізе отырып, IV-V саусақтарды бүгеді. І-үлкен саусақты шат сүйегінің үстіне орналастырады. Қынапқа енген саусақты мүйістің ұшына жеткізіп, ал алақанның үстіңгі қырын қасағаның төменгі қырына тірейді. Сосын қынаптағы ІІІ-саусақ аралығы мен алақанның шат сүйегіне түйіскен жерін жамбас өлшеуішімен өлшейді.

Бұл аралық 12,5-13 см. тең.

Кіші жамбас қуысының ішкі тік өлшемін анықтау үшін: диагональді коньюгатадан 1,5-2 см. алып тастайды.

Жамбас қуысының шығаберістерін өлшеу

І. Жамбас қуысының шығаберісінің тік өлшемін өлшеу үшін өлшегіштің бір түймесін қасағаның төменгі қырының ортасына қойып, екінші ұшын құйымшақтың ұшына тірейді. Алынған мөлшер 11 см. Болады. Осы алынған мөлшерден 1,5 см. алып тастаса (тіндердің қалыңдығына қарай), жамбас қуысының шығаберісінің тік өлшемі шығады.

Қалыпты жағдайда тік өлшем 9,5 см.-ге тең.

ІІ. Жамбас қуысының шығаберісінің көлденең өлшемін өлшегіштің айқас бұтақшасымен анықтайды, шонданай төмпешіктерінің аралығынан алынған мөлшерге 1-1,5 см. қосады.

Қалыпты жағдайда көлденең өлшем 11 см-ге тең.

Сонымен қатар, қасаға бұрышының (лобный угол) алшақтығын анықтаудың маңызы зор, қалыпты жағдайда ол 90-1000 .

Шат бұрышы

Шат бұрышын өлшеу үшін әйел аяғын бүгіп, ішіне қарай жиырып, шалқасынан жатады. Екі басбармақ шат және шонданай сүйектерінің төменгі бұтақтарына қатты тіреледі, екі үлкен саусақтың түйіскен ұшын қасаға сүйегінің төменгі қырына тірейді, саусақтардың көрінісі арқылы шат бұрышының көлемін шамалауға болады.

Жамбас қуысының қиғаш өлшемдері

  1. Бір жақ мықын сүйегінің алдыңғы-жоғарғы өсінділерінен, екінші жақ мықын сүйегінің артқы-жоғарғы өсінділеріне дейін және керісінше өлшейді.
  2. Симфиздің жоғарғы қырынан, оң және сол жақ артқы-жоғарғы өсінділеріне дейінгі арақашықтықты өлшейді.
  3. Сегізкөз ойығынан мықын сүйегінің оң және сол жақ алдыңғы-жоғарғы сүйек өсінділеріне дейінгі аралық.

Бір жамбастың қиғаш өлшемдерін екінші жамбастың өлшемдерімен салыстырады, егер айырмашылығы 1 см-ден асса, ол жамбас ассиметриясын көрсетеді.

Сегізкөз (Михаэлис) ромбасы

Жамбас қуысы өлшемдерін анықтаған кезде, ерекше көңіл бөлетін жер – Михаэлис (сегізкөз) ромбасы. Сегізкөз сүйегінің артқы бетінің жоғарғы бұрышы V бел омыртқа мен сегізкөздің орталық қыры арқылы құралған.

Бүйір бұрыштары мықын сүйегінің артқы-жоғарғы өсінділеріне сай келеді. Төменгі бұрышы құйымшақтың ұшына жетеді.

Ал жоғарғы және сыртқы жағынан ромба арқаның үлкен бұлшықеттерімен, төменгі және сыртқы жағынан құйрық бұлшықеттерінің қырымен шектелген.

Соловьев индексі

Жамбас сүйектерінің қалың-жұқалығын анықтау үшін жүкті әйелдің білезігін өлшейді, орта шамамен ол 14 см. тең, бұл – Соловьев индексі.

– Егер Соловьев индексі 14 см-ден артық болса, онда жамбас сүйегінің қалыңдығынан оның қуысы тарылады;

– егер 14 см-ден кем болса, жұқалығына байланысты оның қуысы кеңиді.

Кіші жамбас қуысының жазықтықтары

І Жамбасқа кіреберіс жазықтық

ІІ Жамбас қуысының кең бөлігінің жазықтығы

ІІІ Жамбас қуысының тар бөлігінің жазықтығы

IV Жамбас қуысының шығаберіс жазықтығы

І. Жамбас қуысына кіреберіс жазықтық

– Алдынан – симфиздің жоғарғы және

шат сүйегінің жоғарғы ішкі жиектерімен;

– бүйірінен мықын сүйегінің доғар сызығымен;

– артынан – сегізкөз мүйісімен шектеледі.

Бұл жазықтықтың 3 өлшемі бар:

  1. Тік өлшемі– сегізкөз мүйісінен симфиздің ішкі бетінің ең шығыңқы жеріне дейінгі аралық. Бұл нағыз немесе акушерлік коньюгата, 11 см-ге тең (conjugata vera), тағы анатомиялық коньюгата бар, ол акушерлік коньюгатадан 0,3-0,5 см. артық.
  2. Көлденең өлшемі– мықын сүйектерінің доғал сызықтарының ең алшақ жатқан нүктелерінің аралығы, шамамен 13-13,5 см.
  3. Оң қиғаш өлшем– оң жақ сегізкөз мықын тігісінен сол жақ мықын-шат төмпешігіне дейінгі аралық.
  4. Сол қиғаш өлшем– сол жақ сегізкөз-мықын тесігінен оң жақ мықын-шат төмпешігіне дейінгі аралық. Оң және сол қиғаш өлшемдері 12-12,5 см.

ІІ. Жамбас қуысының кең бөлігінің жазықтығы

  • Алдынан– симфиздің ішкі бетінің ортасымен;
  • бүйірінен– ұршық ойығының ортасымен;
  • артынан– ІІ-ІІІ сегізкөз омыртқаларының жалғасқан жері.

Жамбастың бұл бөлігінің тік және көлденең өлшемдері бар:

  1. Тік өлшемі– сегізкөздің ІІ, ІІІ омыртқаларының қосылған жерінен симфиздің ішкі бетінің ортасына дейін, ол 12,5 см.
  2. Көлденең өлшемі– ұршық ойыстарының арасы, 12,5 см-ге тең.

ІІІ Жамбас қуысының тар бөлігінің жазықтығы

  • Алдынан– симфиздің төменгі жиегінен;
  • бүйірінен– шонданай сүйектерінің қырларымен;
  • артынан– сегізкөз-құйымшақ тігісімен шектелген.

Өлшемдері:

  1. Тік өлшемі– сегізкөз-құйымшақ тігісінен симфиздің төменгі жиегіне дейінгі аралықта орналасқан, 11-11,5 см. тең.
  2. Көлденең өлшемі– шонданай сүйектері қырының арақашықтығымен өлшенеді, ол – 10,5 см.

IV Жамбастың шығаберіс жазықтығы

  • Алдынан– симфиздің төменгі жиегі;
  • бүйірінен– шонданай төмпешіктері;
  • артынан– құйымшақ ұшымен шектелген.

Өлшемдері:

  1. Тік өлшемі– құйымшақ ұшынан, симфиздің төменгі жиегіне дейін. Ол 9,5 см-ге тең. Нәресте кіші жамбас арқылы шыққан кезде құйымшақ артқа қарай 1,5-2 см-ге жылжиды, осының нәтижесінде тік өлшем 11,5 см-ге ұлғаяды.
  2. Көлденең өлшемін– шонданай төмпешіктерінің ішкі бетінің аралықтарымен өлшейді, 11 см.

Параллельді жазықтықтар:

  • Үстіңгі жазықтық– шекаралық сызықтың үстімен өтеді. Сол себепті оны шекаралық жазықтық деп атайды.
  • Негізгі (басты) жазықтық– симфиздің төменгі жиегінің деңгейінде бірінші жазықтыққа параллель жатады. Бұның негізгі деп атайтын себебі, нәресте басы осы жерден өткеннен кейін айтарлықтай кедергілерге ұшырамайды.
  • Спинальды жазықтық– бірінші және екінші жазықтыққа параллель, шонданай сүйектерінің өсінділерінің аралығында жатады.
  • Шығаберіс жазықтығы– құйымшақтың орналасу бағытына сәйкес келеді.

 

Қорытынды

Қорыта келе, жамбас қуысын өлшеу акушерия мен гинекологияда маңызы зор, өйткені жамбастың құрылысы мен өлшемдері босану ағымы мен нәтижесіне әсер етеді. Дәрігерлер кіші жамбас қуысын ерекше зерттейді, себебі осы қуыста жатыр орналасқан, сонымен қоса оның сүйектері босану кезіндегі нәрестенің өтуіне канал түзеді. Бірақ та кіші жамбас қуысының құрылысы мен өлшемін бағалау оңай емес, ал үлкен жамбас қуысын өлшеу оңайға түседі. Сол себепті акушерлік зерттеу кезінде оны өлшеп, үлкен жамбас қуысының өлшемдеріне қарап, кіші жамбас қуысының өлшемдерін есептейді.

Share This Class:

Яндекс.Метрика