Жүктілік уақытында кез келген әйел адамда мәселелердің туындауы заңдылық. Бойға бала біткеннен бастап токсикоз, жеріктік, т.б жайсыздықтар орын алады. Ол аз болса әйелдің бойындағы созылмалы аурулары да осы кезеңде мазалауы мүмкін. Сондықтан, жүктілік кезінде созылмалы ауруларға аса мән беріп, туындауы мүмкін мәселелердің алдын алу керек.

Бойға бала біткеннен бастап әйелдің ағзасында физиологиялық өзгерістер орын алады. Ол шарананың дұрыс дамуын, ағзаның баланы туу мен емізу барысын қамтамасыз етеді. Мұндай кезеңде болашақ ананың ағзаларына түсетін салмақ көбейіп, созылмалы аурулардың қозуын тудыруы мүмкін.

Сондықтан да жүрек, бүйрек, бауыр және басқа да ішкі ағзалардың ауруымен ауыратын әйелдер жүктілікті жоспарлап жүрген кезде-ақ тиісті маманғабарып, тексеруден өтіп, ақыл-кеңесін алғаны жөн. Дәрігер тиісті шараларын жүргізіп, ем қабылданғаннан кейін, жүктілікке рұқсат беру немесе бермеу мәселесін шешеді. Кім де болса ертерек құрсақ көтеріп, бала сүйгісі келеді. Бірақ әр әйел алдымен өз денсаулығына қамқорлықпен қарағаны жөн. Егер, жүктілік орын алып, бірақ ананың өміріне қауіп төндіретіндей болса, басқа емдейтін жолы болмағанда  ол жүктілікті тоқтатуға тура келуі мүмкін.

Егер бала бойға бітіп қойған болса, төмендегі кеңестерді орындағаныңыз абзал:

  • Мүмкіндігінше ертерек тіркеуге тұрып, қажетті барлық анализдерді тапсырып, мамандардың тексеруінен өтіңіз. Бұл шара қажетті профилактикалық емдерді анықтап, тууды жеңілдетуге көмектеседі.
  • Өзіңізді және болашақ балаңызды қатерге тікпес үшін қандай өмір салтын ұстанатыныңызды анықтап алыңыз.Қалай тамақтануды және қандай дене жаттығуларын жасау керектігін мамандармен ақылдасыңыз.
  • Әйелдер дәрігері және басқа да дәрігер мамандардың (кардиолог, нефролог, т.б) қабылдауына уақытылы барып тұрыңыз. Тиісті тексерулерден қалмаңыз.
  • Егер дәрігер ауруханаға жату керек десе бас тартпаңыз. Сонымен бірге, дәрі қабылдаудан да қорықпаңыз. Өзіңізді қалай сезінуіңіз бен денсаулығыңыз, болашақ баланың денсаулығы тікелей осыларға байланысты.

Көптеген үлкен қалаларда әйелдердегі түрлі ауруларға мамандандырылған перзентханалар бар. Ол жерде жүрек ауруларымен, бүйрек ауруларымен, инфкекциялық аурулармен ауыратын әйелдер босанады. Акушер-гинекологтармен қатар, кардиолог, хирург, нефрорлог және т.б. дәргерлер әйелдердің аман-сау босанып, нәрестелердің дені сау туылуын қамтамасыз етеді.

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика