Аллергия жиі мазалайтын көптеген әйелдер, бала көтеруге қорқатыны рас. Себебі оларға үнемі аллергияға қарсы дәрілер қабылдауға тура келеді. Ал жүктілік кезеңінде ондай дәрілерді тұтынуға болмайды. Ол іштегі балаға қауіп төндіруі мүмкін!
Жүктілік пен аллергияны бір уақытта көтеріп жүруді елестету қорқынышты. Бірақ жақсы жаңалық бар! Ғалымдардың зерттеуінше, жүктілік уақытында әйелдің бойындағы аллергияға қарсы тұратын күшке ие кортизол гормоны әдеттегіден артық бөлінеді. Демек, екіқабат әйелдер аллергияға сирек ұшырайды, ұшыраған күннің өзінде де жеңіл түрде өтеді. Тіпті бронхылық астма секілді қиын аурулар да жүктілік кезінде аса қатты әсер ете қоймайды. Әйел босанып болғаннан кейін қанның құрамындағы кортизол мөлшері ақырындап өз қалпына түсіп, аллергя пайда болуы мүмкін. Егер бірінші жүктілікте аллергия түбегейлі жоғалып кетсе, келесі балада да солай болуы мүмкін.