Глоссарий

Тақырыбы: «Міндетті әлеуметтік сақтандырудың құқықтық негізі».

 

1) Асыраушы – өзiнiң асырауындағы отбасының еңбек етуге қабiлетсiз мүшелерiн өз табысы есебiнен асыраушы адам;

2) Асырауындағылар санының коэффициентi – қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жарияланған) асыраушының асырауында болған оның отбасы мүшелерiнiң санын ескеретiн коэффициент;

3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсету, «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру үшін, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға.

4) Әлеуметтiк аударымдар – өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушыға, ал асыраушысынан айрылған жағдайда оның асырауында болған отбасы мүшелерiне осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдер алу құқығын беретiн, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн осы Заңда белгiленген мiндеттi төлемдер;

5) Әлеуметтік аударымдар бойынша берешек – есептелген және мерзімінде аударылмаған әлеуметтік аударымдар сомасы;

6) Әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсi – жұмыс берушiнiң қызметкерге орындалған жұмыстар, көрсетiлген қызметтер үшiн табыс түрiнде төлейтiн шығыстары. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамның әлеуметтiк аударымдарын есептеуге арналған объект оның алатын табыстары болып табылады;

7) Әлеуметтiк аударымдарды төлеушi (бұдан әрi – төлеушi) – осы Заңда белгiленген тәртiппен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдарды есептеудi және төлеудi жүзеге асыратын жұмыс берушi немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам;

8) Әлеуметтiк аударымдар мөлшерлемесі – әлеуметтiк аударымдарды есептеу объектiсiнiң шамасына пайыздық қатынаспен көрсетiлген, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына төленетiн мiндеттi төлемдердiң тiркелген мөлшерi;

9) Әлеуметтiк қатер – еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, асыраушысынан айрылуына, сондай-ақ жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айрылуына әкеп соқтырған оқиғаның басталуы, соның нәтижесінде өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы не ол қайтыс болған жағдайда оның асырауында болған отбасының мүшелерi осы Заңға сәйкес әлеуметтiк төлемдердi алу құқығына ие болады;

10) Әлеуметтiк төлемдер – әлеуметтік төлемдерді алушының пайдасына Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыратын төлемдер;

11) Әлеуметтiк төлемдi алушы (бұдан әрi – алушы) – әлеуметтік қатер төнгенге дейін Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына ол үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген не өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде оларды өзi төлеген және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры оған қатысты әлеуметтiк төлемдер тағайындау туралы шешiм шығарған жеке тұлға, ал мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы болып табылатын адам қайтыс болған жағдайда – қайтыс болған (coт хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының асырауында болған отбасы мүшелерi;

12) Еңбек ету қабiлетiнен айрылу – қызметкердiң жұмыс орындау, қызмет көрсету қабiлетiнен айрылуы, оның дәрежесi айрылған еңбек ету қабiлетiне пайыздық қатынастан көрінеді;

13) Еңбек ету қабiлетiнен айрылу коэффициентi – өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының жалпы еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне қарай айқындалатын коэффициент;

13) Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті – еңбекке уақытша жарамсыздық парағында көрсетілген күндер санына қарай айқындалатын коэффициент;

14) Жұмысшының міндетті әлеуметтік сақтандырылу барысындағы құқықтары

  1. Өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушының және алушының:

1) Мемлекеттік корпорацияға еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда (егер өтініш берген кезде адамның жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі белгіленсе), асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда (егер адам жұмыссыз ретінде тіркелсе), жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты, бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайларда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

1-1) алып тасталды – ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі);

1-2) жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі алғаш рет белгіленген кезде МӘС бөлімшесіне еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

1-3) жұмыссыз адам ретінде тіркелген кезде халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

1-4) жұмысынан айырылған жағдайда, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы әлеуметтік төлем тағайындау туралы өтініш беруге;

2) мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар алуына қарамастан, осы Заңда көзделген тәртiппен Қордан әлеуметтiк төлемдердi алуға;

3) төлеушiден, Мемлекеттік корпорациядан және Қордан әлеуметтiк аударымдар мен әлеуметтiк төлемдердi аудару мен есепке жатқызудың толықтығы және уақтылығы туралы, сондай-ақ әлеуметтiк төлемдердi тағайындау және оны алу тәртiбi туралы ақпаратты сұратуға және тегiн алуға;

4) Қордың және осы тармақта көрсетілген өзге де мемлекеттік органдардың немесе ұйымдардың осы Заңда белгіленген әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша нысандарын алуға құқықтарын шектеуге байланысты әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар.

(Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заң 1 тарау , 12 бап)

15) Қатысу өтілінің коэффициентi – мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтіліне қарай айқындалатын коэффициент;

16) Медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі (МӘС бөлімшесі) – міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті органның медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізетін құрылымдық бөлімшесі;

17) Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры (Қор) – міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысы – асыраушысынан айырылған жағдайда, асырауындағы отбасы мүшелерін қоса алғанда, өздеріне қатысты әлеуметтік тәуекел жағдайы төнген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушыларына әлеуметтік аударымдарды шоғырландыруды, әлеуметтік төлемдерді тағайындауды және жүзеге асыруды жүргізетін заңды тұлға;

18) Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының активтерi – әлеуметтiк аударымдар, әлеуметтiк аударымдарды төлеу мерзiмi өтiп кеткендiгi үшiн алынған өсiмпұл, инвестициялық табыс және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметiн қамтамасыз етуге арналған комиссиялық сыйақыны, әлеуметтiк төлемдерге бағытталған қаражатты және қате есептелген немесе артық төленген қаражатты қайтаруды шегерiп тастағанда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына түсетiн Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де түсiмдер;

19) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру – еңбек ету қабiлетiнен айрылуына және (немесе) жұмысынан айрылуына, сондай-ақ асыраушысынан айрылуына байланысты, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына және бір жасқа толғанға дейінгі бала күтіміне орай табысынан айрылуына байланысты табыстың бiр бөлiгiн өтеу үшiн мемлекет ұйымдастыратын, бақылайтын және кепiлдiк беретiн шаралар жиынтығы; Әлеуметтік сақтандыру –

  • әлеуметтік қамсыздандырудыңнегізгі нысандарының бірі;
  • экономикалық тұрғыдан белсенді халықты жұмыстан, еңбек ету қабілетінен және табыстан айырылуға байланысты түрлі тәуекелден зиянды өтеудің ұжымдық ынтымақтастығы негізінде әлеуметтік қорғау нысаны;
  • азаматтарды қартайғанда, сырқат, жазатайым оқиға салдарынан, бала туу себепті, т.б. мән-жайларға байланысты еңбекке уақытша немесе тұрақты жарамсыз болған жағдайда, сондай-ақ олардың денсаулығын сақтау, қорғау мақсатымен материалдық жағынан қамсыздандыру жүйесі.

20) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесi – мемлекет белгiлейтiн және кепiлдiк беретiн, мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылардың арасындағы қатынастарды реттейтiн нормалар мен қағидалардың жиынтығы;

21) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысудың жалпы өтілі – әлеуметтiк аударымдар түскен айлардың жалпы саны;

22) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушылар – төлеушi; өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiне қатысушы; алушы; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы; Қор; Қазақстан Республикасының Үкiмeтi; Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi; өзге де уәкiлеттi органдар;

23) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген қатысушысы – өзi үшiн әлеуметтiк аударымдар төленетiн және осы Заңда көзделген әлеуметтiк қатер жағдайлары басталған кезде әлеуметтiк төлемдер алуға құқығы бар жеке тұлға;

24) Міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы бақылау жөніндегі уәкілетті орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыратын мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесі;

25) Міндетті әлеуметтік сақтандырудың субъектілері – өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғалар , асыраушы , әлеуметтік төлемді алушылар , азаматтар, сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдары ,  сақтанушы, сақтандырушы, пайда алушы және т.б.

26) Міндетті әлеуметтік сақтандырудың объектілері – сақтанушының мүліктік мүдделері, яғни құрылыс, үй мүліктері, малдар, көлік кұралдары.

          27) Мiндеттi әлеуметтiк сақтандырудың түрлерi:

1) еңбек ету қабiлетiнен айрылған жағдай;

2) асыраушысынан айрылған жағдай;

3) жұмысынан айрылған жағдай;

4) жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айрылған жағдай;

5) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айрылған жағдай;

6) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айрылған жағдай.

28) Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адам– өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн дара кәсiпкер, жекеше нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор;Арнаулы салық режимiн қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтарына қатысты өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар деп дара кәсiпкерлер – қожалық басшысы, сондай-ақ кәмелетке толған жылдан кейiнгi күнтiзбелiк жылдан бастап шаруа немесе фермер қожалығыныңкәмелетке толған мүшелерi танылады;

29) Сақтандырушы – сақтандыру қызметін жүзеге асыру үшін құрылған және заңда белгіленген тәртіп – яғни сақтандыру қызметке лицензия алған сақтандыру ұйымы, заңи тұлға, яғни сақтандыруды жүзеге асыратын, сақтанушыға шартта уағдаласатын сақтандыру уақиғасы басталғанда келтірілген зиянды өтеуге немесе сақтандыру сомасын төлеуге міндеттенген мамадарылған ұйым (мемлекеттік, акционерлік, кооперативтік аралас ұйым). Коммерциялық негізде әрекет ететін, сақтандыру ұйымдары (сақтандыру компаниялары, сақтандыру қоғамдары, т.б. және бейкоммерциялық ұйымдар (өзара сақтандыру қоғамдап сақтандырушы болып табылады. Сақтандыру шартын жасасу кезінде және осы шарттың қолданылуы кезеңінде сақтандырушы өз есебінен сақтандыру объек тісінің сақтандырылуын бағалауға: мүлікті тексермелеп қарауға оның шын құнын сараптауға, сақтанатын тұлғаның денсаулығын анықтау үшін оған медициналық зертгеу жүргізуге құқылы. Сақтандырушы сақтандыру жарнасының мөлшерін айқындау кезінде сақтандыру объектісін және сақтандыру тәуекелін ескере отырып, өзі әзірлеген сақтандыру тарифтерін қолдануға құқылы.

30) Сақтанушы – сақтандырушымен ерікті негізде немесе заңға сәйкес сақтандыру шартын жасаған заңды немесе жеке тұлға. Сақтанушы сақтандыру жарналарын төлейді және сақтандырушымен (сақтандыру компаниясымен) нақты қатынастарға түседі. Ол үшінші тараптың мүдделері үшін немесе соның атынан сақтандыру шартын жасауға құқылы. Халықаралық сақтандыру тәжірибесінде оны полис ұстаушы деп атайды. Міндетті сақтандырудың жекелеген түрлері бойынша оларда көрсетілген тұлғалар заңға сәйкес, яғни шарт жасаспай-ақ Сақтанушы болып табылады. Мүлікті сақтандыруда мүлікті меншіктенуші, оралымды немесе сенімгерлікпен басқару құқықтары негізінде тиесілі тұлға, мүлікті жалға, лизингіге, тасымалдауға, кепілзатқа, ипотекаға, сақтауға, комиссияға, сатуға, т.б. мақсаттар үшін қабылдаған тұлға Сақтанушы бола алады.Сақтанушы қайтыс болған жағдайда оның құқықтары мен міндеттері осы мүлікті мұралану тәртібімен қабылдаған тұлғаға көшеді. Басқа жағдайларда Сақтанушының міндеттері мен құқықтары сақтандыру ұйымының келісімімен жаңа меншіктенушіге ауысады. Жеке басты сақтандыруда өзін, басқа тұлғаларды (мысалы, балаларды) сақтандырған әрекет етуге қабілетті азаматтар, сондай-ақ өз қызметкерлерін сақтандырған ұйымдар Сақтанушы болып табылады. Жауапкершілікті сақтандыруда Сақтанушының іс-әрекеті, мүлікті иеленуі салдарынан үшінші тұлғаға келтірілген зиянды өтеу жөніндегі міндеттемелерін сақтандырушыға заң немесе шарт негізінде табыстайтын жеке немесе заңды тұлға Сақтанушы болып табылады. Сақтанушы заңды тұлға қайта құрылған кезде сақтандырудың кез келген түрі бойынша оның құқықтары мен міндеттері сақтандырушының келісімімен мирасқорға көшеді. Әлеуметтік сақтандыруда Сақтанушы – әлеуметтік сақтандыру қорына заңда белгіленген аударымды аударушы ұйым. Міндетті медицина сақтандыруда жұмыс істеуші халық үшін – меншік нысандарына және қызметінің ұйымдық-құқықтық нысандарына қарамастан ұйымдар, мекемелер, өзге де шаруашылық жүргізуші субъектілер; жұмыс істемейтін халық үшін мемл. басқару органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары Сақтанушы болып табылады. Ерікті медициналық сақтандыруда Сақтанушы – азаматтар және кез келген ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлғалар. Сақтанушы сақтандыру шартын жасау кезінде сақтандыру тәуекелін бағалау және тиісті сақтандыру тарифін белгілеу үшін елеулі мәні бар барлық мән-жайды сақтандыру ұйымына хабарлауға, сақтандыру жарналарын уақтылы және толық төлеуге міндетті. Сақтанушының сақтандыру уақиғасы болғанда сақтандыру төлемақысын алуға немесе сақтандырылушының немесе пайдасына сақтандыру шарты жасалған басқа тұлғаның алуын қамтамасыз етуге құқылы. Бұл үшін Сақтанушы болған оқиға туралы белгілі бір мерзімде хабарлауға тиіс.

31) Сақтандыру жағдайы – сақтандыру шарттың талаптарына сәйкес тәртіпте сақтандыру төлемі жасалатын жағдайдағы сақтандыру шартпен көзделген оқиға. Сақтандыру — сақтандыру ұйымдары (сақтандырушылар) мен жеке заңды тұлғалар арасындағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарының өздерінің арасындағы жеке және заңды тұлғалардың мүліктік мүдделерін қорғау жөніндегі құқықтық қатынастар. Сақтандыру ерікті және міндетті нысандарда жүзеге асырылады. Ерікті сақтандыру сақтанушы мен сақтандырушы арасындағы шартқа негізделеді. Ерікті сақтандырудың ортақ шарттарын және оның жүргізілу тәртібін айқындайтын ережелерін сақтандырушы дербес айқындайды. Міндетті сақтандыру заңға сәйкес жүзеге асырылады.

32) Табысты ауыстыру коэффициентi – әлеуметтiк төлемнiң әлеуметтiк аударымдарды есептеу кезiнде негiзге алынған табыс мөлшерiне қатынасын айқындайтын коэффициент;

33) Уәкiлеттi орган – Қор қызметiне реттеу, бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

34) Халықты жұмыспен қамту орталығы – ауданның, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын іске асыру, жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғауды және «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңға сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің өзге де шараларын ұйымдастыру мақсатында құратын мемлекеттік мекеме;

Share This Class:

Яндекс.Метрика