Жаз мезгілі жаттығу үшін аса қолайлы емес. Ауа температурасының жоғарылауы, күннің аптап ыстық болуы адамды жылдам шөлдеуге және шаршауға алып келуі мүмкін. Осындай ауа райында қалай шыныққан дұрыс? Жазғы жаттығу барысында төмендегі қағидаларды есте сақтаңыз. Жаттығу уақытын дұрыс таңдай біліңіз Жаз айының басқа мезгілдерден ерекшелігі жаттығу жұмыстарын тек спортзалда ғана емес, табиғат аясында да жүргізуге болады. Ол үшін ағзаны шынықтыруға ыңғайлы уақыт аралығын таңдап алу керек. Себебі, жаз айларында түскі ыстық адам төзгісіз болады. Ал ағза шынығу үшін жанға жайлы ауа райы қажет. Сондықтан, ерінбей ерте тұрып жаттығу жұмыстарын жасасаңыз пайдалы болмақ. Жазғы уақытта таңғы және кешкі серуеннің маңызы зор. Бұл мезгілде жүгіру, жай жүру, серуендеумен қатар, жағажайда түрлі спорттық ойындар ойнап, құмға, күнге қыздырынуға болады. Демалыс пен жаттығуды үйлестіре білген адамның шымыр болары сөзсіз. Жаттығуға ыңғайлы киім таңдаңыз Кез келген спорт түрімен айналыспас бұрын, соған ыңғайлы спорттық киім таңдап алған абзал. Әсіресе, жаз айында кез келген киіммен жаттығу ыңғайсыздық тудырады. Кең тұратын ашық түсті киімдер – нағыз жаз айына арналған таңдау болмақ. Ашық түсті немесе ақ түсті киімдер күн сәулесін шағылыстыратын қасиетке ие. Ал қара түсті киімдер үнемі сәнде болғанымен, жазда мұндай түстерден аулақ болған дұрыс. Жаттығу барысында барынша терлетпейтін киім түрлерін таңдауға мән беріңіз. Жеңіл, алайда жабық аяқ киім таңдаңыз. Адамдардың көпшілігі жаз айларында жан-жағы ашық аяқ киімдер кигенді дұрыс санайды. Алайда, ауа кіретін, “тыныс алатын”, алайда жабық аяқ киім еңбек өнімділігін арттырады. Суды көп ішіңіз Қалыпты жағдайда адам күн сайын 2 литр су ішуі керек. Ал аптап ыстықта сұйықтықтың көлемін көбейткен дүрыс. Себебі, жаттығу барысында адам терлейді. Соның әсерінен ағзадан артық су бөлінеді. Ыстықты жеңудің, жақсы жаттығудың бірден бір жолы – жеткілікті мөлшерде су ішу. Күн сәулесінен қорғаныңыз Жаз айында жақсы формада болу үшін тек қана жаттығу жеткіліксіз. Күн сәулесінен қорғану үшін күннен қорғайтын кремдерді қолданып, теріңізге күтім көрсету қажет. Күннің ультракүлгін сәулелерінен қорғану – жаз айында аса маңызды. Ол тек косметикалық кемшілік қана емес, жалпы организмге де зиянын тигізуі мүмкін.

More To Explore

Share This Class:

Яндекс.Метрика