Гепатиттің түрлері
Вирусты гепатиттер
Гепатитті тудырушы ең жиі факторлар, олар гепатит вирустары. Қоздырушы вирустар A, B, C, E, D, F және G топтарға бөлінеді. Вирустың бұл түрлері құрылымы жағынан бір-бірінен өзгеше және жұғу жолы да әркелкі.
А гепатиті
А гепатиті немесе Боткин ауруы деп те атайды. Гепатиттің бұл түрі тағам инфекцияларының ағзаға түсуінен болады. Лас суды пайдаланудан, тамақ пен тұрмыстық бұйымдардан (сүлгі, ыдыс-аяқ) жұғады. Бұл ауру жедел өршиді, шағымдары мен клиникалық симптомдары анық және созылмалы түрге айналмайды. Әдетте адамдар бұл гепатитпен тек бір рет қана ауырады, және көп жағдайда бала кезінде ауырады. Өйткені бір рет ауырған соң, адам ағзасында қоздырушы вирусқа қарсы тұратын иммунитет пайда болады.
Е гепатиті
Е гепатиті Боткин ауруына ұқсас келеді. Бұл түрі де тағам және су арқылы жұғады. Е гепатиті қан арқылы жұғуы мүмкін, яғни парентералды (ас-қорыту жолынан бөлек) жолмен беріледі.Е гепатиті жүкті әйелдер үшін өте қауіпті. Бауырды толықтай бұзып, мерзімнен бұрын туу мен іштегі ұрықтың зақымдалуына әкеп соғады.
В, С және Д (дельта) гепатиттері
Бұл вирустар парентералды жолмен (қан арқылы) жұғатын вирустар тобы. Дельта вирусы адам ағзасында өздігінен пайда болмайды, оның пайда болуына В вирусы әсер етеді. Бұл вирустардың зақымдау жолдары, клиникалық түрі мен асқынуы ұқсас келеді.
F және G гепатиттері
Ғалымдар бұл вирустарды зерттеу үстінде.
Алкогольді гепатит
Алкоголь бауыр жасушаларын қайта қалпына келместей зақымдайды. Қабынған тін біртіндеп бұзылып, орнына май және дәнекер тіндері қаптайды. Салдарынан бауыр стеатозы мен алкогольды цирроз пайда болады. Соңғысы бауырдың жұмысын тоқтатып, ауыр бауыр жетіспеушілігі мен өлімге әкеліп соғады.
Уланудан болған гепатит (Уытты гепатит)
Ағзаның әртүрлі химиялық заттардың улануынан болатын гепатиттің түрі. Бұған алкоголь және күшан, фосфор, ацетальгид, инсектицид және т.б. ауыр химиялық металлдардан улану жатады.
Уытты гепатиттке сонымен қатар, дәрі-дәрмектен улану да жатады. Кейбір дәрі-дәрмектерді көп дозада ішу, химиялық құрамы жағынан үйлеспейтін дәрілер ішу ағзаға қауіп төндіреді.
Маңызды! Дәрі-дәрмектерді балаларға қолжетімсіз жерге қою керек! Дәрі-дәрмектерді міндетті түрде тек дәрігер көрсеткен дозада ішу керек!
Аутоиммунды гепатит
Бұл гепатиттің сирек кездесетін түрі. Басқа аутоиммунды аурулармен қатар пайда болады.
Басқа вирустарлан пайда болған вирусты гепатиттер
Бұған эпидпаротит, ұшық , мононуклеоз, ЖИТС, сары безгек және т.б. вирусты аурулардан болатын бауырдың вирустық ауруы.
Бактериялық гепатиттер
Вирустар тәрізді бактериялар да бауыр жасушаларын бұзады. Гепатиттің бұл түрі лептоспироз, мерез, листериоз, пневмококкты пневмония, стафилококкты және стрептококкты гепатиттерге тән.
Клиникалық симптомдары мен тудырушы факторлардың ұқсастығы себепті, бұл ауруды тек қана дәрігер маманы қарап, емдеу керек.
Гепатитті гепатолог, гастроэнтеролог және инфекциолог дәрігерлер емдейді.