Әлемде жұқпалы ауруға шалдыққандардың саны көп. Ресми санақ мәліметтері бойынша олардың көбі – балалар. Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, Алматы қалалық балалар клиникалық емханасының кеңесшісі, жиырма бес жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибелі дәрігер Әділ Қатарбаевтан балалар жиі шалдығатын жұқпалы аурулар жөнінде сұрадық.

  • Жұқпалы аурулардың ішіндегі ең жиі кездесетіндері қандай?
  • Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі мынадай: балалар арасында жиі тараған инфекциялар, жұқпалы респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және жұқпалы ішек аурулары. Біздің елімізде де осы инфекциялар жиі кездеседі. Сонымен қатар соңғы жылдары балалар денсаулығына қауіп төндіретін, әртүрлі деңгейде сал ауруына әкеліп соғатын сырқаттар жиі тіркеледі. Туа пайда болған цитомегаловирус, герпес инфекциялар да кездеседі. Адамнан адамға, жануарлар мен құстардан адамға жұғатын немесе кене, маса сияқты жәндіктердің шағуынан пайда болатын аурулар да бар. Жұқпалы дерттің жұғу жолдары әртүрлі. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тағамдарды жегенде, жеке бастың тазалығын сақтамаған жағдайда, салауатты өмір салтын ұстанбағанда дертке шалдығу мүмкіндігі жоғарылайды. Құрсақішілік инфекция да жұқпалы аурудың түріне жатады. Ана құрсағындағы нәрестеге жұғады. Бұл кезде шарананың дамуы бәсеңдейді, ақылы кем болады. Алты айға дейінгі балаларда жиі кездеседі.  Жұқпалы аурулар жыл мезгілдеріне де байланысты. Қыс мезгілінде жұқпалы респираторлы вирустық инфекциялар қозады. Жаз айларында жұқпалы ішек инфекциялары жиі кездеседі. Жұқтырғандардың 80 пайызы балалар. Жиі тіркелетін инфекциялардың бірі – энтеровирусты инфекция. Энтеровирус қоздырғышы табиғатта кең тараған, оның жүзге жуық серовары бар. Әр сероварға қарсы арнайы иммунитет түзіледі, сондықтан бір бала энтеровируспен бірнеше рет сырқаттануы мүмкін. Соңғы кезде жедел ішек инфекциялары жиі тіркеледі. Одан кейін, құрсақішілік инфекциялары, менингиттер, энцефалиттер де кездесіп қалып жатыр.

Жаз мезгілі – демалыс маусымы. Адамдар тынығу үшін суға шомылады, тауға серуенге шығады. Энтеровирусты инфекциялар су арқылы да жұғады. Тауда кене болатыны белгілі. Кене шаққанда «кене энцефалиті» деген жұқпалы ауру шығуы мүмкін. Отандық медицина осы ауруларды бақылап, алдын алуға арналған іс-шараларды үнемі жүргізіп отырады.

  • Атын естігеннен-ақ денеміз түршігетін аурулар бар. Солардың бірі – менингит жайында ара-тұра әңгіме шығып қалады. Бұл ауру қаншалықты қауіпті?
  • Менингит ми және жұлын қабықшаларының қабынуынан пайда болатын жұқпалы ауру. Менингит ауруын вирустар мен бактериялар қоздырады. Дене қызуының жоғарылауы, қатты бас ауру сезімі, қайталап құсуы аурудың алғашқы белгілері.

Егер баладан байқалса, дәрігерге көрсеткен жөн. Ол менингеальдық белгілерді анықтап, әрі қарай жүргізілетін зерттеу жоспарын құра алады. Емдеу шаралары кешіктірілсе, бала денсаулығына қауіп туады. Бас миының ісінуі, тырыспа, сандырақтау сияқты белгілеріне тап болады.

  • Жаз айы – балмұздақ айы. «Тамағым ауырып қалады, ангинам қозып кетеді» деп жатады. Ол да соншалықты қауіпті ме?
  • Ангина немесе «баспа» ауруы инфекциялық аурулар қатарына жатады. Ол бадамша безінің қабынуынан болады. Аурудың түрлері көп. Іріңді, саңырауқұлақтың түрлері бар. Клиникалық белгілері – ауру сезімі, қызаруы, бадамша бездердің ұлғаюы және әртүрлі жабындылардың пайда болуы. Дәрігердің бақылауынсыз ем қабылдауға болмайды. Асқынып кетсе, басқа ағзаларға зиянын келтіреді.
  • Ұшық неден пайда болады? Ұшық шықса елемей жүре берген дұрыс па?
  • Медицина тілінде «герпес инфекциясы» деп аталады. Герпес инфекциялары екі үлкен топқа бөлінеді. Тері мен шырыш қабаттары және жыныс жолдарында кездесетін терпес инфекциясы. Адамдар арасында герпес инфекциясының қоздырғышы кең тараған. Ол адамның барлық жеріне залал келтіреді. Сондықтан оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Герпес инфекция, цитомегаловирусты инфекциялар құрсақішілік инфекциялар қатарына жатады.
  • Жұқпалы ауруларға халық емін жасауды қолдайсыз ба?
  • Қазір медицинада «фитотерапия» деген ұғым бар. Шөп дәрілердің көмегімен науқастарды емдеп жазады. Медицинада қолданып жүрген химиялық дәрілердің құрамында шөптер кездеседі. «Халық емін кім жүргізді?», «Қандай әдісті қолданды?», «Ол ғылыми тұрғыда толық зерттелген бе?», міне, осы сұрақтардың жауабынан кейін нақты айта аламыз. Менің тәжірибемде балалар халық емінен кейін қайтадан дәрігерге қаралып, тәуір болып кеткендер бар.
  • Кейбір адамдар балаларының дене қызуы көтерілсе, дәрігердің рұқсатынсыз өздері қолдан ем жасайды. Бұл туралы не айтасыз?
  • Сіз айтқандай, баланың қызуы көтерілсе, дәрігердің рұқсатынсыз өздері таблетка бере салатын ата-аналар жиі кездеседі. Ол дұрыс емес. Міндетті түрде білімді, санатты дәрігерге көрсетіп, кеңес алған дұрыс. Дәрінің мөлшері болады. Баланың жасы мен салмағына байланысты ем-домды дәрігердің рұқсатымен ғана жасау керек. Сөз соңында айтарым, ауырмаудың жолын іздеу керек. Салауатты өмір салтын сақтап, дұрыс тамақтанып, дер кезінде профилактикалық зерттеулерден өтіп тұрған жөн.

Жазып алған Гүлдана Нұрлыханова.

«Ақ желкен»  журналы, №7.

 

 

 

 

Share This Class:

Яндекс.Метрика