Климакстық кезең негізгі үш кезеңге бөлінеді.

Пременопауза – соңғы етеккірге дейінгі кезең. Әдетте 40-50 жастан кейін басталып, 15-18 айға созылады. Бұл уақытта ақырындап  аналық ұрықтың қызметі, овуляция (ұрықтану) тоқтап, ұрықтану күрделі мәселеге айналады. Етеккір уақытының арасы ұлғайып, етеккір мөлшері азаяды. Пременопауза біркелкі емес етеккірден соңғы етеккірге дейін жалғасады.

Бұл кезде әйелде климакстық кезеңнің белгілері пайда болуы мүмкін: бас ауруы, ыстықтау (аяқ астынан бет, мойын, көкірек қызып, 2-3 минутқа созылуы, көбінесе кешкі уақытта), жүрек соғысының жиілеуі, көңіл-күйдің түсіп кетуі немесе тез өзгеруі, кіші дәретке жиі шығу, әлсіздік, төсек қатынасына белсенділіктің төмендеуі, қынаптың ылғалды қабатының құрғауы секілді белгілер кездеседі. Ыстықтау, қызу орта есеппен 1-2 жылға, көбімен 5 жылға созылады.

Менопауза – соңғы етеккір келгеннен кейінгі жыл. Менопауза орта есеппен 50-53 жастағы әйелдерде өтеді. Бұл уақытта ФСГ (фоллитропин гормоны) мөлшерінің жоғары болуы, остеопроз бен жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қанты диабеті мен семіздік байқалады.

Постменопауза соңғы етеккір келгеннен кейін бір жылдан кейін басталады. Бұл кезеңде ФСГ мөлшері бұрынғыша жоғары мөлшерде қалады. Қандағы және зәрдегі ФСГ мөлшерінің көбеюі лабораториялық зерттеулер нәтижесінде ол кезеңнің жеткенін көрсетеді. Климакстық кезеңдегі белгілердің бәрі бұл кезде жойылады.

Бөлісуді ұмытпа

Яндекс.Метрика