Гипофизарлы нанизм (ергежейлілік) — бұл ағзадағы соматотроп гормонының жеткіліксіздігі салдарынан бой өсуінің және физикалық дамудың тоқтауы.
Ергежейлілік, нанизм (грекше nannos – ергежейлі) –— адам бойының қалыпты деңгейден төмен болуы. Егер ер адамның бойы 130 см-ден, әйел 120 см-ден төмен болса, ол ергежейлі болып есептеледі.
Себептері
Тұқымқуалауға бейімділік;
- Туа біткен ақаулар;
- Бастан алған жарақттар, сонымен бірге туу уақытында болған жарақаттар
- Гипофиз ісігі
- туберкулез, сифилис, саркоидоз секілді дерттер
- Сәулелік немесе химиятерапия қабылдау
Десек те, ергежейліліктің 60% астамының себебі анықталмай келеді.
Не болады?
Тиісті гормон тапшылығы бар балалар туғаннан бастап дені сау балалардан айырмашылығы болмайды. Аурудың алғашқы белгілері, бала 2-3 жасқа келіп өз қатарластарынан бой жағынан кейін қалып бара жатқанда байқалады. Бой өсу жылдамдығы күрт төмендеп, жылына 3-4 смден аспайды (қалыпты жағдайда жылына 7-8см).
Сонымен қатар, мынандай белгілері де байқалады:
- Қаңқа дамуының тежелуі және тіс дамуының бұзылысы;
- Бұлшық ет жүйесінің әлсіз дамуы;
- Жыныс мүшелерінің дамымай қалуы;
- Артериялық гипотонияға бейімділік
- Гипофиз ісігі болған жағдайда көру қабілетінің нашарлауы
Диагностика және емдеу
Диагнозды нақтылау үшін төмендіг іс-шаралар жүргізіледі:
1.Өсу гормонына қан және несеп талдауын жүргізу. Қажетті анализдердің тізімін гормоналды сынақ жүргізетін дәрігер анықтайды. Сынақ келесідей тәсілмен жүргізіледі: гормонның қанға өту мөлшерін анықтап, науқас дәрілерді қабылдайды және біраз уақыт өткеннен кейін қайта анализ тапсырады.
2.Гипофиз көлемін анықтау үшін бассүйек және түрік ершігіне рентгенография жасайды. Қажет жағдайда МРТ (магнитті-резонансты томография) немесе КТ (компьютерлік томография) көмегімен гипофиз бен ми айналасын анықтап көруге тура келеді.
Емді эндикринолог-дәрігер тағайындайды. Ағзадағы Өсу гормонын қалпына келтірудің негізгі тәсілі – жасанда өсу гормонын ұдайы пайдалану.
Ем-дом жүргізілгеннен кейін науқастың бойы жылына 3,5-4 см емес, 8-12 см-ге дейін өседі. Жыныстық жетілу уақытында ем қатарына жыныстық гормондар қосылады. Өсу гормонының жеткіліксізідігі 10-20 пайыз жағдайда қалқанша безі гормонының жеткіліксіздігімен сипатталады. Ондай кезде қалқанша безі гормоны қоса тағайындалады.
Тағайындалған емнің нәтижелі болуы ауру себебін дәл анықтауға байланысты.