Балаға әке-шешеден берілетін, тұқым қуалайтын кеселдердің бары да белгілі. Оларды туа біткен аурулар, — деп жатамыз. Сондай сырқаттардың «алдыңғы шептегілерінің» бірі — венералық індеттер, оның ішінде мерез (сифилис) Мұндай дерт біреуден біреуге негізінен жыныстық қатынас арқылы беріледі. Ерлі-зайыптылардың «серілік» құрып, бір-бірінің көзіне шөп салуы, кездейсоқ төсек ләззаты – кеселге тап болудың бірден-бір жолы. Мерезге де, созға да көбінесе мастар ұшырайды. Ондай кезде ұят-аят, адалдық деген мүлдем естен шығады.
МЕРЕЗ
Мерездің қоздырғышы — бозғылт спирохета (бледная спирохета). Әлгінде ескерткеніміздей, ол негізінен жыныстық қатынас арқылы жұғады. Алайда кейде басқа жағдайда да ұшырап қалуыңыз ғажап емес. Мәселен, мерезге шалдыққан кісімен сүйіскенде, бір ыдыс-аяқпен ас-су ішкенде, шылымының қалдығын тартқанда, т.б. Ауру жұққанан кейін білінгенше арада 3-4 аптадай уақыт өтеді. Бұл мезгіл сырқаттың жасырын кезеңі, инкубациялық кезең деп аталады. Бірақ мерезге ұшыраған адам осы «жасырын кезеңнің» өзінде-ақ басқалар үшін қауіпті, оның ауруы өзгелерге жұға береді (мысалы, төсектес жұбына).
Қалай білінеді?
Алдымен дененің микроб енген тұсына кішкентай жара шығады. Бұл жараны «қатты шанкр» дейді. Осы қатты шанкрға таяу лимфа түйіндері ісініп, ұлғаяды. Мерездің бастапқы кезеңіне тән белгілер, міне, осы. Сырқаттың екінші кезеңінде спирохета қан және лимфа түйіндері арқылы бүкіл тәнге жайылады. Науқастың денесін кызғылт дақ, түйін, ұсак ірінді жара басып кетеді. Бөрткендер бір жарым айдай уақыттан соң өзі-өзінен кетіп қалады. Бұл алайда аурудың айыққаны емес. Оларға бір жарым, үш айдан уақыт салып, бөрткен қайтадан қаптайды. 3-5 жылға дейін мерез осылай «тиіп қашып, тиіп қашып» жүре береді. Байқамаған, сақтанбаған жағдайда ауру басқаларға жұғады (науқас кісіден).
Қатері қандай?
Егер ауру адам емделмесе ішкі ағзаларына, жүйке жүйесіне зақым келеді. Ақыл-есінен айырылуы, соқыр болып қалуы. тіпті өліп кетуі де әбден ықтимал. Ең бастысы – мерез науқастың өзімен кетпей, сөз басында айтылғандай, оның тұқым – тұқиянына беріледі, ұрпағынан-ұрпағына жалғасады (емделмеген жағдайда).