Климакстың басталғанын дер уақытында қалай анықтауға болады?

Әр әйелдің өмірінде белгілі бір уақытта ағзадағы табиғи гормондардың қайта құрылуына байланысты қиын кезеңді басынан өткізеді. Жас ұлғаю белгілерімен бірге, әйелдің жыныстық ұрықтану жүйесінде бала табу, сосын етеккір қызметі тоқтайтын физиологиялық кезең – климакс деп аталады. Грек тілінен аударғанда «саты», «баспалдақ» деген мағынаны білдіреді.

Климакс қандай кезеңдерге бөлінеді?

Климакстық кезең негізгі үш кезеңге бөлінеді.

Пременопауза – соңғы етеккірге дейінгі кезең. Әдетте 40-50 жастан кейін басталып, 15-18 айға созылады. Бұл уақытта ақырындап  аналық ұрықтың қызметі, овуляция (ұрықтану) тоқтап, ұрықтану күрделі мәселеге айналады. Етеккір уақытының арасы ұлғайып, етеккір мөлшері азаяды. Пременопауза біркелкі емес етеккірден соңғы етеккірге дейін жалғасады.

Бұл кезде әйелде климакстық кезеңнің белгілері пайда болуы мүмкін: бас ауруы, ыстықтау (аяқ астынан бет, мойын, көкірек қызып, 2-3 минутқа созылуы, көбінесе кешкі уақытта), жүрек соғысының жиілеуі, көңіл-күйдің түсіп кетуі немесе тез өзгеруі, кіші дәретке жиі шығу, әлсіздік, төсек қатынасына белсенділіктің төмендеуі, қынаптың ылғалды қабатының құрғауы секілді белгілер кездеседі. Ыстықтау, қызу орта есеппен 1-2 жылға, көбімен 5 жылға созылады.

Менопауза – соңғы етеккір келгеннен кейінгі жыл. Менопауза орта есеппен 50-53 жастағы әйелдерде өтеді. Бұл уақытта ФСГ (фоллитропин гормоны) мөлшерінің жоғары болуы, остеопроз бен жүрек-қантамыр жүйесі аурулары, қанты диабеті мен семіздік байқалады.

Постменопауза соңғы етеккір келгеннен кейін бір жылдан кейін басталады. Бұл кезеңде ФСГ мөлшері бұрынғыша жоғары мөлшерде қалады. Қандағы және зәрдегі ФСГ мөлшерінің көбеюі лабораториялық зерттеулер нәтижесінде ол кезеңнің жеткенін көрсетеді. Климакстық кезеңдегі белгілердің бәрі бұл кезде жойылады.

Климкстық кезеңнің басталғанын қалай анықтауға болады?

Климакстық кезеңнің басталғаны әр адамның жеке ерекшеліктеріне қатты тәуелді. Сондықтан еңдұрыс шешім дәрігер-эндокринологтің көмегіне жүгіну. Әрбір әйел, жасына қарамастан, әр алты ай сайын гинекологтың қарауына бару керек.

Десек те, әйелдер климакс кезінде жұмыс істеп жүреді де, үнемі анализ тапсыру, ары-бері тексеріліске сұрана беруге ыңғайсызданады. Климакстық кезеңнің басталуын бақылау үшін пременопаузаны үй жағдайында анықтауға болатын жалпыға қолдетімді әдіс-тәсілдер бар.

Frautest menopause – бұл жүктілік пен овуляцияны анықтауға арналған тест жасап шығаратын компаниялар шығарған, менопаузаға арналған тест. Ол тестің негізгі міндеті  зәр құрамындағы ФСГ мөлшерін анықтауға негізделген.

Менопаузаға тест жасауды қай уақытқа белгілеген жөн?

Цикл бойына ФСГ көлемі тербетіліп, бірқалыпты болмайды. Сондықтан диагнозды дұрыс қою үшін араға апта салып екі рет өткізген жөн. 2-3 рет екі сызық көрсеткен тест пременопаузаның жақындап қалғанын көрсетеді.

 

Нәтижесін қалай шығару керек?

Араға апта салып жасалған екі сызық көрсеткен 2-3 тест сіздің пременопауза жағдайында екеніңізді, гинеколог-эндокринолог дәрігердің қабылдауына жазылуыңыз керектігін меңзейді.

Егер, климакстың белгілері бар, бірақ тест бір сызық көрсетсе, тнстілеуді 2 айдан кейін қайта өткізу керек.

Егер климакс белгілері байқалмай, тест бір сызық көрсетсе, келесі тестілеуді 6-12 айдан кейін жүргізсеңіз болады.

Кей жағдайларда алғашқы тестілеу екі сызықты, екінгі тест бір сызықты көрсетуі мүмкін. Ол қалыпты жағдай, ФСГ мөлшері өзгеріп отыруы мүмкін. Ондай жағдайда 2 айдан кейін тестілеуді қайталау керек.

Кейбір әйелдер алдын-ала хабары болмағандықтан климакс құбылысынан қорқады. Оларды ағзадағы гормоналды өзгерістер шошытып, оның соңы неге апарарын білмейді. Бірқалыпты өмір салты бұзылады. Сондықтан ол жаста ол кезеңнің мәселелерімен алдын-ала танысып, заманауи ғылымның жетістігі – тестілеуді өз бетінше жүргізіп, қажет жағдайда дәрігерге көрінуі өте маңызды.

 

More To Explore

Share This Class:

Яндекс.Метрика